Францияда Қазақстанның спорт менеджменті саласындағы халықаралық EMBA бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табысталды
Францияда Éklore-ed School of Management (Франция) мен Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) бірлесіп жүзеге асыратын EMBA in Sport Management халықаралық қос дипломды бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Бұл – Қазақстандағы тек спорт саласының басшылары мен жоғары буын жетекшілеріне арналған халықаралық деңгейдегі алғашқы Executive MBA білім беру бағдарламасы.
Диплом табыстау рәсімі түлектер үшін ғана емес, отандық спорттық білім беру жүйесінің дамуы жолындағы маңызды кезең болды. Бағдарлама еуропалық басқару тәжірибесін қазақстандық кадр даярлау жүйесімен ұштастырып, еліміздің спорт индустриясының болашағын айқындайтын басшыларды даярлауға арналған бірегей білім беру алаңын қалыптастырды. Биыл бағдарламаны Қазақстанның спорт саласындағы 18 басшы сәтті аяқтап, халықаралық EMBA in Sport Management бағдарламасының алғашқы түлектері атанды.
Оқу екі елде ұйымдастырылды. Бағдарламаның бірқатар модульі Францияда Éklore-ed School of Management оқу орнының жетекші профессорларының қатысуымен өткізілсе, қалған бөлігі Қазақстанда Қазақ ұлттық спорт университетінде жүзеге асырылды. Осындай оқыту форматы тыңдаушыларға спортты басқарудың заманауи үлгілерін, спорт маркетингін, спорт экономикасын, халықаралық спорт құқығын, әлемдік деңгейдегі ірі спорт жарыстарын ұйымдастыру тетіктерін және Еуропаның жетекші спорт ұйымдарының үздік тәжірибелерін меңгеруге мүмкіндік берді.
Бағдарлама аясында тыңдаушылар әлемдегі ең ірі көпкүндік веложарыс – Tour de Franceдодасын ұйымдастыру жүйесімен танысып, халықаралық ауқымдағы спорттық іс-шараларды басқарудың, мемлекет, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары және жанкүйерлермен өзара іс-қимылдың заманауи тәсілдерін зерделеді.
Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиеваның айтуынша, халықаралық бағдарламаның іске қосылуы Қазақстанның спорт саласына басқарушы кадрлар даярлау жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болды.
«Бүгінде спорт саласына тек жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар ғана емес, стратегиялық тұрғыдан ойлайтын, халықаралық басқару стандарттарын енгізе алатын және жаһандық бәсекелестік жағдайында спорт ұйымдарын тиімді дамытатын кәсіби басшылар қажет. Éklore-ed School of Management-пен бірлескен бағдарлама тыңдаушыларымызға Еуропаның озық білім беру тәжірибесіне, халықаралық сарапшылардың біліміне және кәсіби байланыстар желісіне жол ашады. Біз қазақстандық спортта жаңа басқару мәдениетін қалыптастыратын көшбасшыларды даярлап жатырмыз», – деді Тұрсынзада Қуанғалиева.
Бағдарламаның алғашқы түлектерінің бірі – Қазақстан паравелоспорт федерациясының президенті Кенжеғұл Сейтжан.
«Бұл бағдарлама спортты басқару туралы көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Біз заманауи білім алып қана қоймай, еуропалық спорт ұйымдарының нақты тәжірибелерімен таныстық, халықаралық сарапшылармен пікір алмастық және әлемдік деңгейдегі спорт индустриясының қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көрдік. Ең бастысы – қазіргі тиімді спорт менеджменті стратегия, талдау, маркетинг, қаржы және халықаралық ынтымақтастықтың үйлесіміне негізделетінін түсіндік. Бұл білім мен дағдыларды Қазақстандағы спорт ұйымдарының жұмысын жетілдіруге қазірдің өзінде пайдалануға болады», – деді бағдарлама түлегі.
EMBA in Sport Management халықаралық қос дипломды бағдарламасы – Қазақстандағы спорт менеджменті саласындағы алғашқы осындай деңгейдегі білім беру жобасы. Бұл бастама Қазақ ұлттық спорт университетінің әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасу, жаңа буын басшыларын даярлау және спорт индустриясындағы адами капиталды дамыту бағытын айқындай түседі.
Бүгінде бағдарлама түлектері екі жоғары оқу орнының дипломымен қатар, Қазақстанның бәсекеге қабілетті спорт экожүйесін дамытуға қажетті халықаралық деңгейдегі кәсіби құзыреттерге де ие болды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0