Ойжұмбақ 2: қазақ тілінде дыбысталған тағы бір туынды көрерменге жол тартты
«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі ертеңнен бастап кинотеатрларда көрсетіледі.
«Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы өзінің Facebook-тегі парақшасында «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі туралы жазды.
Оның айтуынша, бұл қазақша дубляж саласына серпіліс берген қуанышты жаңалық болды.
«Бүгін Disney мен Pixar студияларының «Ойжұмбақ 2» (Inside Out 2) анимациялық фильмінің тұсаукесері өтіп жатыр. Біздің көрермен Disney премьераларын үнемі асыға күтеді. Бұл жолғы дубляждың жөні бөлек. Disney алғаш рет қазақша дубляжды өз есебінен қаржыландырып отыр. Бұл қазақша дубляж саласына серпіліс берген қуанышты жаңалық болды», - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Компания жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын ұсынады. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына енуі – біз үшін маңызды оқиға, жақсы жаңалық.
«Тіліміздің тартымдылығын арттыру және оның балалар мен жастар арасындағы қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған өте тиімді тәсіл. Енді біз көрермен ретінде қазақша дубляжға сұраныстың бар, қызығушылықтың жоғары екенін көрсетуіміз керек.
«Ойжұмбақ 2» фильмінің дубляжында жаңалық көп. Балалар арасында сирек айтылатын төл лексикамызды ұтымды қолданған екен.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдіреді. Disney-дің бұл бастамасы өзге де мазмұн жасаушыларға үлгі болуы керек деп санаймыз. Мұны тілді қолдаудың жарқын мысалы ретінде барынша кеңінен насихаттап, таратуымыз керек.
«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі ертеңнен бастап (13 маусым) кинотеатрларда көрсетіледі. Балаларыңызбен бірге көріп, пікір айтып, көрермен санын арттыруға, қазақша дубляжды қолдауға шақырамыз!
«Ойжұмбақ 2» (Inside Out 2) анимациялық фильмінен бөлек, Disney студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» деп аталатын фильмдерін де қазақ тіліне аударды. Олардың релизі қараша айына жоспарланған», - деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?