ЕСБОЛАТ АЙДАБОСЫН. БҮКІР (РОМАН)
Бүкір
(ат туралы аңыз)
1-БӨЛІМ
Таудың қары кетіп, тасы қыза бастаған, тоң жібіп, көк қылтиып шыққан көктемнің бір күні еді. Тентектің суы аяқ асты көтеріліп, аласұрып жатты. Мал-жан өзен арнасынан аулақтау кеткенмен бір топ атты төңіректеп жүр. Жүздері сынық, жүріс суыт. Топталып алып кеңес құрады, тым-тырақай бытырап, бірі – өрге, екіншісі – ылдиға шабады. Әлден уақытта жиыла қалады, сосын қайта шашырайды. Осы кезде буырыл жорғаға мінген біреу пайда бола кетті.
...Әуелі қарсы беттегі құба жонның жалына жармасқан. Қоқиланып айналаны көзбен сүзген. Сонан қайта ылдилаған.
Буырыл жорға жұтынып-ақ тұр екен, жыланша лыпыл қағады жануар. Сиыр соқпаққа сыймай тайпалған күйі тасыған өзенге тақап барған. Көрген жұрт әлі күнге таңғалып жүр, аттылы адам екпінін бәсеңдетпепті, керісінше үдеткен сыңайлы. Қарсы алдында жайнаған от болмаса да, қайнаған өзен жатыр бұрқырап. «Енді қайтер екен?» – деп отырған тұрып, тұрған атына мініп, кеңірдек созып, көз тіккен. Ат та, ат үстіндегі адам да тайсалмапты. Таудан құлдилаған күйі тасқын суға қойып кеткен.
***
Күні кеше жылқышылар осы маңда қиқулап жылқы қуып жүрген. Қыстай Аңырақай жазығын жайлаған үйірлерді біртіндеп тауға кіргізген де, басқа не қылсын?! Көктеуден ертерек қозғалып қойғанын іш құрғыр сезеді-ау, бірақ қылқұйрық мініп, құрық сүйреткеніне мәз болған желөкпедегі желік дес берсін бе?! «Тауға ертерек шығайық, шөп тобықтан асыпты, қойшылар да қозғалып жатыр», – деп бір-бірін қайрап баққан, сырқаттанып жатқан бас жылқышыны да көндірген. Қай үйірді қай жолмен айдаудың жай-жапсарын айтып бас жылқышы бас қатырмаған болар. Жасынан мал арасында өскен шәкірттеріне сенген ғой, «өздері білер, қазымырланып жатпайын» дегені шығар. Сөйтсе де, көңілі алаң. Сол алаң тегін болмады. Жастар жастығын істепті. Бір-бір үйірдің соңына түсіп, бықпырт тигендей шетінен тауға қарай қуған. Арасында асылтұқымды екі үйір бар. Селекциядан өткен кілең тазақанды биелердің бір тобын – Дауыл, екіншісін – Ақкекіл деген айғыр қайыратын. Дауыл – күллі әлемге әйгілі Норсерн Дансердің* тұқымы, араға неше ата салса да, тегі мықты екен, бітім-болмысы арғы «атасынан» аумай қалған. Ал Ақкекіл Сильванер* деген ағылшын тектес жүйріктен тамыр тартады. Өздері де – біраз бәйгіні алған саңлақ. Соңғы жылдары бірінің – сүйегі ауырлап, екіншісі – аяқтан қалған соң бар қайраты бие қуып, үйір қайыруға кететін. Жүйріктігі қара басына бітер кей айғырдай емес, тұқымы асыл екен екеудің де. Құлындарының алды бәйгі алып үлгерді. Биыл да жақсы құлындар түскен, кенже туар кейбірінің құйымшақ қылы көтеріліп, уыс толтырар желін тастағаны да бар. Қас қылғанда тура сол екі үйірді жас жылқышылар Тентектің бойымен айдапты.
*Норсерн Дансер – 1961 жылы туған ағылшын тектес жүйрік айғыр. Канада елі атынан түрлі деңгейдегі ат жарысына қатысып, жеңімпаз болған. Тұқымы Еуропа мен Азияның бірнеше еліне, соның ішінде Қазақстанда кеңінен таралған.
*Сильванер – 2008 жылы туған ағылшын тектес жүйрік айғыр. Германия атынан бәйгіге қосылды. Түрлі қашықтықтағы ат жарыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы.
***
Тентек – таудан құлап ағатын, жазыққа шықса, жылап ағатын шағын өзен. Ағыны қатты болғанымен адымы – қысқа. Тау ішінде теңізге жетпей тынбайтындай «кеуде» кергенімен етекке түсісімен жуасып сала береді, көп ұзамай Қопаның борпасына сіңіп жоқ болады. Бастауында жалғыз сарқырама тұр. Жол бойы бір-екі қайнар ғана жанасады, қалғанының бәрі – сол сарқыраманың сарқыты.
Тентектің аты ғана емес, заты да – тентек. Суы ойда-жоқта көтеріледі. Басқа өзендер көктемде бір тасып алып, қапырық жаздан қара күзге дейін сабасына түсіп, сабырын табады. Ал Тентек үшін бәрібір. Жаз ба, күз бе, күн бе, түн бе, қарап жатпайды. Тасимын десе, таси салады. Тау басына бұлт үйірілгенін, жаңбыр жауғанын да күтпейді. Әуелі суы ақшыл тартып, шорылдақтар маңайы көпіршіп тұрады. Құдды өзен бастауына әлдедебір әпербақан сусабын төгіп тастағандай кейіпте. Содан кейін суы ептеп суып, көтеріле береді, көтеріле береді... Бір кезде сарылдап-гүрілдеп ала жөнеледі. Сырдескі ауыл жұрты Тентектің түрі сұрланып, суы бұзылған сәттен қашуға қамданатын. Сай табанынан малын айдап, беткейге қарай өргізеді, өзен бойынан бүлдірген терген, суға шомылған бала-шағаны қоса қуады.
«Бұл Тентек – тегін тентек емес, тамыры жерасты теңізіне байланған тентек. Жерасты суы көтерілгенде артық суын Тентек арқылы төгіп отырады», – деп сөйлейтін ауыл шалдары. Есепке жүйрігі жылына Тентектің тентектік танытқан сәттерін еске алып: «Былтырғыдан биыл көптеу болды» немесе «аздау шықты», – деп саусағын бүгіп жіберіп, санағын жүргізеді.
Иә, Тентектің өзі – тентек, ал бірақ жанамалай жүретін жолы – жайлы. Жықпыл, қорысы жоқ әрі төте. Сол себепті жайлауға барып-келетін аттылы адам да, көлікті көш те көбіне-көп осы жолды таңдауға құмбыл. Бірақ жүрмес бұрын алдымен Тентектің ағысын аңдып, суын барлайды.
...Жылқышылар «буаз биелерді зорықтырып қинамайық» деген болар, әйтеуір қия-қапталы көп Ырғайтының сайымен емес, Тентектің бойымен өрлеуді қош көріпті. Атқа мінген адамның кеудесі өсіп, көкке қарап қалады емес пе, әрі «жайлауға бұрын жетсек, жақсы жұртқа қонсақ, бие байлап, қымызмұрындық берсек, таудың арқар-елігін басқа емес, өзіміз үркітсек» деген өркеуде ой еліктіріп-желіктіріп жіберген болар, өзеннің түсі бұзылып, түнеріп тұрғанын байқамаған. Арқырап-сарқырап келіп қалғанда бір-ақ көрген. Жалма-жан жылқы біткенді тау беткейіне қуалап, әрең дегенде тасқыннан аман алып қалған. Құлама жардың астына екі үйірді қамап, жан шақырған. Сонан соң барып әлгінде ғана жолда бошалап қалған құла биені еске алған.
***
Тасуы тез Тентектің басылуы да тез еді әдетте. Аяқ асты сап тыйыла салады. Бірақ бұл жолы түнімен атқақтап ақты.
Құла бие құлындады ма, әлде құлындамады ма? Құлындаса, құлыны қайда? Құлынын қойшы, өзі қайда? Бәрін айт та, бірін айт, әлгі бір буырыл жорғамен құлдилап келіп тасқын суға қойып кеткен кісі қайда? Ол өзі кім еді? Суға түскенін көргендер бар, сол көргендер арғы жағалауға жүзіп шыққан-шықпағанын көрмеген сыңайлы. Бірақ небір әңгімені гөй-гөйлетіп айтып жатты солар. «Аттылы адам суға кетті» деген сөз әл-әзір ауылға жете қойған жоқ, жетпеген себебі оның растығына ешкімнің көзі жетпейді, көз жетпеген соң көңіл сенбейді. Жылқышылардың да көкейі күпті. Астындағы аты болдырған соң бір-бір мотоциклге бұт артып әбден шапқылады байқұстар. Қарайған бірдеңе көзге шалынса, дарылдатып жетіп барып, хабарын алды. Осылайша, түнімен көз ілмеді.
Таңға жуық Тентектің шуы басылған. Шудың басылғаны – судың да басылғаны. Жас жылқышылар түнімен тыныққан аттарын мініп арғы бетке өтем дегенше буырыл атты адамның өзі де көрінген. Өңгерген құлыны бар. Тау жыланындай қарагер құлын, жаратқан маңдайына жарқыратып төбел салыпты, артқы екі аяғы ақбақай екен. Әкесі – жирен, шешесі құла еді, ал мынаның түр-түсі бөтен. Жылқышылар аздап таңырқады. Бірақ бір кейпі шешесіне келетіндей ме қалай?! Күдікті сенімге жеңдірді әйтеуір. Құлынның үсті-басы малмандай су, дірдек қағады. Әлгі кісінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Шешініп киімін сықпапты, шешіліп те сөйлемеген. «Сендер бара беріңдер. Мен бір айналып соғармын», – деп тізгін тежеген. Топтан сытылып шығып, Тентекке қарай тартып отырған. Жетім құлынды көтерген жылқышылар ауылға жеткен соң екінші бір «тасқын» басталды. Бұл жолғысы – сөздің тасқыны. Тентектің арнасынан асқаны, тазақанды Дауыл мен Ақкекіл үйірінің ағысқа ұрынғаны, құла биенің суға кетіп, қарагер құлынның аман қалғаны, атқақтап аққан суға тайсалмай кірген буырыл атты адамның мықтылығы ауыздан-ауызға көшіп, ауылдан-ауылға жеткен. Қаладан бастық келген, ұжымды түгел шақырып жиналыс ашқан. Дікеңдеп ұрсып, дүрсілдетіп үстелді ұрған. Атқарушы директорға сөгіс беріпті. Төтенше жиналыс төсек тартып жатқан бас жылқышыны да аямапты, суға кеткен биені мойнына ілген. Бұл ақпаратты көңілін сұрап келген жас жылқышылар жеткізді.
– Кінә бізден ғой, – деп бірі желкеcін қасып жерге қарады.
– Әлгінде ақылдастық, жылу жинап өзіміз өтейміз, уайымдамаңыз, – деп екіншісі қамкөңіл бола қалған. Қарт жылқышы атбегілік өнердің осы аймақтағы соңғы тұяғы болатын. Мырс етіп зілсіз күлген. Ол күлкі алдында отырған жастардың тазалығына деген ырзалық күлкі ме, әлде ашулы басшының шолақ шешіміне берген жауабы ма, ешкім парықтамады. Ой буған кезде түйіліп, тұйықтала қалатын әдеті еді, бұл жолы да өзімен-өзі үнсіз алысып кеткен.
***
Қарт жылқышы қапалы. Жүйрік туар құла биеден айырылғанына қалай күйзелсе, аттың құнын ақшамен өлшейтін бай-бағланның қылығына солай күйінген. Төккен тер, неше жылғы еңбекті бір биеге тең көрмегеніне және налыды. Күні кеше емес пе еді, Көкбастауда өткен атжарысынан соң облыс басшысының өзі келіп қолын алғаны. Галстук таққыш, есік ашқыш, қошемет айтқыш тайқы маңдай, жылтырбеттің біразын қасына ертіпті. Әкім сөйлесе – бас изейді, тұрса – үйіріледі, жүрсе – ілеседі. Жасанды қылықтарын жақтырмады сол бір жалбақай немелердің. Қосқан екі аты қатар келіп масайрап тұрғанда олардың «ел намысы, облыс абыройы» дегендей мақтау-мадағына да ісіп-кебе қоймаған. Аты бәйгі алған атбегі мен салған құсы түлкі ілген аңшы әкім түгілі ханға сәлем берсін бе?! Топтан сытылып шығып, ат жетектеп жүрген балаларға қарай аяңдады. Артынан бастық жеткен алқынып.
– Ойбай, ақсақал, мұныңыз не? Үлкен кісінің өзі іздеп келгенде... Назары ауып, ықыласы түскенде... – деген дегбірсізденіп.
– Е, не бопты?
– Атыңызға қарай кетіп қалғаныңыз қалай?
– Жылқының шабыстан кейінгі көңіл-күйін көруім керек еді, қарағым. Әңгіме керек болса, ауылға келсін, – деп бірден тойтарды. Әкім кеткенше қос жүйрікті айналып-толғанып жүріп алған. Содан кейінгі күндері бастық суықтау амандасатынын сезіп жүретін. Ендігісі – міне!.. Сол бір қылығына кек сақтады ма екен, әлде сөз тасығыш пысықтар бірдеңе деп қойды ма?! «Ауырып жатыр-ау» деп аяушылық танытпапты. Хәлін сұрап өзі келмеді. Кеңсе жағалаған белсендінің бірін де жібермеді. Мұнысы не? Жаза басқан, жолын қиған кезі бар ма? Басқа – басқа, осыны ат спортына алып келген өзі емес пе еді?! «Ақшақұмар банкир едім, атқұмар бапкер қылдыңыз» дегенді аста-төк дастарқан басында шалқып отырып талай айтты емес пе?!
«Жекешелендіру» деген науқандық саясаттың салқыны жылқы зауытына жеткен кезде жылқышы біткен үйірінен адасқан сәуріктің күйін кешкен. Құрығын тастап, құрым етігін шешіп шыға келгендер де бар. Сол кезде ауданға, облысқа барып жүріп, жөн білетіндерге адам салып жүріп, асылтұқымды үйір үшін кіммен алыспады, кіммен шайқаспады? Бірақ бұл шапқылап жүргенде қызылкөзді пәлелер қарап жатпапты, үйірлі жылқыға қасқырша шапқан. Бірін – жетелеп, бірін – тиеп, енді бірін – үйірімен айдап әкетіпті. Ақыры тауысар болған соң таңдаулы бір үйірді екі жігіттің алдына салып тауға қашырып еді. Адам бармас бір қорысқа жасырып қойып, өзі қалаға кеткен. Ісі ілгерілеп тұрған осы кәсіпкерді сонда тапқан. Өмірі атқа мініп көрмеген қаланың майбөксе баласы бастапқыда ештеңенің мәнісін түсінбеді. Түлкі тұмағы мен қайқы мұртына қайта-қайта қарай берген, шамасы, өткен ғасырдың адамын көргендей болса керек. Бірақ дене болбыр болғанымен басы алғыр көрінеді, дереу жиналыс шақырып, оң қол, сол қол, есепші, кеңесшілерімен ақылдасты.
– Инвестиция...
– Жоба...
– Банкрот...
– Процент, – дегендей өзіне таңсық сөздерді естіп, бір бұрышта бұл да отырды. Былғары орындықты сықырлата құйрық қажағандар ақыры оң жамбасқа қарай құлаған. Ертеңіне-ақ өңкиген екі көлікпен ауылға келді, атқораларды көрді, мұны салып алып ауданға барды, одан әрі облысқа... Әйтеуір, бір айға жетер-жетпес уақытта жылқы зауытын мал-мүлкімен қоса жарнамасы жер жарған әйгілі компания сатып алған. Тауда тығып ұстаған жылқыларды сонда ғана айдап түсті. Ақшаның құдіретін де сол кезде көрді. Күні кеше қылқұйрық біткенді сатып-жоюға жанаталаса кіріскен аудан мықтыларының сөз-ләмі өзгеріпті. Құрып-бітуге шақ тұрған жылқы зауытын аман алып қалған кәсіпкерге алғыс айтып, құрақ ұшып жүр. Мұның еңбегін ешкім елемеді, еске де алмады. Оған бола қапаланған жоқ. Жүйріктерін аждаһаның аранынан алып қалғанына разы еді. Бұрынғы жылқы зауыты – жылқы фирмасы болып өзгерді, басқарушы директор тағайындалды. Бұл ескі кәсіп – атбегілікте қала берген. Сол жылы жүйріктері екі көлік ұтты, одан бері де талай бәйгіде қанжығасы майланды. Ақшадан – ақша, көліктен – көлік...
– Ақсақал, салған ақшам қайтты, – деді бастық бір бәйгіден ұтқан темір тұлпардың кілтін сұқ саусағында шыр айналдырып тұрып.
– О, не қарағым, – деді түкке түсінбей.
– Мынау сізге, – деп кілтті қолына берді. Ендігі бәйгіні бөлісіп отырамыз, бәрі сөйтеді екен. 80х20 болады.
– О не? – деді тағы да аңтарылып.
– Сексен пайызы – маған, жиырмасы – сізге... Мысалы, миллион ұтсақ сегіз жүз мың теңге фирмаға қалады, екі жүз сізге... Сіз бар, көмекшілеріңіз бар, жалпы, командаңыз... Өздеріңіз бөлісесіздер. Қалай, келістік пе?
– Келістік!
Бұл арада он жыл өткенде болған әңгіме еді. Содан бері де барлық ұтысты осы үлес бойынша бөлісті. Қалталы кәсіпкер аттың «айықпас дертіне» шалдықты. Оқитыны – ат туралы газет-журнал, көретіні де – сондай кино. Шетелге шыға қалса, баратыны – атшабар. Еуропада өтетін ұшқырлар жарысынан қалмайды. Барған сайын бір-екі ат әкеледі. Кей кездері атағы шыққан арғымақтар үшін аукционға қатысып шашылатыны бар. Шетелдік сәйгүліктерден қолтума жүйріктер де қалыспай шапты. Жалпы, сұрыптау жаман жүрмеді. Асылтекті айғырлардың құлыны бір көліктің құнына сатылып жатты. Бірде-бір рет бастықпен ақшаға бола керіспепті. Ендігісі не, әлде қартайды, қайраты қайттыға санап жүр ме? Не ойлағаны бар өзі? Іші өртеніп бара жатқандай.
– Қымыз әкелші, – деді күбірлеп. Шалының күбірін шәй қамдап жатқан кемпірі ғана естіді. Күбіні күрпілдете пісіп-пісіп жіберіп бір шараға лықылдатып құйды да дастарқан үстіне қойды. Ақырып тұрған асау қымызды келесі сәтте барлығы ашырқанып ішіп жатты. Іштегі өрт сәл-пәл басылғандай.
– Құлынның жайы қалай? – деп әңгімені өзі бастады.
– Сүт беріп жатырмыз, – деген бір шәкірті аузындағы кепкен құртты тамсана талғап.
– Иә, – деді қоштағандай сыңай танытып.
– Емізікпен беріп жатырмыз.
– Иә, – деп қойды тағы да. «Иә» деген сайын ары қарай айта түс деген емеурінді ұққан жас жылқышылар сөйлеп берген.
– Сиырдың сүтін беріп жатырмыз.
– Сүт таппай қиналдық емес пе?
– Елдің ниеті бұзылған. Сеператордан өткен сұйық сүтін ғана береді, кілегейі алынбағанына өлдім десең жолатпайды.
Осыдан арғыны естіп тұруға қарт жылқышының жүйкесі шыдамады білем, шәкірттерін қазір көргендей тесіле қараған. Жас жылқышылар бірсарынды сөздің қай тұсынан сүрінгенін білмей тымырайып қалды. Жан-жағына қарманып әлденені іздеді. Таппады. Қолына бірдеңе ілінгенде біреуін жіберіп ұрар ма еді кім білсін?! Аяғына кебісін іліп, далаға бет алды. Өзгелер үрпиісе-үрпиісе ілесе шықты.
Тау жақтан өкпек жел соғып тұр екен. Кәрі кеудені қарсы қойып терең тыныстады. Кемпірі келіп иығына түйе жүн шекпенін жапты.
– Қамшым қайда? – деген ақырын ғана. Осыны сұрайтынын білгендей кемпірі ала шыққан екен, қойнынан суырған тобылғы сапты қызыл қамшысын қолына ұстатты. Осы қамшымен әлдекімді сабайтын адамдай атқораға қарай адымдап жүрді. Қарагер құлынды қораның қараңғы түкпірінен тапты. Астына сабан төсеп жалғыз қамапты. Өткенде көргендей емес, таралып өсіп қалған, екі құлағын қайшылай соғып, үркексоқтап қарап тұр.
– Кеше мал дәрігері тексерген, – деді ту сыртынан тақалған шәкірттің бірі тағы бір әңгіменің шетін шығарып.
– Бел омыртқасы зақымданған дей ме, бірдеңе дейді, – деп міңгірледі артынша.
– Не? – деді ақырын ғана. – Дауысында шарасыздық бар. Дәл қазір не хабар болсын естуге даяр адамдай сүлесоқ.
– «Тасқын кезінде тасқа ұрылған немесе туабітті бүкір. Ештеңеге жарамайды», – деді ғой.
– Кемтар ғой кәдімгі, өскенде етке өткіземіз, не қойшыларға береміз. Бәйгіге болмаса да, мініске жарайтын шығар, – деп екінші біреуі киліккен.
– Мұндай бүкірлер арбаға мықты болады, – деп қосамжарласты бір дауыс.
– Не? – деді осы жолы да. – Күбірлеп айтты, әлде ішінен сөйледі, тісін шықырлатып қамшысын сығымдай ұстағанын біледі. Артынша сол қамшы ысқыра сілтенген. Желке тұсында тұрып алып балпылдап сөйлеп тұрған ауыздың да обалы жоқ-ау, келер сәтте ойбайлап жатты. Қараңғы қора ішінде екі бүктетіліп бебеу қаққан жігітке – бір, оны сүйемелдеуге ұмтылған екі серігіне және бір қарады да, сыртқа шықты.
Айқай салып бүкіл жұмысшыны үйіріп алған. Бастыққа деген ашу-ыза мен әлгінде қарагер құлынға байланысты жайсыз ақпараттың салқыны ақтарылып сала берген. Сөз естімеген, ескерту алмаған адам қалмады. Ақыр аяғы шабандоз балаларға дейін шықпыртты. Бір уақта айтылар сөз таусылып, ашу-ыза басылғандай болды. Жан-жағын барлады, байқұс жұмысшылар құнжыңдап іске кірісіп кетіпті. Шашылған шөптің бір талы қалмай сыпырылып, бағана ғана бей-берекет жатқан айыр-тырма, ер-тоқым, жабулар өз орнын тауыпты, әп-сәтте атқораның іші жиналып, берекесі кіре қалған. Осының бәрін сырттай бақылап, қаққан қазықша бір орында үнсіз тұрғанын енді аңғарды. Оғаштау қылығына аздап қысылыңқырады. Қасына келген жас шәкірттің біріне күбірлеп әлденені шегелеп тапсырды да, үйіне қарай аяңдаған.
***
– Бүкір құлының бәле болды ғой. Сиырдың сүтіне ендігәрі ерні тимесін деп жатыр.
– Кім айтты?
– Атам айтты.
– Енді не істейміз?
– Қатыныңды сауып бер, – деді ерегісіп. – Не істеуші едің, телисің. Жылқыдағы ең сүтті биені табасың, соған телисің. Көп сөзді қойып жайлауға тарт, кенже туған бір биені жетектеп кел.
– Қай үйірден?
– Торы қасқаның үйірінен, түгел өзіміздің қолтума ғой. Тазақандыларға жолама. Атам солай деді. Онысы дұрыс, сүті – қуатты. Құрығыңа кәрі-құртаң түсіп жүрмесін, сүті сұйық олардың. Бірінші-екінші тумалар өз құлындарын жарытып алса да, жетер, жеті-сегіз жасар, толысқан мамабиелердің бірін әкел. Айтпақшы, жирен, құла, сары дегендер болмайды, табылса – қаракөк, табылмаса, қарагер мен торы бие болсын.
– Е, неге?
– Итім біліп пе? Солай деп тапсырды ғой атам. «Сүті қою болады» деді ме, бірдеңелерді айтты.
– Жылқының сүтіне түр-түсінің қандай қатысы бар екен өзі?!
– Басымды ауыртпай қайқай! Әйтпесе, ендігі қамшыны сен жейсің. Мен кеттім, Айқасқаны апарып берейін.
– Қайда апармақсың? Атам ұрсады.
– Өй, сол атаңның өзі бұйырып отыр емес пе? Деректірдің шарбағына барып байлап кет, – деді әлгінде. Өлген биенің өтеуіне бермек-ау, бірақ басқа жылқы құрып қалғандай неге мұны береді, түсінсем бұйырмасын.
Қарт жылқышының тапсырмаларын толық түсінбесе де, жас жылқышылар мұқият орындаған.
Кешкілік жұмыстан келген атқарушы директорды атышулы Айқасқа жорға кісіней қарсы алыпты. Ал есік пен төрдей көк бие сол күннің кешінде екі құлынды қатар емізіп тұрды.
...Көк биенің сүті екі құлынға еркін жеткен. Телқоңырлардың жұбы күзгі жабағы бөліс кезінде ғана ажырады. Енесі суға кеткен қарагер құлын, шынымен, бүкір болып шықты. Ауыл шараушылығы институтынан келген ветеринар-ғалым алды-артына шығып тағы тексерді. Көзілдірігін алып: «Кифоз, кифоз», – деп басын шайқай берген. Оның бас шайқасынан жас жылқышылар шошына түсті.
– Не? – деді біреуі шыдамсызданып.
– «Құныс» дейді мұны. Бүкір деуге де болады. Туабітті солай.
– Бәйгіге жарай ма?
– «Жарайды» деші құдай үшін. Ақы алсаң да сөйтіп құжаттап берші.
– Жарамайды.
– Қалай жарамайды? Атақты Дансердің тұқымы, әкесі тоғыз рет бәйгіден озып келген. Шеше жағынан да тегі мықты. Сенбесеңіз, міне, қараңыз, – деп айғыр мен биенің құжатын үстел үстіне атып ұрған.
– Енді мен не қылайын? Кемтардың аты – кемтар. Мал түгілі адам да мүгедек болып туады, – деп бір бет параққа әлденелерді шимайлап жазумен болды. – Айтпақшы, бұның әлгі сендер айтқан айғырға қатысы болмауы да мүмкін.
– Не дейді, әкем-ау?! Бұл қалай болғаны?
– Солай! Түрі мен түсі, сүйегі бөтен секілді. Бәлкім, мен қателесермін, бірақ күмәнім бар.
– Қалай сонда?
– Қажет десеңдер қанын Чехиядағы арнайы зертханаға жіберіп тексертіңдер. Болмаса, бір тал қылын алып ДНК сараптама жасатуға болады. Әрине, оған біраз ақша керек.
– Ой, оған ақша қайда? – деп жас жылқышылар тайсақтап қалды. – Қойыңыз, аға! Дауылдың үйірінен. Енесі – өзіміздің қолтума құла бие. Ол да құнанында ат жеткізбеген. Сенбесеңіз, сүйегін салыстырып, өзі қатарлас тайлармен жарыстырып көрейік, – деген, әйтсе де, жеңістік бергісі келмей.
– Мен қайдан білейін, басқа айғыр шауып кеткен шығар. Әкесін айтасыңдар, қан сұрпы шешесіне де ұқсамай шықса, қайтесіңдер, – деп дәрігер иығын қиқаң еткізді.
– Бәсе, «жирен қасқа мен құла биеден қалайша қарагер құлын туды» деп жүрсем. Бұл бір шата болды ғой, – деп әңгімеге директор араласқан.
– Суға кеткен құла биенің теңкиіп жатқан өлігін Қопаның қойшылары көріпті. Ішінде құлыны бар сияқты деп еді. Солардың сөзі рас екен ғой, – деп тағы біреу қосамжарласты. Сонымен, әңгіме тәмамдалған. «Сонда бұның әкесі кім, шешесі қайда?» – деген жас жылқышылардың сауалы жауапсыз қалды. Бәрі күмән мен күдік арқалап үйге қайтты. Қарт жылқышыға болған жайтты айтты.
...Ертеңіне-ақ бүкір жабағы асылтұқымдылар санатынан сызылып, мініске арналған жабы жылқыларға қосылған.
***
2-БӨЛІМ
Қоспа қойын күнде кештеу өргізеді. Өйтетін жөні де бар. Таңғы салқынды пайдаланып, бала-шағасымен жабылып жүріп қой құрттайды. Кейбіріне «крәлін» жағып, жарасына дус сеуіп, ақсақ-тоқсақтың аяғын таңып байлайды. Қораның қи-тезегі шаңнан бетер, қой қуаласаң бітті, аспанға көтеріледі. Қора ішіндегі адам сарыала-торыала болып, қиға аунағандай көміліп шығады. Қоспа – тумысынан тазайын адам. Қағынып-сілкініп, жуынып-шайынбайынша үйге кірмейді. Бүгін де сөйтті. Әйелі ол келгенше самаурынды екі рет қайнатты. Қоспа – шәйқор, сүт қатқан күрең шәйды жақсы көреді әрі ұзаққа сілтейді. Үлкен ұл – малсақ, әкесінің бір жағына шығысып жүгіріп жүреді үнемі. Бүгін де қолды-аяққа тұрмай лыпыл қағып жүр. Апыл-ғұпыл оразасын ашып, дастарқаннан тұра бергенде: «Отыр-ей», – деп зірк етті Қоспа. Әкенің зілді үнінен жасқанып қалған баланың жазылған тізесі қайта бүгілді.
– Өл деген өкімет жоқ. Осы қойдың соңында жүргеніміз үшін орден берсе, берер еді ғой осы уаққа дейін. Сабағыңды оқы.
– Әке, демалыстамыз ғой, – деді бала.
– Демалыста да оқы. Оқымасаң мен секілді жүресің елдің малын бағып. Тілім-тілім болып, тентіреп...
– Қойды өргізіп жіберіп кітап оқимын, – деді бала бұртиып. Әке дауысынан қаталдықтан көрі мейірімді аңғарғандай сенімді сөйледі.
– Өй, кескініңнен айналайын сенің! – деп енді Қоспа еміренді. – Ана телефон деген бәлеге үйір болмашы, құрысын. «Ішінде небір жын-шайтан бар» дейді ғой білетіндер.
– Әке, қарагер құнанды мінейінші.
– Өй, қой. Оны мініп береке таппайсың. Досқа – күлкі, дұшпанға таба болғанша жаяу жүргеніміз артық.
– Өткенде өрістен ұстап алып, жайдақ міндім ғой.
– Ә, не дейді тағы? Құйрығың ойылып қалмады ма?
– Жо-жоқ, арқасына міну ыңғайсыз екен. Сосын есек құсатып артына қарай жайғасып алдым.
– Өй, сен де бір... Ел көрсе не дейді? Қой оныңды, күлкіге қаламыз. Мінсең, дұрыстап мін, атты қорлама өйтіп!
– Жуас екен өзі.
– Жетім құлын ғой байқұс. Қолда өскен. Әй, сен оны қарап қой, қасқыр тартып кетпесін.
– Кеше кешкілік Шолақсайдың ішінде жүрген. Бүгін қоймен бірге айдап қайтайын.
– Сөйт! Бірақ көп мінбе, әсіресе елдің көзінше... Білдің бе?! Біздің мініп алғанымызды аналар естіп қойса, – деп сұқ саусағын шаңыраққа қарай шошайтты. – Бізге ат бермей қояды. Сосын жүреміз атқа жарымай. Олар да бір бетсіз екен, «ат мінгіздік» дейді тағы да аузын толтырып. Жайдан-жай мінгізді дейсің бе, бір жылғы еңбегіме орап берді де. Құнын көрсең құлынды биеден қымбат, қағаз жүзінде... Ал бергені – көтерем құнан, дені сау болса, бір жөн онысы. Ауылға бір барғанда шаңын қақпасам солардың.
– Әй, бермейді олар басқасын. Босқа әуре болма, – деп осы кезде сөзге әйелі араласты.
– Бермесе, есекпен бағам, ана бүкірге мінбеймін, ал неғыл дейсің?! Осының бәріне сен кінәлі, бүкіл малшылар еңбекақысын алуға барғанда мен жете алмадым. Неге? Білесің бе? Сенің кесіріңнен бара алмай қалдым. Қойдан шыға алмадым, малды тастайтын адам болмады. Сен болсаң төркініңе барып, шалжиып жатып алдың. Енді, міне, елдің бәрі еңбекақысын есептесіп тұрып алды, пайдаға кенелді. Біз ғана жарымай жүрген. Мінгенім – бүкір құнан, баққаным – елдің малы, әлде құдай маған өңшең бүкір мен ақсақ-тоқсақ...
Қоспа екпіндей сөйлеп барып кілт тоқтады. Көмейден шықпауы тиіс әлдебір сөз шығып кеткендей. Тағы бірнеше лепес тілдің ұшына байланып қалған. Шәйға салып жібітіп отырған тоқашты малжаңдай шайнағансып отырып қалды. Бұл іркілісті сырдескі бәйбіше сезіп қалған.
– Не қылыпты құдай саған? – деді сызданып. – Қоспа үндемеді.
– Әй, айт, тосылма, – деді әйелі тағы да. – Дауысында жарықшақ бар. Қысыңқы көз одан сайын сығырайып, қабағы түйіле түсіпті. Түрік ерні дүрдиіп, ұрсуға дайын тұрған секілді.
– Тіліңді жұтып қойдың ба, айт, тосылма! Айтпай жүрген сөзің бе, көрмей жүрген көзің бе? Құдай саған не қылыпты? Ақсақ-тоқсақ пен құныс-бүкірді бағуды бұйырып па екен? Соны айта алмай отырсың ғой, бетіме баса алмай отырсың ғой. Өзіңе қара байқұс!
Қоспа үйден тезірек кетпесе болмайтынын түсінді. Шәйға қанбаса да дастарқан басынан асығыс тұрды. Әйелінің қадалған жерден қан алмай қоймайтын, бір оталса, жуырақ маңда сабасына түспейтін бетпақтығын жақсы біледі. Апыл-ғұпыл киініп далаға қашқандай болып шықты. Бұрқ-сарқ қайнап әйелі қала берді. Өрістен атын ұстап әкелді. Осы үйдің бар шаруасына жегілген байқұс торының арқасындағы жауыры жазылмапты. Бұрын қидалауға қимай жүрген еді, осы жолы ішкіліктің екеуін бірдей ойып, тоқымның астына салды. Үй жақтан саңғырлаған ыдыс-аяқпен жарыса бұрқылдап ұрысқан әйел дауысы естіледі. Қоспа мына жерден тезірек қарасын батырғысы келді. Қойторыға қарғып мініп ауылға қарай құйғыта шаба жөнелген.
***
Бұл жолы да ауылға кірген бетте: «Ассалаумағалайкүм!» – деп стақандас достары қарсы алды. Солармен біраз сілтеген, бір есін жиғанда дүниеде өзінен қор адам жоқтай сезімде отыр екен. Әлдекім арқасынан қағып жұбатып әлек. Енді бір басын көтергенде өзінен зор адам жоқтай күшейіп кетіпті. Айналасына қораздана қарады. Біреу арықтағы суға шешініп тастап жуынып жатыр, оның арғы жағында бір адам бүк түсіп ұйықтап қалыпты. Тәлтіректеп орнынан тұрды, шарбақта байлаулы тұрған Қойторыға мінді. Тапырақтап шапқан күйі ауыл әкімінің кеңсесіне тіреле тоқтады. Есікті жұлқи ашып, екпіндей кірген. Әкім жоқ екен, бас маман болып отырған жас жігітке дүрсе қоя берді, басу айтқан мал дәрігермен керісті, тағы біреулерді балағаттады.
...Бір есін жиғанда Қойторының үстінде теңселіп келе жатыр екен. Дала тастай қараңғы. Тау етегіне ілігіпті. Қайта қалғып кетті. Таң ата жайлауға жеткен. Үй іші әлі тұрмапты. Атын мама ағашқа байлап есіктің алдында қақырынып-түкірініп ары-бері жүрді. Шырпы шалып, шылымын тұтатты. Қора жаққа бір барып, малды түгендеп келді. Екінші рет қайта барғанында бүкір құнанды жетелеп шықты. Жайлаудың шүйгін шөбі қойсын ба, кәдімгідей қоң жинап қалыпты. Алғаш әкелген кезде ыңыршағы шыққан, көз тоқтатып қарарлық сиқы жоқ мәстек еді. Кенже туған, уызға жарымаған жетім әрі кемтар. Қазір тұлғаланып өсіп кеткендей көрінді. Тек бүкірейген жотасы сұрықсыз.
«Байқұс, еркіндікке жетпей булығып жүр екенсің ғой сен де», – деді Қоспа күбірлеп. Қолымен сипалап құлақ түбін қасыды, жалынан ұстап тартып көрді, алдына шығып – тігінен, жанына тұрып көлденеңінен көз салды. Аяғы тік, сіңірлері адырайып-адырайып көрініп тұр, құдды қу сүйектің сыртында теріден басқа дәнеңе жоқтай. Жұп-жұмыр қой мойын даладай омыраумен бітісіп кеткен, шоқтық пен сауырға дейінгі аралық тым қысқа, нағыз қақпанбел. Сол қысқа аралық түзу болса, аттың тұлпары болар-ақ пошымы бар, тау жотасындай дөңкиген бүкірлігі сиқын бұзып тұр. Бүкірлік жаяға дейін созылады да, одан ары қарай құйрыққа қарай тігінен тартқан, мұны «қоянсауыр» деп атайтын бұрынғылар. «Басқасын қайдам, күштен кемдігің жоқ-ау», – деді іштей. Шоқтықтан ұстап тартып ары-бері ырғап-ырғап жіберді. Қарагер құнан басында шайқалғандай болды да артынша тепе-теңдігін сақтап, тырп етпей қойды.
«Ө, мынаны қарай гөр!» – деді ызалана.
Бар күшін салып ары-бері итерді. Тапжылмады. Құйрықтан ұстап тартқылады ендігіде. Құдды төрт аяғын жерге шегелеп тастағандай мызғымады. Тіреген тасынан аяғы тайып кетіп Қоспаның өзі жамбастай жығылды.
«Ө, әкеңнің аузын ұрайын!» – деді аузындағы темекісін құшырлана сорып. «Мықтымын деп тұрсың, ә! Көрермін мықтылығыңды. Қойға мінем, көкпарға салам, болдырсаң, жолда қалдырсаң – біттің, бауыздаймын» – деп қарқылдап күлді. Лезде түсін суытып алып: «Өйтуші болма. Өйтсең өлесің, екеуміз де өлеміз. Бірінші – мен өлем, әрине, ұяттан өлем. Сосын сені өлтірем, білдің бе?! Онсыз да мені мазақ етушілер көп. «Мал иесіне тартады», – депті анау Шәлімбай деген неме. Сондағысы менің сөлбірейген түрімді айтқаны ғой. Иә, мойындаймын, кеуде керіп аспанға қарамаймын, бірдеңе жоғалтқандай жерге қарап жүрем. Онымды өзге түгілі өзім түзей алмаймын. «Сұрақ белгісінше иілген неме», – деп мектептегі мұғалімім ұрсатын. Қойнымдағы қатыным да жаратпайды бұл сиқымды, бірақ неғыл дейсіңдер маған? Енді соны Шәлімбай маңқа түземек пе? Оттамасын малғұн! Ондай тіл мен жағына сүйенгендерге әлдеқашан жауабымды бергенмін. Не дегенімді білесің бе сен? Білмесең тыңда!
«Қол жетпейтін аспанға қарағанша», – деді сұқ саусағын өрге қадап. «Аяқ астында жатқан жерге қараған дұрыс! Қалай тауып айттым ба? Шын ғой, айтшы, а? Аспанға қарағаннан не пайда маған? Аспаннан жұлдыз санайын ба, оның санына сан жетпес. Ал енді не, әлде ай мен күнді санайын ба, бір-бірден ғой олар да. Аспанға қарағандар толып жүр ғой әлемде. Соның бәрі Тоқтар Әубәкіров боп көкке ұшып кеткен жоқ, жүр ғой жер басып. Ал мен де жүрейін аспанға қарап, талтаңдап. Өйтсем әлдеқашан шалынып жығылып, омақаса құлар едім ғой. Бәлкім, менің аман жүргенім осы – жерге қарауымнан шығар. Талай пәле-жаладан жерге қарап құтылғам, оны сен білмейсің. Сен не дейсің? Ей, бүкір! Айтшы-ей, сен де бір кердең секілдісің ғой өзі, әлде мені менсінбей тұрмысың? Сені «бүкір» деп атасам ренжімейсің бе өзі, мені де сыртымнан «имек» дейтін көрінеді, өлмей-ақ жүрмін ғой, айта берейінші енді. Үндемейсің, ә, үндемейсің. Айтпақшы, мен де сен секілді жетіммін. Әкем қайда екенін білмеймін, шешем басқа байға тиіп кеткен. «Балам», – деп еміренгені есімде жоқ. Бәлкім, менің еңкіштігіме осы әсер еткен болар, а? Жастай бейнет көрдік, елдің қабағын бақтық, ұрса бұқтық, ұрысса басымызды екі бұттың арасына тықтық. Демек, мені өмірдің өзі осылай қылды, кеудемді басып, белімді бүгіп тастады. Не істейін енді? Тағдырыма көндім. Ендігі бар арманым – ана жуәрмектерде. Солар өжет боп өссе деймін. Өзім жетпеген жерге солар жетсе деймін. Мен көрмеген жақсылықты солар көрсе деймін, маған арман болған дүниелер солардың табанының астында тапталып жатса деймін», – деп керзі етігімен жерді теуіп-теуіп жіберді.
«Өзім», – деп кеудесін тоқпақтай ұрды. «Өзім тілім-тілім болып өмірден өтсем де, солар ақ жағалы киім киіп, ақ нанды жатып жейтін адам болсыншы. Бар арманым – сол! Ешбірін малға жолатпай келем. Әдейі! Өлсем де, тірілсем де оқытам оларды. Білдің бе соны. Әй, қайдан білесің сен оны. Менің бір түсінбейтінім, екі бүкірді құдай неге қосты, а? Не үшін? Осыны айтшы маған. Елге мазақ болу үшін бе? Сені неге алғым келмеді, білесің бе? Менсінбеді деп ренжіген де боларсың, бірақ оның төркіні басқада еді ғой. Сендер соны білмейсіңдер, әдейі күйдіресіңдер мені. Күймей жүрген, жанбай жүрген Қоспа ма бұл?! Шыдаймын бәріне де, ана бес тентек үшін бәріне шыдаймын. Бәріне...
Бағана анау қатын маған неге ренжіді, соны да білмейсің ғой сен. Аңдаусызда оның да көңіліне кірбің салып алдым, әкең... Туа бітті бір аяғы екіншісінен қысқа ғой ол байқұстың. Бірақ тіршілікке мығым. Шойнаңдап жүрсе де осы үйдің түтінін түзу ұшырып отыр. Баланы да тапты, мені де бақты. Ол болмаса, ана үйелмелі-сүйелмелі бес ұл қайдан шығар еді, айтшы соны. Оның менен басқа кімі бар? Кім мені ол секілді, оны мен секілді ұға алады? Кім? Айтшы осыны.
Кеше де әкімдіктегі мықтылармен боқтасып келдім, әкімнің өзі жоқ екен. Әйтпегенде сазайын берер едім. Мен оның жекеменешік малын бағамын ғой, сен соны білуші ме ең... Ол менің еңбегіме орап сені берді. «Басқа берер атымыз жоқ, осыны алсаң да – аласың, алмасаң да – аласың. Мінсең – мін, мінбесең байлап соғымға сой», – деді. Қайтем енді, көндім. Енді екі жылдай екеуміз дос боламыз. Сосын үлкен ұл мектеп бітіреді, оқуға түсіруім керек оны. Өзі қабілетті-ей, қағып алады. Есепті шемішкеше шағады, емтиханнан сүрінбей өтсе екен. Күні-түні соны тілеймін бар ғой, білесің бе? Өте алмай қалса, ақысын төлеп болсын оқытам, сол кезде сен керек боласың. Біреудің аузын майлауға жарарсың, болмаса – сатып пұл қылам, әйтеуір, бір кәдеме жаратармын сені, білдің бе! Тек ренжіме маған сол кезде. Білдің бе-ей, Бүкір! Бүкірім! Мен шыдадым ғой, енді екі жылдай сен де шыда, шыдайсың, шыдаймыз», – деп жалынан тартып, жотасынан қақты. Тәлтіректей басып барып қойды өргізді де, бүкір құнанға жайдақ қарғып мініп, қой соңынан кете барды.
...Алыстан: «Ей, Бүкір, сен де – бүкір, мен де – бүкір. Қосақтаған екеумізді өмір құрғыр», – деп әндеткен дауысы естіліп бара жатты.
***
Арада жыл аунаған. Бүкір дөнен шықты. Бірақ Қоспа көп жоламайды. Жиын-тойға көбіне-көп Қойторыны мінеді, Бүкірді тек мал жинау, жем-шөп тасу, су әкелу секілді қара жұмыстарға салады. Қара күшке, шынымен, мығым екен, арба толы шөпті алқынбай тартады, күртік қарды кемедей кешіп шана сүйрейді, тауда да елікше жортады. Бірақ, Қоспа ат екен деп қарамай-ақ қойды. Салқын. Жем-шөптен де қысады. Сұлы мен жоңышқаны күтірлетіп тұратын Қойторыдан сыбағасы кемшін. Сол ырғақты тірлік бір күнгі көкпардан соң бұзылды.
Желсазды жайлаған жылқышының келіні босанып көкпар берген екен. Етке тойып, қымызға бөккен малшы қауым түс ауа көк серкені ермек қылады. Ақыры Мәтібұлақтан келген жалғыз атты жолаушы өңгеріп алып, еңіске қарай әкетеді. Қоспа Қойторысымен ол уақта қой қайырып жүрген. «Қайыр, қайыр! Кетті, кетті!» – деген қиқуды алыстан естіді. Шетендінің шуамасынан құйғытып келе жатқан жалғыз қараны көрген, артынан ілескен қалың шоғырды және байқады. Қоспа әлгі жалғызды қақпайламақ болып жанамалай шапты. Қасынан зу ете түскен. Қойторы бір рет болсын үзеңгі қағыстыруға жарамады. Қоспаның қолы серкеге жетпей ауа қармады. Қос өкпеден тебініп, атын сабалап қала берді, артқы топтағы қуғыншылардан сөз де естіген. «Мына есекпен көкпар тартқанша үйіңе қайт!», – деген бірі. Шәлімбайдың дауысы. Шіңкілдеген неме тағы да мазақ қылды. Ішек-сілесі қатып біреулер күліп барады, мұның ішінде кек қалды.
Содан қапаланып үйге қарай шапты, Қойторыны басқа бір салып, арбаға жегулі тұрған жерінен босатып алып Бүкірді ерттеді. Айыл-тартпаның бірін – тақыр қолтықтан, екіншісін – шапқа қарай жіберді. Бірін – шірене тартып, екіншісін – бостау қойды.
«Е, әруақ!» – деп қарғып мінгенде көкпаршылар қыр асып кеткен еді. Қотаннан шыға бере тізгінді қоя берген. Бүкір бүгіліп-жазылып келеді. Жолды жаттап алғаны аңғарылады, бұрылыстарда бәсеңдеп, тіке жолда екпінді үдетеді. Шабысы жақсы.
«Баяғыдан бері неге мінбегем осыны?» – деді Қоспа. Өзімен өзі сөйлесіп келеді. Өзімен емес, атымен сөйлесіп келеді. «Көсілші бір. Олар бізді «бүкір» деп менсінбейді, білесің бе? Біз оларға әлі-ақ көрсетеміз. Білдің бе, көрсетеміз. Көздеріне көк шыбын үймелетеміз, қазір көкпаршыларды қуып жетші, жарай ма, ана Шәлімбайдың қасқасын бір қағып ұшыршы, саған разы болайын екі өмірімде. Мақұл ма, сөйт. Шәлімбай ойбайлап құласыншы бір, қасқасы үйелеп жатсын бір шұңқырда. Ал мен екеуіне кезек қарап мысқылдап бір күлейін. Міне, былай! Ха-ха-ха! – деп. Жарай ма? Әйда, заула, жүйрігім!»...
Бүкір дөнен иесінің сөзін естігендей жүйткіп келеді. Құлақтың түбі терледі, көкпаршылардың соңғы легіне жеткен. «Діттегенім бұлар емес» дегендей кідірместен өте шықты, келесі топтан да солай ағып өтті. Құдды жирен атты көкпаршыны бұл емес, Бүкір қуып келе жатқандай. Ат алқымы шылқылдады, көз ұшынан екі қара көрінген. Бірі – ілгері, бірі – кейін. Атқа отырысынан шіңкілдек Шәлімбайды таныды. Көкпарды әкетіп бара жатқан жирен атқа сол ғана ілесіпті. Бірақ жете алар емес. Бір қалыпты көсіліп келе жатқан Бүкірдің тізгінін бір қағып, тебініп қалды. Бұл осы шабыста алғашқы тебінуі екен. Екпінге екпін қосылды. Қоспаның көзінен жас парлап келеді, бұл жас қуаныштың жасы ма, әлде әбден елге күлкі болып, жапа шеккен пенденің ызақорлық жасы ма, жоқ әлде, қарсы соққан жел шығарған жай көз жасы ма, бағамдай алмады. Бірақ іштей көңілі өсіп келе жатқан. «Осы қазір Шәлімбайдың қасына тақап барам, атының құйрығынан тартып қалам. Құлатып кетсем бе, әлде құйғытып өте шықсам ба екен? Ә, бәлем, әлде жанамалап барып аяғынан көтеріп аударып кетейін бе? Қалай істегенім дұрыс?! Бағанағы айтқаны сүйектен өтіп кетті, енді соның есесін қалай қайтарайын?!» – деді тістене. Ойдың ұшығына жетіп, бір шешім қабылдап үлгермеді, Шәлімбайға да тақап қалған. Бесқасқа ауылдағы айтулы жүйріктің бірі еді, бірақ бұл жолы болдырғанға ұқсайды, аяқ алысы шашыраңқы екен. Шәлімбай да үсті-үстіне тебініп, сауырын қамшымен жонып келеді. Артынан тақап қалған дүбірді сезген бойда қуанып кетті білем: «Айда! Қайыр-қайыр, жіберме!» – деп шіңкілдей айқайлады. Дауысынан шарасыздық байқалады. Жаны ашып кетті. Аяғынан көтеріп жібермек болып еңкейе беріп, қайта тіктелді. Бетіне күле қараған күйі өте берген. Шәлімбайдың бадырақ көзі одан сайын үлкейіп кетіпті. Өзін қуып жетіп, басып озған басқа емес, атын – ат, адамын адам санатына қоспайтын имек Қоспа екеніне сене алмай тұрғандай. Дегенмен «ұялған тек тұрмастың» керімен: «Қайыр, қайыр! әруақ, әруақ!» – деп айқайлап келеді. Бар үміті – өзі менсінбей жүрген қос бүкірде. «Е, тоба!» – деді Қоспа. «Е, жасаған ием, осыны көрсеткеніңе шүкір!» – деп қос қолын жазып айқай салды. «Шәлімбай, әй, Шәлімбай, ит Шәлімбай, шошқа Шәлімбай, менен қалдың ғой, енді өл, Шәлімбай!» – деп артына қарап айқайлап қамшысын біледі. Бірақ ол мұның не деп жатқанын естімеді білем: «Қайтар, қайтар», – деп шіңкілдеген. Осы кезде ат мойыны ұзарып бара жатқанын байқап қалған. Бүкірдің үстіне ер тұрмайтыны енді есіне түсті. Таудан еңіске шапқанда білінбеген екен, енді жазыққа келгенде ер-тоқымды бірден артқа лақтырыпты. Жалма-жан жалға жармасуға ұмтылып еді, қолы жетпеді. Бір бүйірге бұлтың етіп сырғып бара жатқанын біледі, одан арғысы астаң-кестең...
Дүние төңкеріліп кеткендей болған. Бір есін жиғанда көргені – үрейлі адамдар өзіне жоғарыдан төніп қарап тұр екен. «Тірі, тірі», – дейді бірі. «О, Қоспам-ай, бір ажалдан қалдың ғой, жарығым», – дейді екіншісі. Таныс дауыс. Сол Шәлімбай. Мұның аман қалғанына мәз болып жүр байқұс. «Е, бұл да адам екен-ау, бағана құлатпағаным дұрыс болған екен», – деп ойлады ішінен.
– Көкпар қайда? – деді тілі күрмеліп. Жұрт:
– Ойбай, өлгелі жатып көкпарды сұрайды!
– Әй, Қоспам-ай!
– Бұл немең ит секілді жансірі, – деп бірі – күліп, екіншісі – қуанып, жаппай жадырап жатыр.
...Қайтадан талықсып ұйықтап кеткен.
***
Сол көкпарда ел екі дүниеге таңғалған. Бірі – Бүкір дөненнің шабысы, екіншісі – ақылдылығы. Ер-тоқымы бауырына түскен ат әдетте тулап шабатын, шатының қытығы кеткенше тепкілей беретін. Ондайда құлаған адамның үзеңгіде аяғы қалса – біткені, аты ары-бері сүйретіп, тепкілеп өлтіреді. Талай азаматтың ажалы солай болды. Қоспаның да оң аяғы үзеңгіде қалыпты. Бірақ Бүкір дөнен бірер шоқырақтап барып тоқтапты. Қашан келіп арттағы адамдар арашалап алғанша бір орында айналсоқтап жүрген де қойған.
«Көрер жарығың бар екен», – деген хәлін сұрап келген ел.
Одан кейінгі сөз Бүкір туралы өрбитін. Нағыз көкпардың аты екені, адам сүйремес жуастығы айтылады. Әрбір мақтау-мадақтың артында айтылмай қалған бір сөз барын Қоспа да аңғарады. «Маған бер, мен міне тұрайын»; «ат айырбастайық» дегендей сөздердің әр көкейде қамалып жатқанын сезеді. «Сонда бұлар маған бір жүйрікті қимай тұр ма, әлде мені жүйрікке қимай тұр ма» деген ой намысын оятып, қайратын қайрап-ақ жібереді кейде.
«Бұғанасы сынып, басы жарылмаған көкпаршы – көкпаршы ма?» – дейтін болды кейінгілерге.
«Құдай оңдап аяғымнан тұрып кетсем, әлі-ақ бәйбішемді көк серкенің етіне тойғызармын. Бүкірім аман болсын!» – дейтін аттан айрылмасын анық аңғартып.
Қоспа он күнде аяғына тұрды, 38 күнде сынған бұғана жазылды. «Сынық жас санайды деген рас екен-ау», – деді іштей әрі биыл үшінші мүшелде екені есіне түсті. Бір қой сойып құдайы тамақ таратқан.
Бұл уақта Қойторы мен Бүкір дөненнің күндегі қызметі, байланар ақыры, ішіп-жемі ауысқан. Жұмыстың ауыр қамыты Қойторының мойнына қайта киілді, жақсы жем-шөп көзінен бұл-бұл ұшты. Қоспа да Бүкірдің бабын қолға алған. Бап дегенде қалай баптарын білмеді, әйтеуір, күнара бір бусандырып келіп, қаңтарып қояды. Ас-судан тартпады, байқауынша, тамақсау емес. Алдына салғанның бәрін опырып жей бермейді, түнемелікке ақырына бір бау жоңышқа салса, ертеңіне соның жартысы ғана желініп тұрады, бөктірілген сұлыны түгесіп тауыспайды. Бұрын Қойторыдан кәшек қалмайтын. Қоспа Бүкірдің бүкірлігін көрсетпеу үшін әйеліне алашадан жабу тіктірді. Аудан орталығынан жаңа ер-тұрман, жүгенімен алдырды. Жап-жаңа орыс ер жеңіл екен, келген күні Бүкірді ерттеп мініп, ойлы-қырлы жерде шорқырақтап шауып көрген. Шапқан сайын ерді артқа лақтырады. Өмірі атқа өмілдірік тақпаушы еді, жалпақ қайыстан жақсылап тұрып өмілдірік жасаған. Айыл-тартпаны да қос-қостан тартқан. Осылайша, келесі көкпарға сақадай сайланып барды.
Бұл көкпар жай көкпар емес, «мәре көкпар» болып шықты. Қырғыздар – бір жақ, дүнгендер – бір жақ, қазақ малшылары бір одақ болып тартысатын болды. Үш жақтан мәре белгіленді: Қырғыздар – Шу өзенінен, дүнгендер – Сұлутөрден асырса, ал қазақ малшылары Тентектен ары өткізсе болғаны. Кім осы межелі жерге жеткізеді, жеңімпаз – сол, көкпар сонда қалады. Шарт бойынша бірден ала қашпайды. Әуелі той жасаған әулеттің сол төңіректегі үш жекжатының үйіне түсіру керек. Салым салған әр адамға ол үйдің иесі бір-бір жабағыдан байлады. Ал көкпарды алып кеткен жаққа той иесі төрт биені құлынымен жетектетеді. Қариялар бата беріп, алдымен «қонақ» деп қырғыздарға өңгертті. Қырғыз көкпаршысы да жөн білетін жігіт көрінеді, қарттың қолына қырғыздың жүз сомдығын ұстатқан. Бірден жалаң тақымға басып айнала берді. Анталап тұрған басқалар соны күткендей тарпа бас салды. Қырғыздың аты – белді, жігіті – тақымды екен, сол басқаннан айырылмады. Топты жарып, кимелеп жүріп алғашқы салымды салған, салымға байланған күрең жабағыны иемденді. Ол жерден дүнгендер ырымын беріп, көкпарды тақымға басты. Аттары мықты, жігіттері ірі көрінгенімен дегеніне жете алмады. Ат шалынды ма, әлде көлденеңінен келіп біреу қақты ма, көкпарды алып бара жатқан жігіт ат-матымен омақаса құлаған. Абырой болғанда аман.
«Аунатып таста, аунатып таста. Ырымы солай, бір аунат», – деп даурығысты көпшілік. Әлдекім атынан ырғып түсіп жерде жатқан көк серкені: «Бісміллә!» – деп жерге бір домалатып алды да атына қайта мінді. Жұрт жапырлай жердегі көкпарды іліп алмаққа ұмтылысты. Қоспа қанша талап қылса да, салым сала алмаған, ұмар-жұмар тартыстан сытылып шығу түгіл көкпарға жетудің өзі мұң. Адам тым көп. Қырғыздар – екі салым, қазақ малшылары бір салым салып ауыздары майланды. Өз ауылында бірде-бір салым сала алмағанына Қоспа қапаланды, қырғыздан бір салымға кем салғанына иісі қазақ малшылары күйіп-піскен. Оңаша бір ақылдасқанда: «Қайтсек те көкпарды Тентектен асыруымыз керек», – десті бәрі. Додадан алып шығар білекті жігіттер белгіленді, олардың атын жетелейтін – төртеу, қамшылайтын – алтау, жол ашар – жетеу де даярланды. Ал топтан алып қашу міндеті бес адамға жүктелген. Арасында шіңкілдек Шәлімбай мен Қоспа да бар. Олар додаға араласпай ат суытып сыртта жүреді, жігіттер алып шыққан сәтте жанаса кету керек, өңгеріп алып тіке Тентекке тартады. Жігіттер ұжымдаса қимылдағаннан болар, ә дегеннен басқаларды тықсырып жіберген. Әуелі бір алып шыққанда шабдар атты мұртты кісі өңгере қашты, бірақ қырғыздың бір жүйрігі аңдып тұр екен, қақпайлап жібермеді. Келесі бір сәті туғанда Шәлімбайдың алдына салып берген. Жалма-жан Бесқасқаны қамшылып топтан сытыла шықты. Оған ұмтылған қара қасқа аттыны қақпайлап Қоспа да шапты. Қара қасқа қояр емес, Шәлімбайға кимелеп тақап қалды. Енді болмаса, шипая Шәлімбайдың алдындағы көкпарды өңгере қашатын түрі бар. Сол кезде Бүкірге қамшыны басып-басып жіберіп Қоспа жетіп барған. Көкпарға қол салған басқа емес, Қоспа екенін таныған Шәлімбай да алдына өңгерте салды. Қара қасқа атты кимелеп келіп қалған екен, бірақ оның қолы көкпарға жетпеді. Бүкір еңіске қарай көсіліп кеп берген, қара қасқа бірталай жерге дейін құйрық тістесе шапты, бірақ жете алмасын білген соң тізгін тартқан. Қоспа жалғыз өзі құйғытқан күйі көкпарды Тентектен асырып тастады.
...Бәйгіге тігілген төрт биені қазақ малшылары олжалады, соның біреуін «аттың тері, азаматтың күші» деп Қоспаға байлаған.
***
Бұл аймақта көкпар тартыс жаз бен күз айларында ғана болады, яғни ешкінің семірген кезінде басталып, Сексек ата тұқымының майы қататын қара суықта тоқтатады. Көбіне-көп мәре көкпар тартады. Екі тарап, үш тарап, тіпті төрт тарап болып та тартыса береді. Кей-кездері жаппай көкпарға шығады. Үш тараптық мәре көкпарды алып кеткен соң Қоспа бір рет жаппай көкпарда олжа салды. Әрине, Қоспа емес, Бүкір олжа салды. Ол уақта Бүкірдің белі жуандап, дене тұрқы өскен. Бірақ Қоспа кеуделеп додаға кірмейді. Қашқанды қуып, қақпайлап жібермей жүреді. Сондай бір сәтте сыптығырдай қара жігіт көкпарды алып шықты. Қоспа жанасқан бетте: «Ағатай, жібере салшы», – деген жалынғандай болып. «Қыр астындағы жылқышы ауылына бір түсірсем болды. Өзіңе қайтіп өңгертемін», – деді. Жас жігіттің көзінен албырттықты, өтірігі жоқ шынайылықты байқаған. Қақпайламай құйысқан тістесіп қана жүріп отырды.
Шынымен де, бір қыр асқан соң ақшаңқан боз үй көрінген. Аулақтау жерге желі тартылыпты. Желі басында байланған құлын, шыбындаған бие көрінеді. Қара жігіт ат басын ірікпестен тасырлатып шапқан күйі ақ боз үйдің алдына көкпарды тастап кетті. Үйден үдере көтеріліп бірнеше адам шықты. Арасында бойжеткен қыз да көрінген. Жігіттің осы үйді неге көздеп келгенін Қоспа түсінгендей болды. Көп ұзамай өзге көкпаршылар да жетті алқынып. Біреу – су, екіншісі – қымыз сұрап ішіп, тағы бірі – атын тынықтырып жетелеп жүр. Үй иесі орта жастан асқан төртбақ кісі екен, көкпарды сүйреп табалдырықтан асырды да, қайтадан далаға шығарды. Көзімен көкпарды әкелген жігітті іздеді. Ол да дайын тұр екен атынан қарғып түсіп қасына барды. Үй иесі оған біртүрлі күдікті көзбен қарады да батасын беріп, қолына ақша ұстатты. Жігіт қызараңдап алғысы келмеп еді, үлкендер: «ырымы ғой, ал да, ал», – деп кеу-кеуледі. Сол кезде Бүкірін тебініп Қоспа да жақындай түскен, қолында умаждалған мың теңгелік. Үй иесі Қоспаның ырым қып бергелі жатқанын түсінді. Ақшасын алды да, әбден тартыла-тартыла созылып кеткен көк серкенің артқы екі сирағынан ұстап өңгерте салды. Қоспа бір жағына жантая беріп бірден тақымға басты. Көкпар әуелі жалаң тақымға түскен. Демде салаңдап тұрған мойыннан көтеріп, бір аударып тастады.
– Өу, орап басуға болбойт, – деп бір қырғыз қырылдай айқай салған.
– Атаң қоқи, қалағаныңша бас, қолыңнан келсе, байлап ал, – деп әлдебір қазақ одан әрмен қоздырды.
Қоспа ешкімнің сөзін елеген жоқ. Жазылмаған заң бойынша көкпарды өңгеріп, не тақымға басып алғанша, ешкім келіп жармаспайды. Атың бір орында тұрса да, тарпа бас салмауға тиіс. Ал атыңды қамшылап ілгері бастың бітті, бәрі тұра ұмтылады. Қоспа бір қолымен тізгінді ұстап, Бүкірдің басын еңіске қарай бұрды да, сауырдан қамшымен тартып-тартып жіберген. Қаумалап тұрған топты киіп-жарып өте шықты. Біреулер кесе-көлденең келіп қақпайламақ болған, олардан да сытылып шықты. Сол шыққаннан шығандап кетті, ешкім жете алмады.
Көк серкенің еті сол түні қара қазанда қуырылып жатты...
***
Шауып келе жатып тасқа ұрды ма, әлде тобыр ішінде тағалы аттың тұяғы тиді ме, көкпардың ертеңіне Бүкір шекіп қалған. Сол жақ аяғының бақай тұсы домбығып ісіпті. Жетекке алып көрші ауылдағы жылқышыларға барды. Бұрынғы жылқы зауытының орнында бүгінде әйдік жылқы фирмасы тұр. «Тұлпар» жылқы фирмасы деген жазу алыстан айқайлап шақырады. Ат бағатын жастардың көбі – көзтаныс. Бүкірдің аяғын көрген бетте: «бір апта дәрі саламыз», – деп саймандарын жалаңдатқан. Ол дәрінің құнын естігенде Қоспа үнсіз теріс айналды. Ақыры бұрынғы бас жылқышыға барды сүйретіліп. Өз еркімен қызметін тапсырғалы үйінен шықпайтын қарт төсегінде жатыр екен. Аздап дімкәс секілді, жүзі де сақалы секілді қуарып кетіпті. Бірер жыл бұрын болған тасқын оқиғасынан соң аттан да, адамнан да күдерін үзген десетін. Кешірім сұрап келген бастықтарға қабағын бермепті. Олар да ұяты оянып, Айқасқаны қайтарған көрінеді, бірақ қырсық шал: «жатқа қиған атым», – деп қайыра бұт артпапты.
Аласа үйдің есігінен екі бүктеліп кірген Қоспаны да онша жақтырыңқырамады. Тек Бүкірдің атын естігенде кәрі құлағы елеңдей қалған. Тіктеліп отырып бетіне бажайлай қарады.
– Ат қайда? – деді әлден уақыттан соң. Бүгіндікке сөйлеген бірінші сөзі болуы да мүмкін, әйтеуір, Қоспа келгелі жақ ашпаған. Қабарған қабақ та сәл-пәл жазылған сыңайлы.
– Алып келдім. Шарбақта байлаулы тұр, – деді Қоспа жалбақтап. Қарт төсегін сықырлата түрегелді. Буын-буыны да төсекпен бірге сықырлап кеткен. Қоспа қолтығынан демейін деп еді, қолын қағып жіберді. Байқауынша, әлі де қуатты. Еңсесі – тік, жүрісі – нық.
– «Бір қойшының астында кетті», – деп еді балалар. Сол сен екенсің ғой. Жануарды қойға мініп құса қылған жоқпысың өзі? – деді далаға шыққан соң.
– Жо-жоқ, мінбедім. Тек көкпарға...
– Өй, сөзіңе болайын. Көкпаршылын өзінің. Бәйгі атымен көкпар шапқан кімді көрдің?!
Қоспа сөзден тосылып қалды. «Бәйгі аты несі?» – деді іштей. Қарт жылқышы байлаулы тұрған Бүкірді алдырып, әуелі ары-бері жүргізген. Тоқтатып қойып ағаштың тамырындай адырайған саусақтарымен аяғын бірде – салалап, бірде – сығымдай ұстап көрді. Өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп жүр. «Көкпарда ат жеткізбей жүр дейді», «Айттым ғой мен...», «Біреуі құлақ асты ма» дегендерін ғана естіп қалды.
– Кете бер, – деді сәлден соң белін жазып.
– Не?
– Атты қалдырып, өзің жүре бер деймін.
– Е-е, неге?
– Бір күнде жазылмайды. Сазға байлап, суық тартып көрем. Түнгі салқынмен тау өзеніне аяғын маламыз. Болмаса қан аламыз. Бір ай, ұзаса, екі ай... Келіп-кетіп тұрарсың.
...Қоспа Қойторыны сипай қамшылап кете барды. Бүкірдің аяғы екі айдан асып барып, әрең жазылған. Сол уақытта Қоспа үш рет келіп-кеткен. Қарттың еңбегін бір саулықпен бағалаған. Сойып, етін кептіріп, екі қоржынның басына теңдеп әкелген.
– Жүйрік те кейде адасқан бақ секілді, ауып қонады екен, – деген қарт жылқышы. Бүкірді айналсоқтап құнжыңдап жүрген Қоспа бұл сөздің мәнісін ұқпады.
– Тағы көкпар шабасың ба-ей? – деді қарт тура қадалып.
– Көрерміз.
– Ары кетсе, екі көкпар... Одан кейін болды ғой. Маған екінші келуші болмағын.
– Неге?
– Солай. Көкпарға салма. Аяғы құриды.
– Енді не, соғым қып сойып жейін бе, әлде малға мінейін бе?
– Әй! – деп шаңқ ете қалған қарт жылқышы. Өңі түтігіп, көзі шапыраштанып кетіпті.
– Жүйрік ат пен құмай тазы әуелі көңілімен жүгіреді, олардың көңілі пәс тартса, қайтіп көтерілуі қиын. Қойға мінсең, итеңдеген жүріске намыстанып ішіне құса түсуі мүмкін. Ал құса болған мал бәйгі алмайды, есіңде болсын.
– Енді?..
– Не енді?
– Мұны не істеймін?
– Бәйгіге қос. Бірақ биыл емес. Дөнен деген жылқы малы үшін өтпелі кезең ғой. Дене бітімі толысып, сүйегі бекитін шақ. Осы кезде зорықтырмау керек, әрі дөненінде арық-тұрақ болған жылқы уызға жарымаған қозыдай әлсіз келеді. Сондықтан осы барғаннан соғымша байла, жілік майын толтырып, қыстан жұнттай қылып шығар.
– Бәйгі дейсіз бе? Жүгіре ме? Өзінің белінде кінәраты бар, бүкір ғой, байқамадыңыз ба?
– Өзің бүкірсің! Осыны айтып жүрген атбегісымақтарың бар, мал дәрігерің бар, әлгі ғалымың бар, бәрің бүкірсіңдер. Түсіндің бе? Бүкірсіңдер! Доғалсыңдар! Дым білмес дүмбілезсіңдер! Айналайын, мұндайды атам қазақ «үш шоқылы жылқы» дейді. Күндіз-түні жортып, айлап сапар шексең де белі талмас мығым келеді. Мен бала күнімде бір рет көрдім ондай саңлақты. Жүз елу ат қосылған үлкен аламанда топ жарды. Сонан көріп отырғаным осы.
– Үш шоқылы?.. – деп Қоспа ойланып қалды. «Ол қалай?» деп сұрауға дәті шыдамай тұр. Соны сезгендей қарт жылқышы шапшаң қимылдап:
– Міне, – деді Бүкірдің басты шоқтығын қолымен нығарлай ұстап. – Бұл бірінші шоқы, мына дөңесте екіншісі жатыр, – деп бүкірейген белін сипады. –Ал жаяның астындағы белдеме омыртқа үшінші шоқы саналады. Осындай бітімді үш шоқылы жылқы деп атайды. Қалған жылқылар екі шоқылы. Құдай біледі, мынаның бір қабырғасы да артық жаралған. Әлгі «жылқының қанаты» деп жүргендерің – сол. Құдай бізге осындай болмысы бөлек пырақты берген екен, соның қадіріне жете алмадық қой. Ана жылқы фирмасының басшысынан бастап, қосшысына дейін айттым. Ертегі тыңдап отырғандай мысқылдап күліп, өзімді мазақ етті. Білімің де, ғылымың да қағазға ғана сенеді екен. Босқа сөз шығындаппын. Бірақ түс көргем, сол түсімді өзім жақсылыққа жорыдым, бұл жануардың бағы әйтеуір бір жанарына сендім. Қысқасы, мен күткен адам сен боп шықтың. Енді мұны жүгірту саған аманат! Егер бұл атты қор қылсаң өзің де оңбайсың. Соны біліп қой, – деп сұқ саусаған безеген.
– Құдай сақтасын! – деп Қоспа шошып кетті.
– Жылқының кепиеті ұрады. Тегін мал емес бұл. Құдай берген қасиетін ұстай алмай жынданып кеткен көріпкел, емшілерді білесің бе?
– Білем ғой...
– Білсең, сол. Жүйрікті де ұстай білу керек. Жарықтық өзін-өзі жарататын жылқы екен, бап та керек емес. Тек күнделікті мініп, етін қатыр, жақсылап суытып, терін алсаң болғаны.
– Қалай сонда?
– Тамақты тартып жейтінін байқаған шығарсың. Жылқы баласында мыңнан бірінде кездесетін қасиет. Әдетте жылқы комбайн секілді кеміре береді, бұларға қарағанда сиыр құдайға қараған ғой, бір тойып алса, күйіс қайырып жатады о байқұстар. Ал мынауың ақырын толтырып қойсаң да артық шөпті аузына алмайды, жем мен суды да солай. Бірнеше күн әдейі бақыладым. Мұндай жылқы не семірмейді, не арымайды. Өзінің күшін өзі біледі, өз күйін өзі бақылайды. Шіркін, менің жастау шағым болса сенен тартып алсам да алар ем, әбден діңкәлаған кезімде кез болдыңдар, – деді қарт опынған сыңай танытып.
– Ой, әлі жассыз ғой, сізге берейін, баптаңызшы, – деп Қоспа жабыса кетті.
– Болмайды.
– Неге?
– Уәдем бар. Атқа жоламаймын ендігәрі деп серт бергем.
– Өй, сол да сөз боп па? Осы күні үй айналмай жатып сөзінен айнитындар көп қой.
– Тәйт! – деп қарт жылқышы кәрлене қалған. – Сақалы тікірейіп селкілдеп кетіпті.
– Үш жыл бұрын мені айыпты қылған аналар, – деді таяғымен жылқы зауыты жақты нұқып. – Суға кетіп өлген биені мойныма ілді, арада үш ай өтпей алдыма келді өздері. Кешірім сұрады. Кештім. Бірақ жұмысқа қайта шықпадым. «Қартайдым, қажырым кетті, енді әурелемеңдер!» – дедім. Әр нәрсенің қадірін білу керек. Әсіресе өзіңнің. Олар жұмыстан шығарғанын күтпей, өзімнің кеткенім оңды. Ал енді өлер шағымда сөзден тайсам кім болғаным?!
– Қап-ай, ә, – деді Қоспа өкінген сыңай танытып.
– «Алуан-алуан жүйрік болады, әліне қарай шабады» деген нақыл бар. Жалпы, мен жүйрікті мінезіне қарай екіге бөлем, – деген қарт аз-кем үнсіздіктен соң. – Біріншісі – дүлей жүйрік. Мінезі шайпау келеді, өзі намысқой болады. Тай күнінде үйретілмесе, құнан, дөненінде ұстап бас білдірту – қиын іс. Дұрыстап үйретіп, бабын келтірмесе, бас бермей кететін, бұра тартып кететін – солар. Екіншісі – мисыз жүйрік. Бір қарағанда жуас, болмысы олпы-солпы да болуы мүмкін. Бұрған жағыңа жүреді, дегеніңе көнеді. Бірақ бәйгіде жасанады, асыл тастай жарқырайды. Мисыз жүйрік қара табаннан әл, кеудеден жан кеткенше шабады. Шабыс үстінде өлуге бар, ал тоқтауға жоқ. Мен білсем, мынауың – мисыз жүйріктің нақ өзі. Тек құлын күнінде жат емшекті еміп, жетімдікті көріп қалды. Сонысы бір кемдік қылмаса, әлі-ақ талай жерге барады, – деп сөз аяғын үмітке байлаған. Біраз ақыл-кеңесін айтты. Әр сөзін Қоспаның басына шегедей қағып нығарлап шықты. Кейбір тұсын Қоспа телефонын шығарып таспаға басып алды.
...Қарт жылқышының үйінен жүйрігімен қоса аттың бабы жайлы ақыл-кеңесті арқалап қайтқан.
***
Сол бір оқиға әлсін-әлсін есіне түсе береді. Қарт жылқышының ауылынан жүйрігін алып қайтқан кезде ғой, Қойторының санап басқан әрбір қадамын қамшымен демеп келеді, әйтпесе, тоқтап қалардай. Жетегінде – Бүкір. Тентектің жағасына ат басын тіреді. Асау өзен бір тасып алған секілді, ашуы басылғанымен суы қайта қоймапты, арнасы толар-толмас болып мелдектеп ағып жатыр. «Таңға жуық өзен суы қайтқан кезде бір-ақ өтейін, түнде өткел іздеп, киімді су қылып жүрем бе», – деп ойлады Қоспа. Қойторы ауыздықтың алынғанын күтпестен жағалаудағы жасыл құраққа бас қойды.
«Өй, ашқарағым-ай!» – деді Қоспа зілсіз күбірлеп.
Атынан түсіп, өзен суына беті-қолын жуған. Сол екі арада аққан суға қарап аз-кем ойланып отырып қалды білем, жылқы кісінегенде селк ете түскен. Алақтап жан-жағына қарады. Қойторы тұрған жерінен қозғалмапты, қозғалып кетсе, бірдеңеден құр қалатындай көк майсаны құшырлана қарпып жатыр. Ал Бүкір жоқ. Әлгінде шылбырын ердің басына іле салған, босанып кеткен секілді. Қоспа жалма-жан Қойторыға қарай жүгірді. Сол кезде жылқы тағы кісенеді. Дауыс өзеннің қақ ортасынан шыққан. Сол тұсқа назар салғанда байқады, Бүкір су ортасында тұр екен. Қасында бір аттылы адамның сұлбасы қарауытады.
«Әй-әй, кімсің-ей? Ол – менің атым. Әкел атымды. Мен Жамантыдағы Қоспамын», – деп бар дауысымен айқай салды. «Мылтығым бар, қазір тура атып тастаймын, қайтар атымды!» – деп доқ көрсеткенсіді. Бірақ арқыраған өзен шуынан оның дауысы естілмеген сыңайлы, әлгі адам бұл жаққа назар да салған жоқ. Бүкірді жетелеп алып ағысты қиып барады. «Біттім! Бәрі бітті!» – деп Қоспа сылқ етіп отыра кеткен. «Жол торыған қарақшыға жем болдым» деп ойлаған. Әлгі адам сөйлемеді, сөйлесе, ұлтын айырар еді. Әуелгі күдікке қырғыз көкпаршылары іліккен. Дүнгендердің де қызыққан атын алмай қоймайтын қызылкөздігін білетін, әлде солар ма екен?! Әлде...
«Иә, иә, соның нақ өзі. Атаңа нәлет, қақпас! – деп айқай салған. Дауысы ерсілеу шықты. Бағана өліп-өшіп қарап едің, білмейді дейсің ғой мені, ә, көрсетем мен саған білмегенді. Мен кете салып артыма кісіңді салған екенсің ғой, ә, қақпас! Тұра-тұр, бәлем!» – деп Қоспа ұрысын жазбай танығандай қуанып, орнынан атып тұрғанда өзіне қарай жүзіп келе жатқан Бүкірді көрді. Ана аттылы адам арғы жағалауда қалыпты. Аспандағы адасқақ бұлттардың шырмауынан шыққан ай жарықтық жарығын аямай төгіп тұр екен, әлгі адамның әппақ сақалын анық көрген. Астындағы буырыл аттың будақ-будақ жалынан су сорғалайды. Тайпалған жорға көрінеді, жағалауда атын ойқастатып біраз тұрды да қалың тоғайға сіңіп кетті.
«Әй, ақымақ, менен Бүкірді ала алмайсың!» – деп Қоспа батырсына айқайлады, атылы адам ешбір сөзін естімесе де, өзінше табалап бақты.
«Жануарым, қашып келдің ғой, иә! Мені қимадың ғой, ә! Сені кешегі шал «мисыз жүйрік» деп қояды, оттапты, әкең... Сен нағыз ақылды жүйріксің, «Бүкірім» менің, ақылдым менің!» – деп мойнынан құшақтап, суға малшынған тұмсығынан сүйе берген.
Тентектің бойындағы оқиға ертеңіне-ақ елге тарады. Бірақ оның анық-қанығын жұрт әлі күнге білмейді. Өйтетін себебі, қисынды-қисынсыз, бір-бірімен қабыспайтын деректер қосарланып кеткен. Соның кейбірінде: «Қоспа Қойторымен су ішіне қойып кетіп, әлгі буырыл атты қарақшымен алысады. Қамшымен ұрып, талдырып жығып, Бүкірді құтқарып қалыпты-мыс»; Енді бірінде: «қарақшы біреу емес, бірнешеу болып кетеді, бәрі Қоспаға жабылады, бірақ, Қоспа оларға бой бермей, бәрін бықпырт тигендей қуалап, қыр асырып тастайды»... Тіпті Бүкірдің өзі ұрыларды тарпып-теуіп, тістеп-қыршып, қашып келетін нұсқасы да бар. Бір оқиғаның бұлайша мың құбылуына ауылдың ақпарат таратқыш сөзуарларынан бұрын кейіпкердің өзі кінәлі. Қоспа әдеттегідей әсірелеп-өсіріп айтам деп, әр жерде әртүрлі сөйлеп қалғаны рас, сол лепірмелері өзіне шындығы аз, қоспасы көп көпірме болып қайтып айналып келетін де тұратын. Оны естіген сайын бірде ыңғайсызданып қызарақтайды, кейде күліп құтылатын.
Айтпақшы, сол бір түнгі оқиғадан соң он шақты күн өтпей Қоспа қарт жылқышының ауылына қайта барған. Бұл жолғы барыстың жөні басқа еді. Әуелі малдың ақысын жимақ болып ауылға түскен. Ондағы серіктерімен шүйіркелесіп бірер шишаны босатқан, отты сусын өн бойын жайлаған шақта әлдекім әлгі бір оқиғаны сұрап, есіне түсіреді. «Кім болды екен?» – деп сөз аяғын сұраққа тірейді. Осы сұрақ жанын қажап жүрген Қоспа: «кім болушы еді, сол қақпастың адамы», – дейді. «Ұрысын жіберіп, атты алдырмақ болған. Оларға салсаң ерен жүйрік тек солардың қорасынан, немесе рулас ағайынынан, тіпті болмаса ауылынан шығу керек» – деп қарт жылқышыны сыртынан сыбап, тісін қайрайды. Бір есін жиғанда қараса, жылқышының ауылына таяп қалған екен. Атқа қалай мініп, қалай жеткені бұлыңғыр. Күн екінтіге таяпты. Қойторыны шаужайлап-шаужайлап жіберіп тау қопарарлық екпінмен кірді. Қақпасын шалқалай ашып, ауласына ентелей енген. Есік алдында ақ матадан белбеу буынып, ақ таяққа сүйенген адамдарды көрген.
...Қоспа шала мас күйінде шауып келе жатқанда қарт жылқышы екі дүниенің арасында арпалысып жатыпты. Аяқ асты құлаған көрінеді. Күзгі қара суыққа қарамастан жеңіл киініп, қора-жайды бір аралап шыққан. Содан үйге сүйретіліп кіріп, төсегіне жантайыпты. Түнімен есі кіресілі-шығасылы күй кешіпті. Бірде жайлауда жылқы қуып, бірде Айқасқасына мініп көкпар тартып, енді бірде аламанға ат қосқандай қиқулап аласұрған. Арасында: «Бүкір, Бүкір», – деп айқайлапты деседі. Қара терге малшынып әбден қиналған. Ертеңіне құлама бесіннің әлетінде қырғыз өрім дырау қамшысын білеулей ұстаған күйі жүріп кетіпті.
...Қоспа марқұмның жаназасына қатысып, топырақ салып бір-ақ қайтты.
***
Қоспа жылқышы ауылынан ауырлап қайтты, ауырып қайтты. Өзінің ұшқалақтығына күйінеді де сол... Күдікшіл, күмәншіл ойын жазғырады. Қарт жылқышыны елге қарақшы қылып көрсеткеніне, «ұры» деп өсекке таңғанына налиды. Үйге келгеннен кейін де мазасы болмады. Дене дел-сал, іші алай-дүлей. Небір ойлар келіп-кетеді. Құр келіп-кетпейді, кеуешегін кеміреді. Шым-шытырық түс көргіш. Кірпігі айқасса болды, астындағы Айқасқасын ойнақтатып қарт жылқышы келеді де тұрады. Қапалы секілді. Кеуделеп соғады, қамшы үйіреді. Қоспа жан сауғалап қашады, қашып келе жатып ойбайлап жылайды, жылап жатып оянады... Сондай бір жанталас кезінде «ұрсаң ұр» дегендей жотасын тосып, бұқпантайлап жата кеткен. Бірақ арқасына ысқырған жылан құйрық қамшы емес, ып-ыстық алақан тиген.
«Сен де бүкір екенсің ғой, қарағым», – деген дауысты анық естіді. Алақан арқасынан аялай сипалады. Қоспаның көңілі қорғасынша балқып кетті, көзінен ыстық жас көл боп ақты. Күллі өмірі көз алдына келген.
...Қарап отырса бала күнінде басынан сипаған, азамат болғалы арқасынан қаққан ешкім жоқ екен. Жетім өсті. Тырмысып жүріп осы әлетке жетіпті. Үлкендерден «айналайыннан» көрі «желкең үзілгір» мен «жетпегірді» көп естіпті. Кішілері де аянып қалмаған. «Шата», «қырық сідік», – дейтін. «Сен бәленшенің баласысың, әкең – анау...» – деп қайдағы бір есуас алқаштарды көрсетіп мазақтайтын. Басында намыс көріп, ызаланушы еді, кейіннен ет өліп, құлақ көндіккен. Мазақ пен қорлыққа шыдап бақты, өсті, ержетті. Аялы алақан, жылы сөзді сезінбеген жабырқау көңіл де тастай боп қатты. Енді осы тасжүрек балбырап, арқадан өткен ыстық леп іштегі тоңды ерітіп жібергендей. Соның селі, соның суы көзінен жас боп аққандай...
Балаша өксіп жылады. Жылап жатыр, басын жастыққа тығып алып жылайды. Аялы алақан тағы да арқасын сипап өтті. Денесіне қуат құйылғандай ерекше бір рақат күй кешті. Ептеп еңсесін тіктеді. Бұлаудай болған көзіне бұлыңғыр екі бейне қатар көрінеді. Екі аттылы адам. Бірі – қарт жылқышы, екіншісін жыға танымады. Ақ сақалы астындағы буырыл атының жалына ұласып кеткен бұл да – бір қарт. Екеуі Қоспаға елжірей қарап тұрды да, кілт бұрылып, батқан күнді қуалап батысқа қарай тартып отырды. Қоспа буырыл атты жорғасынан таныды. Тентектің бойында көргені – осы ат, яғни адам да сол болғаны. «Бұлар не істеп жүр, екеуін не байланыстырады?» – деп ойланып тұрып қалған. Оянған сәтте де сол ойдан арылмапты. Төсегін умаждап біраз жатты.
Таңғы шәй алдында Құран оқып, дұға жасады. Әйеліне жеті шелпек пісіртіп балаларға таратты. Сол бір ғажайып түстен кейін бойы жеңілдеп қалған. Қарт жылқышы да қайыра түсіне кірген емес, бірақ түсінен кеткенімен өңінде қалып қойғандай. Қоспа күніне бір рет есіне алмаса тұра алмайтын хәлге жетті. Жүрген жүрісі көз алдына келе береді, сөйлеген сөзі құлағына әлдеқайдан естіліп тұрады. Бірте-бірте сөйлесе бастады. Әуелі ағаттық әрекеті, ғайбат сөзі үшін кешірім сұрады. Қарт үндеген жоқ мұнысына. Әртүрлі тақырыпта ақыл сұрап «алдына барады». Соның нұсқауымен қарекет қылады. Көбіне-көп жылқы туралы «сөйлеседі». Бірді-екілі нәрсеге келіспей қызылкеңірдек болып «айтысып» та қалған. Сондай сәттерді қатын-баласы байқаған секілді, соңғы кездері олар да біртүрлі мүсіркей қарайтынды шығарды.
– Әкесі, еш жерің ауырып жүрген жоқ па? Өңін қуарып, көзің шүңірейіп кетті ғой, тегі, – деп сұраған әйелі кешкі ас үстінде. Қамкөңіл сөзіне Қоспа таңғалып қалды. Қатынымен бұлай сөйлеспегелі қашан?.. Бір-бірімен хәл сұраспағалы қанша жыл! Сұрасу былай тұрсын, бір тақырыпта емен-жарқын әңгімелеспегелі де біраз болыпты-ау! Малдың жайы, үйдің күйбеңіне байланысты шолақ тіл қатысады, болған-біткені – сол.
Отау құрған кезде жап-жақсы сыйластық бар еді, текетірескен өмір қашан басталып кеткенін өзі де білмейді. Айтысып-шарпысып, алысып-ақ келеді. Жеңген мен жеңілген жоқ, үнемі – итжығыс. Ымыраласқаннан ырылдасқаны көп. Ұрыс соңы – қамшыға жүгіру, жұдырыққа жүгіну... Бұл да қайтпайды, ол да берілмейді. Осындай қарым-қатынасқа, итырғылжың тірлікке екеуі де көндігіп алғандай. Бұл – малына, ол қазан-ошағына ие. Жатар төсек – бөлек, жастығы суық. Бес бала байлап тұр, әйтпесе ол бұдан, бұл одан теріс айналып-ақ кетер еді.
Қоспа әжептәуір дағдарып қалды. Өмірлік серігінің жанашырлығына қалай жауап қатарын білмей абдырады. Бірдеңе десе, көзінен жас шығып кетердей қиналды.
– Не болды? – деп дүңк етті өзін-өзі әзер тежеп.
– Кейінгі кезде өзіңмен-өзің күбірлеп сөйлеп жүретін болдың. Молда атамды шақырып үшкіртіп алсақ қайтеді?
– Жай ғой... Керек емес, шақырма ешкімді, – деді сөзін үзіп-үзіп. Тезірек далаға шығуға асықты. Дойырлығы басылып, басалқы тартқанын өзі де сезіп жүр. Санап кеп жіберсе, әйелімен ұрсыспағалы екі жетіден асыпты. Балаларға соңғы рет қашан айқайлағаны да есінде жоқ. «Сонда бұл қатынға осылай жүргенім де жақпай тұр ма?» – деді ішінен. «Қалай жақпасын, тек аяқ асты болған өзгеріске тосырқағаны болар, көз үйреніп, ет өлген жанжалды кім сағынсын?» – деді іле жуып-шайып.
Қоспа өзіндегі өзгерістің өзегі қайда жатқанын біледі. Қазбалап жіберсе – қарт жылқышыға, одан әрі барса, Бүкірге барып тірелері аян. Әйтеуір бір мәселеге тап бола қалса «осыны қарт жылқышы қалай қылар еді?» деген сұрақ кесе-көлденеңдеп алдынан шыға келеді. Өзінше ой қорытып, «ол болса, бүйтер еді, сөйтер еді» деп бірнеше нұсқалы жауап табады. Соның ішіндегі көңіліне жаққанына жығылады. Әл-әзір бұдан жапа шеккен жоқ. Қателеспеген сыңайлы. Бастысы, үй ішінің берекесі кіріп, қатынның қабағы ашылып, балалар жадырап қалған. Тек өзіне-өзі бөтен адамдай сезініп кететіні бар. Соған қиналады. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі өзінікі еместей, қарт жылқышының жаны құдды Қоспаның денесіне кіріп алып, ал Қоспаның жаны өліп қалғандай күй кешеді. Ара-тұра айна алдына барып, «осы біреу мен бе?» дегендей үңіле қарайтынын қайтесің...
Қоспа ғана емес, әйелі де өзгерген секілді. Шағын ұрысты ұлы айқайға ұластырып жіберудің ол да қас шебері еді, бүгінде Қоспа басылған соң, ол да жуасып қалыпты. Бұрынғы шартпа-шұрт мінезі жоқ, шарпыса қалса, «келсең – кел, атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» деп шойнаңдап шыға келетін қылығын қойған. Салиқалы бәйбішеге айналды. Өзінен жас келін-кепшік күйеуінен зәбір көргенін айтып, мұңын шаға қалса, Қоспаны мысалға келтіріп көсіле сөйлейді.
– Жә, сораларыңды ағызбаңдар түге, – дейтін көпті көргендігін алға тартып. – Еркектің ақылы қырықтан кейін кіреді. Осы ауылда Қоспадан асқан дорақ болып па еді, әне, енді көріңдер. Қалай өзгерді. Қалай өзгерттім мен оны. Шыдаңдар, басылады бір күні. Бұл ауылдың еркегі біткен Тентектің суын ішеді, содан теке құсап текіректеп жүргені. Асып-тасып, сабасына демде түсетін Тентек секілді бұлар да бір күні жым болады, – деп басқаларға басу айтады. Әйтсе де, бұл жұртқа көз қыла сөйлегені. «Қоспаның ақылы өздігінен кірді» дегенге өзі де онша сеніңкіремейді, «ақылын кіргіздім» деп санайды.
...Оңаша қалғанда: «Әй, өзім-ай, ақыры жеңдім ғой», – деп масаттанатыны бар.
***
3-БӨЛІМ
Бүкір алғашқы бәйгілеріне қосыла бастаған. Бестісінде бес рет шапты, екеуінде жүлдеге ілінді. Бірінде – тоқты ұтса, тағы бірінде – кілем өңгеріп қайтқан. Аламанда жүлдегер ондыққа кіру аз олжа емес, дегенмен алдыңғы үшеудің бірі болмаған соң Қоспаның көңілі оншалықты асып, арнасынан тасып кетпеді. Түйе жетелеп, тай мен танасын көлігіне артып жатқандарға қызыға, һәм қызғана қарайтын.
– Бабын таба алмай жүрмін, – дейтін сұрағандарға. Қарт жылқышыдан естігенін, елден көрген-білгенін жасап бақты. Бірақ Бүкір алдыңғы үштікке шықпай-ақ қойды. Содан Қоспа қолды бір сілтеп, қойдың соңына қайта түскен. Бүкірдің талабын байқап қалғандар қойсын ба, Қоспаны жағалай бастады. Босағасын тоздырды, босағадан бұрын жүйкесін тоздырды. Ақыры Қоспаны қайта қоздырды.
– Сатпаймын да, бермеймін де, өзім жүгіртемін, – деген сөздермен шығарып салады. Бере салғысы, жақсылап бұлдап сатып-ақ жібергісі бар, бірақ сатып алушының көзінен кесірлікті көріп қалады, «осы жаман неме ат баптаушы ма еді» деген сөзді оқып қояды. Содан туабітті қырсықтығы ұстайды да қалады. Қырсыққан сайын Қоспа Бүкірге жақындай түсті. Құдды қолында алтыны тұрып, соның қадірін білмей жүргендей сезінді. Айналып-толғанып, сылап-сипап кетеді, уақыты болса мініп алып қырға шығады, ары-бері желе-шоқырақтап бусандырады. Көкпарға барғысы келеді, бірақ қарт жылқышының қаһарынан қаймығады. «Бұл – бап талғамайды, өзін өзі жарататын жылқы» дегені қайта-қайта есіне түсе береді. «Бап талғамаса шаппай ма, тамақтан кенде емес. Өзін-өзі жаратпай ма?» – деп күңкілдеп те қояды ара-тұра. Сөйтіп, жалғыз аттың бабын таппай, не басқаға қимай жүргенде көршілес ауылда болатын тағы бір бәйгінің хабары жетті.
Күздің басы еді. Жұманың таңы күңгірттеніп атты. Аспанды бұлт торлап алған, сәскенің әлетінде себелеп бастады. Ақ жауын екен, сібірлеп апта бойы тұрып алған. Жер әлем лай-батпақ, Қоспаның қамыспен жаба салған атқорасының төбесінен су өткен, іргесін таспен қалап, қабырғасын сары батпақтан құйған еді, оның бір жағы опырылып құлады. Абырой болғанда ат аман, белағаштар іркес-тіркес келіп бір-біріне сүйкеніп тіреле тоқтапты. Бұрышта тұрған Бүкірге жетпеген. Қоспа қора ішіндегі қи мен батпақты кешіп жүріп Бүкірді сыртқа шығарды. Содан бері Бүкір далада. Маялап жиған шөптен қажетінше жейді, астауға құйылған судан қалағанынша ішеді. Бір жаманы – жерге аунағыш-ақ. Қос қапталына кезек аунап қора маңын шаңдатып жатқаны, аунап-аунап болған соң дүр сілкініп, мойнын доғаша иіп алып, қодыраңдай желетінін қайтесің! Қоспа осы бір аунағанын жақтырмайды. Жауынды күндері үсті балшық болады, жай кезде шаң тұтады. Бұрқылдай ұрсып жүріп өзенге апарып жуындырады, қайта қоя береді, бір қараса, Бүкір қара жерде қайта аунап жатады. Кей кездері өзінен-өзі ойнақтап, құйрығын көкке шаншып алып ары-бері ойқастай шабатыны бар. Міне, тағы да дүрсілдетіп шауып келеді. Тоңқаңдап мөңкіп-мөңкіп қояды, сақа аттардан көрі енесіне еркелеген құланжал құлынға ұқсап кеткен.
– Байқұс-ай, – деді Қоспа сүйсіне қарап. – Құлын боп енеңе еркелеп көрмеген сен де бір сормаңдайсың ғой, еркеле, шап, құйғыт! – деп дем берді. Қос саусағын аузына салып ысқырып, қиқулап, айқайлады. Өз өмірі де есіне түсіп кеткен.
...Қарап отырса бұл да бала болып ойнап көрмепті-ау, жастайынан нағашы атасының үйінде өсті. Қоспа деген атты солар қойған. Құжатта таңбаланған ныспысы – Ердәулет. Бірақ «ерлік» пен «дәулетті» жетім жиенге қимады ма екен, нағашы ағалары Қоспа атандырған. Мектеп бітіргенше өзінің шын есімін білмеді, мұғалімдер де фамиялиямен шақыратын, сол шақырыстарда бір жылылық болмаушы еді, ызғар есетін. Ал достары үшін Қоспа болды, солай қалды. Ауыл адамдары да солай атап кетті. Біреудің Ердәулет дегенін естімепті, тіпті қойнындағы қатыны да... Осы күні балаларына жұқты. «Кімнің баласысың?» деген сұраққа: «Қоспаның баласымын», – деп тұрғанын талай естіген. Өзіне неге осы атты қойғанына ойланып көрмеген екен. Қайбір жылы қатыны айтып, есіне салған. Айтқанда да жай айта салған жоқ, бетіне салық қып басып, табалаған. «Ағайын-туғанды шақырып, соғым басын уақтылы бермедің», – деп ұрыс бастаған өзі еді. Ұрыстың соңы әдеттегідей төбелеспен аяқталды.
– Ағайыншылын өзінің, ағайының солар ма, малай қылып жұмсаған. Малын бақтырды, шөбін шаптырды, кімнің үйінде жұмыс бар, соған жалға жіберді. Қыл-аяғы азан шақырып қойған атыңды ұмыттырып, Қоспа атандырды. Өй, шірік неме, Қоспа дегенді білемісің өзің. «Шеттен қосылған» дегені, «бөтен» дегені... Әрі-беріден соң ол адамға емес, малға айтатын сөз. Енді келіп «ағайын-ағайын» дейді ғой маған, – деді шаңқылдап. Тағы да бір ұрып сұлатып салуға ұмтылған еді, осы сөзден кейін есеңгіреген боксшыдай қалт тұрып қалған. «Шынымен де», – деді ішінен бір ой шырқырап. – «Шынымен де, неге Қоспа деді екен солар? Ердәулет десе аузы қисайып қала ма, тіпті Еркеш, Дәукебай дей салсын, неге өйтпеген? Бетбақ болса да мына қатын бірдеңе біледі-ау осы», – дегендей қатынына алая қарады. Ол «атқан оғым тиді ме» деген аңшыдай оқшырайып тұр екен. Мезетте көзін тайдырып, өткен күндерді ой елегінен өткізді. Кімнің үйінде жұмыс бар, солар келіп сұрап алып кететіні де рас. Мал қырқу, көң ою, шөп шабу, жер аудару, үй салу... Науқандық жұмыстың бірінен сырт қалмапты. Тамағын тойдырады әйтеуір, соған мәз болатын. Арқадан қағып, мақтап қоятын, киімін беретін. Жастайынан қара жұмыс істегендікі ме екен, қара күшке мығым болғанымен денесі еңкіш тартып өсті. Өзі құралпы жігіттер кеуде керіп алшаң басып жүргенде, бұл бір қылмысы бар адамдай, басын төмен салып бүкшие берді. Ақыры Қоспа атына «имек» деген анықтауыш жалғанды. Ел «Имек Қоспа» дейтінді шығарды, тап бір осы ауылда оншақты Қоспа тұратындай... «Шынымен де осылар мені құл есебінде ұстапты-ау, ә?!» – деп күбірлеген. Күбірлеген күйі үйден шықты. Өзімен өзі сөйлеп жүр, күбірі сыбырға ұласқан. «Қалай сонда?», «не үшін?» дейді ара-тұра ернін болар-болмас жыбырлатып. Ерттеулі атына қарғып мінген. Өрістегі қойға емес, тікелей ауылға шапқан. Сырдескі «достарын» тез-ақ тапқан, бірер жартылықты босатып, іштегі өртті басқан. Ақыры нағашыларының үйіне барып ат ойнатқан. Іштегі ыза мен өкпе-ренішті түгел ақтарған. Жеңгелерінің шаңқылдағаны болмаса, екі ағасы қарсы келіп, жанжалдаспады. Айтылған сөзге де, қираған дүниеге де самарқау қалып танытты. Өкініштен өртенген түрлері әлі көз алдында.
...Ойланып тұрып қалыпты. Жотасынан әлдекім түрткен кезде өз-өзіне келген. Бүкір екен, пыр-пыр етеді. Тұмсығымен түртеді. Ойнақтап болып, енді жем сұрап тұр.
...Мойнынан құшақтап, жалына тұмсығын тыға бере өксіп-өксіп жіберді.
***
Бұзылған қораны жөндеуге Қоспа ертеңіне-ақ кіріскен, бірақ жалғызілікті адамның ісі өнбей, әбден діңкелетті. Балалар – сабақта, әйелі сиыр сауып, ас қамдап күні бойы күйбеңдеп жүреді. Қыр астында қыс келе жатыр. Тезірек қалқайтып қора тұрғызып алмаса, мініс аттары мен сауын сиырлар далада дірдек қағары рас. Соны ойласа, Қоспа қазірден қалшылдап жаурап кетеді. Ертеңгілік қойды өргізіп жіберіп бір-екі сағат қорамен алысады. Түсте суатқа түсірген соң тағы кіріседі. Сары топырақтан құйылған кесектің жартысына жуығы жарамай қалды, су тиіп морып, мылжа-мылжасы шығып кетіпті. Қалып жасап, қайта құюға тура келді. Аттың бабы жайына қалған. Бәйгіге он күн қалғанда ғана қораның қабырғасын қалап, шатырын жапқан. Ашық қорада бос жүрген Бүкірді де ұстады. Күнде мініп, күнара бусандырып отырды, екі рет қалың жабулап қамау терін алған. Сол баппен жетпіс ат қосылған аламанға әкеліп, қосты да жіберді.
Шабандоз бала тәжірибесіздеу болды ма, әлде ә дегенде тығылып қалды ма, Бүкір топтың соңын ала шығыпты. «Қап! – деді Қоспа күбірлеп. – Қалың шаңға ұрынатын болды, танауынан кірген шаң өкпені қауып тез алқынатын болды-ау!» – деді өкіне.
Бәйгіден күдерін үзгендей күйгелектене бергені сол еді, көз алдында қарт жылқышы пайда бола кетті. «Саспа, жел жағын алып отырса, болғаны», – дейді. Аздап сабасына түсті. Жан-жағына қарап еді, ауылдастары бір көліктің көлеңкесінде отыр екен. Орта бос емес секілді. Қойторыны сауырға бір салып солай қарай беттеген. Іштегі өкініш өртін отты сусынмен бір тойтарып алып, қайта қайырылғанда Бүкір алдыңғы топтың соңынан кетіп барады екен. Үш жүз қойды бір шуатқаннан санап жіберетін қырағы жанары бәйгі басындағы аттарды түгел шолып шықты – он екі ат. Он үшінші – Бүкір. Тоғыз атқа бәйгі тігілген. Алды – автокөлік, соңының өзі жаман емес – теледидар. «Бұйыртса, бір жүлдеге ілігерміз», – деді ішінен.
Ырду-дырду болып жатқан достарына тағы бір барып қайтты, құр барған жоқ, «бәйгімді алдын ала жуғаным» деп екі шөлмекті ала барды. Тілек айтып, тостаған көтеріскен. Қоспа ат үстінде шайқалақтап, бәйгі алаңына қайта жақындады. Аттар соңғы айналымға бет алыпты. Шамамен он қаралы ат кетіп барады. Соңғы орындарға ілігерміз деген дәмемен тағы бес-алты ат шалдықса да, қамшыға сүйеніп салпақтайды. Көзі бұлдырады ма, әлде әлгіндегі ұрттап-татқан арақтың буы бусандырды ма, Бүкірді таба алмады. Не – алдыңғы, не артқы топтың ішінде көрінбейді. Қоржынында дүрбісі бары есіне түскен, дереу ала салып бір төбенің үстіне желе-шоқырақтап шықты. Алдыңғы аттар бәсекені бастап кеткен екен, шашырай шауып барады. Тек бірінші келе жатқан үш ат бір-бірін жіберер емес, тізгін ұшынан байлап тастағандай. Осы үшеудің бірі болмаса, басқа жерден Бүкірді көре алмады.
– Иә, әруақ! – деді тебіреніп. Өн бойы бір шымырлап басылған. Алдыңғы үштікке қадалып отыр. Астыңғы айналымға жеткенде үшеудің бірі – сәл-пәл кейіндей берді, құйрық тістесе, біраз жерге дейін ілесе шапты, содан кейін құрық бойы қалыңқырады. Қосақталған екеу ерегісіп келе жатқандай, бергі жақтағыны таныды – арабы тектес есік пен төрдей жирен қасқа байтал. Құйрығын көкке шаншып алып шабады екен. Бәйгі басталғаннан алдыңғы топта жүрді, бірде – озып, бірде –тартып еркін көсілген. Ал арғы жақтағының не қылаң, не баран екенін айырып болмайсың, жирен қасқаның қалқасынан көрінер емес. Шабандоз баланың басы мен білегіне ақ мата орап жібермегеніне өкінді. Қос жүйріктің өрге айналар сәтін тағатсыздана тосты. Осы өрге айналғанда қайсысы алға түседі, соның озары анық. Уақыт өтер емес, Қойторының белін майыстырып, бір отырып, бір тұрды. Әйтеуір, жетті-ау, өрге айналды-ау! Өз көзіне өзі сенбеді, Бүкірдің маңдайындағы жұдырықтай төбел қасқасы жарқ ете қалғанда атынан ауып түсе жаздаған. Дүрбісін тіктеп қайта қарады, қос жүйрік қатарласып алып сөреге қарай тіке тартып келеді, екеуі де – қасқа. Бірінікі – жалпақ, екіншісінікі – төбел қасқа. Одан кейінгісін көрген жоқ, бір орында тыпыршып тұра алмай кеткен, барқырай айғайлап, Қойторыны үсті-үстіне қамшылап, төбеден шауып түсті. Бір қараса, еңгезердей даяршы атымен қақпайлап жүр.
– Қайт, қайт, – дейді.
– Менің атым ғой, менің Бүкірім! – дейді шарасыз күйде. Дауысы да шықпай қалғандай, құмығыңқы естіледі. Біреу – жақтырмай, біреу – мысқылдай күліп жатқан секілді. Сырттай қарт жылқышы сынай қарап тұрғандай сезінді. Бір ысып, бір суынды. Дереу сабырын тауып, басқа кейіпке түсе қалған. Аттарға көз салып еді, сөреге екеуі тақап-ақ қалыпты. Екеуі іркес-тіркес өтті. Қайсысы озғанын бағамдай алмады. Сөреге қарай шапты. Әлдекімдер келіп қолын алып жатыр, арқадан қағады. Құттықтау мен мақтау-мадақтың бірін естісе, бірін естімеді. Есалаң адамша бір тебініп, бір бұрып Қойторының да есін аударды. Бір қараса, қара мұртты, алтын тісті біреу бетіне ежірейіп қарап тұр екен. Бағана өзін қақпайлап қуып шыққан жігіт. Жетегінде – Бүкір.
– Сен бе? – дейді ентіге. Астындағы омыраулы күрең өзінен бетер алқынады.
– Не мен бе?
– Сен бе, мына аттың иесі?
– Иә!
– Жүр онда, кеттік, – деп тізгіннен шаужайлай ұстап жетелей жөнелді. Бірінші аттың даяршысы осы екен. Сөренің маңы – құжынаған адам. Біреулер қызылкеңірдек болып айтысып жатыр, атын ойнатып, қамшысын білеп сабасуға дайын тұрғандары да бар. Арасында өзінің ауылдастары жүр, әлгінде көлік көлеңкесінде көкмойынды бірге босатқан стақандас достарын да көзі шалып үлгерді. Бәрі еліріп алған, «бұлар неменеге таласып жүр» деп ойлады. Қара мұртты жігіт топты киіп-жарып тура қақ ортасына барды. Барды да жұртты сабырға шақырып жатқан бас даяршыдан микрофонды алды. Үзеңгіге аяғын тірей түрегеліп, ат үстінен еңсесін өсірді.
– Міне, – деді бар дауысымен айқайлап. – Даусы зор, өзі адуынды жігіт екен. Шамасы көкпаршы болар.
– Міне, мынау ат озды. Құлағы озып келді. Фото, видео дәлелім де бар. Мен бұл екі аттың қайдан келіп қосылғанын, кімдікі екенін білмеймін. Маған әділдік керек, менің даяршылық міндетім – ат иесіне адал бәйгісін алып беру. Мен осы атты ұстадым, осыған бересіңдер бәйгіні, – деді күркіреп.
– Жөн-жөн!
– Дұрыс!
– Даяршы қай атты ұстаса, бәйгі сонікі, – десіп жиылған жұрт дуылдасып кетті.
«Әй, Қоспа», – деді осы кезде өзіне-өзі. – «Бұл, шынымен, сен бе? Жеттің бе, Қоспа, осы күнге? Өңің бе, әлде түсің бе, Қоспа? Байқұс Қоспа, жетім Қоспа, имек Қоспа... Бақ қонды ма, сен бейшараға да... Ендеше, сол бақты ұшырып алмағын, Қоспа!» – деп айқайлады ішінен біреу.
Бәйгіге су жаңа «Нива» автокөлігі тігілген екен, соның кілтін алар сәтте де толқуы басылмады. Көліктің ішіне кішігірім теледидар салыпты, сыртына кілем жабылған. Қоспаны әлдекімдер көтеріп әкеліп көліктің ішіне тығып жіберді. Кілтті бұрап оталдырып, енді жүрейін дегенде атқа мінгені, жаяу жүргені, кәрісі мен жасы бар, бәрі жолын кес-кестеген.
– Ырым бер, ырым, – дейді даурығып.
Талай бәйгіде көріп жүрген салты ғой, Қоспа соны бұза жаздағанына қысылды. Қалтасын қарманып еді, жөндемді ештеме ілікпеді. Көлігін тоқтатып, сыртқа шықты. Кілем мен теледидарды сол жерде арзанды-қымбатты саудалап, бір уыс ақшаны әлгі даяршы жігітке ұстатты. Қалғанын ауылдастары мен тілекші жұртқа ырым қылып түгелдей үлестірген. Балалары түрлі-түсті теледидарға қызығып: «Өзімізде қалдырайық», – деп қиылған, бірақ Қоспа илікпеді.
– Бәйгі аты – жекенің емес, көптің меншігі, – деді. – Алған бәйгіңнен елге үлес беру керек. Ағайындармен, аттың жолын тосқан жанкүйер жұртпен бөліскен ләзім. Сонда тілекшің көп болады, әрі-беріден соң бәйгіні аттың күшімен қоса, көптің батасымен алып отырмыз, – деп бұртиып отырған баласына басу айтты. Деуін дегенімен бұл даналықтың өзіне қайдан келгеніне таңғалып қалды. Әйтеуір, бір жерден естіген сөзі. Қарт жылқышы айтпаған секілді еді мұндайды, әлде айтты ма? Бәлкім, түсінде көрген болар. Ол жағын ойлап жатпады. Көліктің газын гүжілдете басып ауылға тартты.
...Көк «Нивадағы» көңілі көкте шалқыды.
***
Сол жылдың күзі еді бұл да. Көк «Ниваның» ұтысынан көп уақыт өте қойған жоқ, ұзаса, бір ай, не бір жарым ай... Алыстағы бір бәйгінің дүбірі жеткен. Қоспа әуелгіде жердің шалғайлығын ойлап, елеңдей қоймады. Бірақ қызық қуған, желік буған ауылдастары әйтіп-бүйтіп көндірді. Атты тиеп апаратын көлікті біреуі табатын болды, екіншісі – жанармайдың құнын мойнына алды. Осылайша, ауылдағы тұяғының желі бар бір құнан, бір тайды Бүкірдің қасына қосып, үш атты тиеп жолға шыққан. Шамамен бес жүз шақырымдай жол жүрді.
Барған күні «батаоқыр» бәйгілер өтті. Ас иесі өсіп-өнген әулет екен. Жекжат-жұраттары бірінен соң бірі «батаоқыр» жасады. Сәскенің әлетінде басталған, кешкі сағат бестерде бір-ақ біткен шығар. Аттың өзі үш рет шапты, тай-құнан одан да көп. Ауылдан барған қара құнан бірінші келіп, күрең тай үшінші орын алды. Қоспа Бүкірді қосқысы келмеді.
– Жол жүргендікі ме, денесі салығып тұрғандай. Демалсын, ертеңгі аламанға бір-ақ жіберермін, – деді жолдастарына. Бірақ Бүкірдің түр-әлпетіне разы емес. Алдыңғы бәйгіде шабыс тілеп, жетекке алса, қайта-қайта тұмсығымен соғып, үстіне адам мінсе, мойнын сүзіп қоймаған. Осы жолы соның бірі жоқ, сүлесоқ. «Бәйгіні көрсе елеңдер» деген, оған да міз бақпады. Қоспа қобалжыды, бәйгіге қосқысы келмеді.
– Сонша жерден салпақтап құр келдік пе? – деп серіктері кеу-кеулейді. Көңілі күдікті ойға күпті болғанда жетіп «келетін» қарт жылқышы бір көрінді де, үн-түнсіз кеткен. Қайтып көзіне шалынбады. Ақыл сұрар адам жоқ. Ақыры аламанға жіберді. Ә дегендегі шығысы жаман болмады, алдыңғы топта жүрген, бірақ ана жолғыдай еркін шабыс жоқ. Ұмтылыс бар, күш жоқ. Әйтеуір, отыз шақырымды әупірімдеп шауып шықты. Жүлдеге ілінбеді. Қоспа қатты қапаланды. Шыжбалақтап берекесі кетті. Бүкір одан бетер қапа болған сыңайлы, жетекке алған кезде Қоспаны тұмсығымен бір сүзген.
– Әй, – деп зекіп дауыс көтере бергенде ұмтылып барып қыршып алды. Қайта қалың түйе жүн шекпеннен тісі өтпеді, әйтпегенде осып түсер еді. Қоспа тізгінді жұлқи сілкіп атқа сес көрсеткенімен қамшы жұмсаған жоқ. Өзін кінәлі сезінді. «Басқалар қыршығанша сенің қыршығаның жөн» деген ішінен. Қай жерден сүрініп, неден қателескенін бағамдай алмай, басы қатты.
Үйге келген соң да осы бір ауыр ойдан арыла алмады. Көңілсіздіктен құтылмады. Ертеңіне көрші ауылдағы жылқы фирмасына барып, атбегі жігіттермен тілдескен. Олардың ат бағу тәсілдерін көргісі келген. Бірақ аттардың астын тазалап, жем-суын беруді, мініп алып шапқылап шабуды ғана білетін жас балалар мандытып ештеңе айтпады, әлде бас бапкері тыйым салған ба, не сұраса да: «Білмейміз», – деп ыржалаңдап шығады. Ары отырып-бері отырып жөні түзу ақпарат естімеген соң жаратып отырған жүйріктерін көрмек болып қорасына кірген. Жәшік-жәшік алма, қап-қап сәбіз үйіліп жатыр, аттарын байламайды екен, атқораның ішінен кішігірім бөлмелер жасапты, соның ішінде бір-бірден бос жүр.
– Сәбіз, алма не үшін?
– Аттарға береміз. Витамин ғой.
– Мыналарың бос жүр ғой...
– Мінер кезде ғана байлаймыз. Бір-екі сағат бұрын... Бос жүргені жақсы, қозғалыс болады, қан тарайды...
– Ей, сорлы Қоспа!
– Не?
– Жай, өзімше, – дей салды. «Сорлы Қоспа» дегенді үйіне жеткенше айтып келді. Көк «Ниваның» газын гүжілдете басқан сайын өз сазайын өзі берді. Сорлы Қоспа, жетім Қоспа, түк көрмеген байқұс Қоспа, дүмбілез Қоспа, Имек неме... Әншейінде әйелі айтатын балағат сөздер бұл жолы өз аузынан ақтарылды.
– Иә, әуелгіде қораң бұзылып, баптауға мұршаң болмады. Бүкір күні бойы ашық қорада бос жүрді ме?
– Иә, жүрді.
– Сол кезде бас бәйгіні алды ма?
– Иә, алды.
– Ал енді не деп былжырап отырсың, кеңкелес! – деп добалдай жұдырығымен көліктің орындығын тоқпақтап-тоқпақтап жібереді. Ол тоқпақтаған сайын орындықтан бұрқ-бұрқ етіп шаң шығады.
– «Бұл – өзін-өзі баптайтын жылқы, аздап жел қақтырып, күнделікті мініп етін қатайтып, бірер суытып бусандырсаң болғаны, ішіп-жемін өзі біледі» дегенді қарт жылқышы саған айтты ма? – деді қайта күш алып.
– Айтты.
– Енді не қыл дейсің маған, нақұрыс-ау?! – деп барқырай айқай салады.
– Сен «сіңімді болады» деп жоңышқаны шақтап бердің, жемді де атдорбамен ілдің, «ішін тартамын» деп күніге екі-үш сағат қаңтарып байладың, – деп тағы шүйлігеді. Мұнысына қарсы айтар жауап таппай үнсіз қалады. Сол үнсіздікпен үйіне жетті.
– Әй, – деді көлігі көк қақпаны сүзе тоқтаған тұста. – Әуелгі бәйгіге қалай жараттың, солай жарат енді. «Анау айтты», «мынау айтты» дегенді қой, – деп сұқ саусағын шошайтты.
Бір ырғалып көлігінен түсті. Жол бойы өзімен-өзі сөйлескенін «өзге жұрт көріп қоймады ма» дегендей жан-жағына ұрлана қарады. Көшеде ешкім жоқ екен. Арызын айтқан соң іштегі өкініш, күйік түгел шығып кеткен секілді, еңсесін езіп тұратын зілмауыр ойдан арылып, әжәптеуір жеңілдеп қалыпты.
...Ширақ басып қораға бет алды.
***
Бүкір қаракөлеңке қорадан қайта далаға шыққан. Басындағы ноқтасы сыпырылды. Күні бойы бос жүреді. Ашық қораның ішінде бірде ойнақтайды, бірде аунайды, бірде тауықтарды тұмсығымен түртпектей қуып, әйтеуір, өзіне ермек тауып алғыш. Екінтінің әлетінде есіктің көзіне келіп тұрады. Осы уақта етігін сүйрете басып Қоспа да көрінеді. Ерттеп мініп қырға шығады. Бірде жазыққа салады, келісіде тауға тартады. Жазықта көбіне «парға» деп жыртылған егіс алқабын кезеді, борпас топыраққа шашасынан батып малтыға жүру оңай емес. Ақ көбік болып терлейді.
«Шыда, шыда. Күшің көбейеді», – дейді Қоспа жалынан қағып. Айтуын айтқанымен мұндайда атымен бірге қиналады. Айдаудан тақыр жерге шыққанда екеуі де қутың қағады. Ал тауға жүрер болса, тікелей Қоңыртөбені бетке алар еді. Бергі жағындағы жатаған тауларға мойын бұрып қараған емес. Басынан қысы-жазы қар кетпейтін Қоңыртөбе қанша биік болса да бауырындағы жоталары жайлы. Бір қырқадан асып, келесінің жалына жармасып кете барасың. Әуелгі кезде етегінен қайтып жүрді, бірте-бірте жүріс жолын ұзарта берді. Белортасына жетті, иығына мінді, ақыры ұшар басына да шықты-ау!
«Ә-у-у, Қоспа! Ә-у-у!»...
Қоңыртөбенің ең биік шоқысынан шыққан айқай сай қуалап кете барды. Жартастан-жартасқа соғылып жаңғырған. Бала күнгі әдеті. Қой жайып жүріп талай келген, тап осылай тау басында тұрып айқайлайтын. Елдегі ең биік жерге келгенде еңсесі өсіп қалатын. Етектегі ауылға маңғаздана көз тастаушы еді, ондағы адамдарды ойша елестетіп өзін солардан зор санайтын. Сол кезде өзінің жетімдігін, өзгелерден көрген құқайын, ауыр еңбекпен өткен күндерін, ой жамылып, қайғы құшақтап өткерген түндерді бір сәт ұмытатын. Кей кездері Қоңыртөбенің ұшар басына бұлт ілініп қалушы еді. Қойды тау қапталына беттете салып, тезірек жетуге асығатын. Бұлтты ұстап қалғысы, лаж болса үстіне мініп, өзіне беймәлім басқа әлемге көшіп кеткісі де келетін. Бірақ алыстан әдемі көрінген ақша бұлттар жақындаған кезде жай ғана соқыр тұман болып шығып, аптыққан көңілін аласартып қоятын. Ондай кезде буалдыр тұман ішінде булығып жылайды. Неге жылайтынын өзі де білмейді, әйтеуір, солқ-солқ өксіген күйі қойына бет алатын.
Бүгін де бала күнінде талай мінген шоқпартастың үстінде арқардың құлжасындай талтайып тұр. Жан-жағына маңғаздана көз тастады. Бәрі сол қалпы, ештеңе өзгермегендей. Тас арасына тамыр жіберіп, әлдеқайдан өлмес нәр алып тасжарған тұр, әріректе топталып өскен арша, одан беріде бір-бірімен бой жарыстырған қойтастар, серке шоқылар. Найғазай түскен бе, бір-екеуінің басы қақ жарылыпты. Биікте тұрғандікі болар Қоңыртөбенің басына жайдың оғы ежелден жау. Жаздыкүні аспанды бұлт торласа болды, осы таудың басында от ойнатып, күн күркіреп, әлегін салатыны бар. Әр барған сайын соғыстан кейінгі сарбаздардай найзағай түскен тастар жайрап жатушы еді. Бір күні соның біреуін таудан домалатам деп таяқ та жеген.
...Жаңбырлы күннің ертеңі еді. Найзағай үлкен жартасты қақ жарыпты. Құлаған бөлігі жерге бір-екі аунап барып тоқтапты. Кепе қозыдай бір бөлігі тағы туралып түскен. Балалық әуестік қой сол, басқа бөтен ойы жоқ еді. Әлгі кепе тасты мықшыңдап жүріп жар жиегіне тақады да, төменге қарай домалатып жіберген. Бірден жолындағы бытысқан қалың шөп пен ұйысқан тобылғыларды жапырып құлдилай жөнелді, біраздан соң секіре бастады, жерге бір тиіп, бір ыршиды. Аспанға шапшыды. Етекте еліре ағып жатқан Тентектің суын кешіп өтіп, жағасындағы қорысқа барып дамылдаған. Қызық көріп тағы домалатқысы келді. Жерге жартылай сұғына кіріп жатқан бір тасты қопарып алып және жіберді. Одан кейін келесі, келісіден кейін келесі... Жібереді де, қызықтап қарап тұрады. Осылай қызық қуып жүріп таудың теріскей бетіне қарай тас домалатып жібергенін аңдамай қалды. Бағанадан бері күнгей бетке домалатып жатқан, ол жақта жүгірген аң болмаса, жайылған мал жоқ-тын. Ал теріскей бетте мал қалың. Шиыршық ата зулаған қожыртас қай тұсқа барып дамылдағанын білмейді, бір білері сай табанындағы суатқа құлаған отар қойды жарып өткен. Байқұс жануарлар қасқыр тигендей дүркірей қашты. Арғы жағынан атқа мінген қойшының қарасы көрінген бетте жүрегі зуылдап-ақ кетіп еді. Дереу бұта-бұтаның арасымен бұқпантайлап зытты.
Адам түгілі таудың аңын түгендеп отыратын қойшылар қойсын ба, Қоңыртөбенің ұшар басына өрмелеп бара жатқан мұны дүрбі салып отырып көрген, тас домалатқанын да білген. Сол күннің кешінде соққыға жығылып, солқылдап жылап жатты. Қой-қозысы бар, барлығы бес бас өліпті, үшеуі мертіккен. Түгел мойнына ілінді. Нағашылары ара түспеді, шығынның орнын толтыруға да көмектеспеді. «Бес қойдың орнына екі ай жалшылықта жүрсін» деген үкім кесілді. Үлкендердің шешімі солай болған. Екі ай бойы әлгі байдың малайы болып жүрер ме еді, күзде сабақ басталып жаны аман қалды. Мектептегі мұғалімдер құлағдар болып, олар тәртіп сақшыларына хабарлап, кіші-гірім дау-дамай туындатып жатып, әзер арашалған.
... Дегенмен сол жаздың бір айын ақысыз-пұлсыз әлгі байдың жалшылығында өткізген.
***
Бала күнгі көңілсіз оқиғаны ойынан қуып шығуға асыққандай айналасына алақ-жұлақ қарап, тыпыршып кеткен. Бүкір әлгінде қойған жерінен тапжылмапты. Тау басындағы салқын самалға кеуде тосып, тер кептіріп тұр. Қойторы болса, әлдеқашан шөпке бас қояр еді, бұл тізесін ұрған көкорай шалғыннан тістеп ауызға салмады. «Әй, жануарым-ай!» – деп сүйсінді ішінен. «Бекзатсың ғой, бекзат», – деді. Сонадайда жалпақтас жарқ-жұрқ етіп күн көзімен ойнап жатыр екен. Жарқылы көз қарықтырады. Айнадай шағылысқан сол жарқылға қарап ойнаушы еді. Көзін жұмып алып қарайтын. Біраз тұрған соң қою қараңғылық жап-жарық болып кетеді. Жарық әлемде ойша түрлі кейіпкерлерді елестетеді. Кейде аң-құс, кейде мультфильм көреді. Кейбір кезде адамдар сұлбасы көлбеңдеп шығады. Ара-тұра шешесінің бейнесін көріп қалатын, ол бұған, бұл оған жақындай алмайтын. Қанша мәрте шешесі келіп құшақтаған бейнені елестеткісі келгенімен, түк өнбеді. Бір-бірін алыстан көзбен аймалап өте шығады. Неге олай? Неге келіп құшақтамайды? Бетінен неге сүймейді? Бұған несіне өкпелі? Әлде, қорқа ма екен? Қорықса, кімнен қорқады? Нағашыларынан ба? Мұның нағашылары оның бауырлары ғой. Несіне қорқады?
Есіне нағашыларын түсіреді. Өңкиген-өңкиген ірі адамдар. Бұл түгілі бір-біріне суық. Шешесіне де «қарындасым екен-ау» деп еміренгенін көрген емес. Бұлар оған әлденеге өкпелі, ол бұлардан әлдебір істе көңілі қалғандай. Көп те келмейді. Келгенде де ұрланып түн қатып келіп, таң бозынан ел көзіне көрінбей кететін. Келген кезде үйде мамыражай шаттық орнайтындай үнемі шешесін күтеді, бірақ, бірде-бір рет олай болған емес. Нағашыларының қалың қабағы одан сайын түксиіп, жеңгелерінің шаңқылы одан сайын үдеп, нағашы әжесінің әжім торлаған жүзі одан сайын солып, екі-үш күн көңілсіздік орнаушы еді. Сол көңілсіздіктің себебін түсінбейтін. Батыр тұлғалы нағашылары да ол туралы айтқан емес.
Бір қызығы, өңкиген-өңкиген нағашыларын қаншырдай қатқан, қолтоқпандай қатындары басқарады. Сол қатындардың сөзіне бола бір шаңырақта отырған екі ұл бірде тату, бірде араз. Нағашы атасының көзі тірісінде мал ортақ, қазан бір еді. Бір шарбақтың ішіндегі екі шаңырақтың тұрғындары біріне кіріп, екіншісінен шығып жүре беретін. Ол өлген соң-ақ екі үйдің есігі екі жаққа қарап қалды. Мал бөліске түсті, ал нағашы әжесі қайтыс болып, жылдық асы берілген соң екі үйдің ортасын көлбей дуал соғылды. Ол қоршаудың бір кісілік есігін ашып-жабатын жалғыз-ақ адам болатын –Қоспаның өзі. Мал мен дүниені бөлгенімен нағашылары Қоспаны бөле алмаған. «Сен ала сал» немесе «менде қалсын» дегенге қимады. Бір-біріне қимады. Қимайтындай емешегі үзіліп тұрған ештеңесі жоқ қой, қара жұмысты жапыра істейтін жиен, жиен емес-ау жалшы екеуіне де керек, болған-біткені – осы. «Екі үйдің арасында жүрсін» деген екеуі де. Бұл жүрді де. Әлгі жалғыз кісілік есіктен ары өтіп, бері өтіп екі үйдің бар шаруасын тындырады. Бірде ана жақтан, бірде мына жақтан қарын тойдырады. Жатын орны – нағашы атасы соққан қоржын там. Әлгілер өзді-өзі даңғарадай үй салып алған, ескі құжыра басы бүтін Қоспаның иелігіне өткен. Өзі от жағып жылытады, ас-ауқатын сол жерде ішеді. Нағашы әжесінен қалған қызыл диванға киімшең қисайып, ұйқыға кетеді. Түрлі түс көретін, түсінде шешесі үнемі жылап жүретін. Ал әке бейнесін екі әлемінде де көрмепті. Қанша ойласа да кескін-келбетін елестете алмаған. Жалпақтастың жарқылына көзін жұма қарап тұрып та талай мәрте әкесі туралы ойлады. Бірақ қиялындағы сұлбасын сомдай алмады. Бірде нағашы ағаларына ұқсап кетеді, енді бірде ауылдағы есерсоқ еркектің бірі болып шығады. Сонда да жалпақтасқа қарап көзін жұмып, көңіл қиялын қыдыртқанды ұнатушы еді.
... Жаз келіп, жайлауға шығар кезді асыға күтетін.
***
Қоспа жалпақтастың жарқылына бет түзеген қалпы көзін жұмып бірқауым уақыт тұрды. Ойша өмірін елестетті. Көзімен бірге көңілі де сонда кеткен. Әлгі бір таудан тас домалатам деп сойылға жығылғанын еске алған тұста жайлаған көңілсіздік бойынан кеткендей. Көзін ашып, жартас басынан жерге қарғып түсті. Жалпақтасқа қарай жүрді. Бұрын осы аралықты жүгіріп өткеретін, қазір денесі ауырлаған ба, аяңдап келеді. Жалпақтастың үстінде қар жатпайды, күн көзімен үнемі қызып тұратын. Кей кездері осының үстіне аткөрпесін төсеп жіберіп, көз шырымын алушы еді. Тастың үсті толған ирек жазба, қиқы-жиқы аң мен адамның суреті. Кім салғанын, қашан жазылғанын білмейді. Қайбір жылы бір топ адам келіп күні бойы осы маңда тіміскіленіп жүрген. Кейіннен газет бетінен фотосуретін көрді. Сол суреттің бірінде «Қоспа-81» деген жазу таспаланған. Астыңғы шетіне «көне ескерткіштерді жергілікті тұрғындар түрлі жазу жазып бүлдіріп жатыр» дегендей сөздер жазылыпты. Әуелгіде өз атын газеттен көргеніне қуанып қалған көңілі лезде басылды. Ары қарай оқыды. Заң бойынша жазалау, айыппұл салу туралы сөз болыпты. Қарадан қарап қысылды. Өзін әлдекімдер келіп ұстап әкететіндей бір-екі күн үрейленіп жүрді.
Тас қашау бала күнгі ермегінің бірі еді. Кейде сурет салады, көбіне-көп атын жазады. Осы маңда Қоспаның аты жазылмаған тақтатас қалмаған шығар, сірә да. Өзінің қолтаңбасын көргісі келді. Тастан тасты қуалап, іздей бастады. «Қоспа-81» деген жазуды әр-әр жерден көріп келеді. Бірақ соның біріне тоқтамады. Көп ұзамай іздегенін тапты-ау. «Ердәулет-81» деген жазба қарақошқыл қойтастың бетіне қашалыпты. Терең-ақ қашап жазған еді, сонда да «Ер»-і өшіп, «дәулет»-і ғана қалыпты.
Бұл жазуды өзінің шын аты Ердәулет екенін естіген кезде келіп жазған.
...«Мектептен іздеп жатыр» деген хабар жеткенде қорада көң ойып жатқан. Айлап сабаққа бармайтын мұны мұғалімдер онша-мұнша іздей қоймайтын. Тоқсандық қорытынды шығарар тұста сынып жетекшісі ыздиып келіп, ырза боп кететін. Қос жеңгесінің бірі шәй беріп, екіншісі қолтығына бірдеңесін қыстырып шығарып салады. Ертеңіне екі-үш күн сабаққа барғансиды, сол екі-үш күн ғасырдан да ұзақ көрінетін. Мұғалімдер оқудың пайдасы туралы ежіктеп айтып, сыныптастары сөзбен түйреп, дегбірін алады. Қай-қайсысы болсын бұның сауатсыздығын бетіне басқысы келіп тұратындай көрінетін. Әйтеуір, аты-жөнін жаза алады, соған тәубе дейтін. Таудың тасына атын бәдіздеп жүргені соның арқасы.
Бұл жолғы мұғалімдердің іздеу себебі бұрынғыдан басқа екен. «Паспортқа суретке түседі, ертең таңғы сағат: 10.00-де әкімдік кеңсесіне келсін. Туу туралы куәлігін ұмытпасын», – депті. Біркиерін үстіне іліп, айтылған уақытта кеңсеге барып тұрды. Үш сыныптың ұл-қызы түгел жүр. Барлығы сұлу торыаттай жасанып, киініп алған. Бір бөлмеге кіріп-шығып жатыр. Кезек бұған да жетті.
– Аты-жөнің? – деді есік көзінде отырған толықша келген келіншек. Қапелімде не дерін білмей бөгеліп қалды.
– Әкел, – деді қолын созып. Туу туралы куәлігін ұстата салды. Бағана жеңгесі сандық түбінен әзер тауып берген.
– Ердәулет Боранбаев.
– Кім? – деді күмілжи.
– Не? – деді толықтау әйел ештеңені түсінбей.
– Менің атым Қоспа ғой
– Қалай Қоспа? Мынау кімнің метіркесі?
– Менікі шығар...
– Сен Ердәулетсің бе?
– Жоқ, Қоспамын.
– Ей, басты ауыртпашы, а, бар жүгір, әкеңді не шешеңді ертіп кел. Адамды жынды қылып осылар да, – деп туу туралы куәлігін үстел шетіне лақтырып жіберген.
Алып-ұшып далаға шықты. Жел ұйытқып тұр екен. Бүрсеңдей басып үйіне жеткен, үлкен нағашысын ертіп қайта барған. Шын аты Ердәулет екенін сонда білген. Бастапқыда таңғалды. Артынан ызаланды. Көңілі алай-дүлей болды. Даладағы дауыл мұның ішіне кіріп кеткендей жан дүниесін сапырып жатыр. «Неге?» деген сауал ішіне сыймады.
«Неге?» – деді толықша әйелге жаутаңдай қарап. Ол ернін бұртитып, иығын қиқаң еткізді де «мынадан сұра» дегендей нағашысына иек қақты. Сұраулы жүзбен нағашысына қарай берген, ол осы сұрақтан жасқанғандай ары бұрыла берді. Күжірейген желкесі бұл сұрақтың тап осы жерде жауапсыз қалатынын аңғартқан. Асығыс кетуге ыңғайланды.
«Қолыңды қой!» – деді толық әйел осы кезде. Саусағы әзер иліккен. Жүректің дүрсілі қолды дірілдеткен, қол ғана емес қалам, дәптер, тіпті жаңғақ ағашынан жасалған үлкен үстел дірілдеп кеткен.
«Тездетші, а?» – деді толық әйел жақтырыңқырамай. Ол дігерледі екен деп қолдағы діріл жоғалмады. Қоспа деп жазарын немесе Ердәулет деп таңба басарын білмей тағы дағдарды. Қара терге түсті. Ақырында үлкен қылып «Е» әріпін салды да, үстін шеңберлеп шимайлай салды. Алды-артына қарамастан зытты. Осылайша, әкімдік кеңсесіне Қоспа болып кіріп, Ердәулет болып шықты сонда.
Көп ұзамай жеке бас куәлігін алған. Ешкімге көрсетпей кітаптарының арасына тыға салды. Суреті де, басқасы да өзіне ұнамап еді. Ал қолтаңбаны өзге түгіл, өзі танымады. Кішкене баланың шимайындай адам түсінгісіз бірдеңе. Тек Ердәулет деген жазуға елжірей қарағаны есінде. Ара-тұра сол жазуды оқу үшін ғана куәлікті қолына алатын. Өзіне есімі ұнайтын, өзгелер де солай атағанын қалайтын. Сыныптас қыздарының: «Ердәулет», – деп қиылып тұрғанын елестетіп, оңашада қиялданатын. Қолы қалт еткенде көмірдің кесегін алып қораның есігіне, белағаш, діңгектеріне Ердәулет деп жазатын. Жаза-жаза үйреніп алды. Сол машықпен жазда жайлауға шыққанда тау басындағы жақпартастардың біразына таңба да салған. Бүгінгі жазу – соның біріншісі. Қолымен сипалап тасқа біткен қына-мүгін тазалап еді, астынан бірнеше санның сұлбасы шықты. Шекпеннің жеңімен ысқылай сүртті. «1998» деген жазу анық көрінді. Сол жылы жазған. Алақанын жайып жіберіп, саусақ бүгіп санады. Бір-екі рет жаңылып кетті. Қайта санады.
«Содан бері жиырма бес жыл өтіпті-ау!» – деді күбірлеп. Айналадан тас кесектерін әкеліп жазу үстін қайта қашап, тереңдете бастырды. «Енді өшпейсің» – деді «Ердәулет» деген жазуға мейірлене қарап тұрып. «Енді сенің атың өшпейді, Ердәулет!» – деді тістеніп. «Ешкім өшіре алмайды, ешкім де! Ердәулет, тыңдап тұрсың ба мені? Сенің атың өшпейді. Ердәулет!» ...
Қанша мәрте өз атын қайталағаны есінде жоқ. Тауды жаңғыртып: «Ердәулет» – деп айқалап тұрғанын анық біледі. Айқайлаған сайын ышқына жылайды. Қайдан келгенін байқамапты, аспанды бұлт торлап алыпты. Жаңбыр да себелеп, көз жасымен жағаласып сөлкілдейді. Шоқпартастың үстінен сүйретіле түсті. Бойы дел-сал, ойы айран-асыр. Үнемі осылай. Өткен өмірін есіне алса, қиналады. Соңында жылап тынады. Жылайын деп жыламайды-ау, көңілі бұзылса, көзіне жас кілкіп кеп тұратынын қайтесің. Елге көз жасын көрсетпес темірдей берік Қоспа оңашада ботадай боздайды, бордай езіледі. Бір ғажабы, жылаған соң еңсені езген зілмауыр ойдан арылып, едәуір жеңілдеп қалатыны бар.
... Сол себепті кейде жылау үшін тауға шығып, қыр кезетін.
***
Мектепке бір бара қалғанында мұғалімнің «сағыныш» туралы сұрақ қойып қинағаны бар. «Балалар, кімді сағынасыңдар? Қане, айта қойыңдар!» – деп тықақтай, бір-бірлеп тұрғызып, жауап алды. Әркім әлі жеткенше әңгіме құрап, әр нәрсені айталы. Өзіне кезек келмегенін қалаған. Қайдағы. Келді кезегі құрғыр. Кібіртіктей кідірді.
– Білмеймін, – деп иығын қиқаң еткізді, ақыры.
– Нені білмейсің? – деп мұғалім де қояр емес.
– Сағынуды, – деп еді басын қасып. Қара кәстөмнің қос иығына қайызғағы қарша жауғаны-ай. Мұғалім онан ары қинауды жөн көрмеді ме, астаң-кестең дүниесіе үңілуді қажет деп таппады ма, келесі балаға өте салды.
Сол күні өзінен-өзі торықты. «Неге мен ешкімді, ештеңені сағынбаймын» деген сұраққа жауап іздеді. Нағашы әжесінің қызыл диваны еске түсе береді. Соның үстінде бүк түсіп жатып, бүкіл әлемді шарлайтыны, небір қиял-ғажайыпты бастан кешіп, рақаттанып ұйықтайтыны... Сол бір тәтті ойлар үшін ғана әлгі диван өзіне ыстық. Ал басқасы керісінше ызғар есетіндей, қасірет шектіретіндей. Мысалы, қорадағы мыңғырған мал нағашы ағасы үшін көз қуантып, көңіл тоғайтатын байлық болса, бұған мехнат пен машақат болып қана көрінеді. Оның әрбірінің астын тазалау, шөп салып, жем, суын беру... Күні бойғы жұмыс, сабылыс, шаршау... Мал дегенде басқадай сезімді бастан кешпейді. Бау-бақша да тап солай. Жер қазу, суару, арам шөбін отау... Қара күшіңді сарп қылып, қара теріңді шүмектеп ағызар қара жұмыс!
Әйтсе де, әлденені сағынатын секілді. Сағынбайды емес, сағынады. Мұғалімге өтірік айтқанымен, өзін алдай алмайды. Сағынатыны бар. Мейірленіп бір құшақтамаса да, шешесін сағынады екен. Өмірі көрмеген әкесіне деген ерекше бір ынтықтық көңіл түкпірінен сығалайды. Бірақ, соны ешкімге айта алмайды-ау. Керісінше, әке-шешесі туралы әңгіме бола қалса, қызарақтап, тайқып кетуге асығатын. Мына бала қысылып-қымтырылды екен деп қысыр сөзін кім қысқартсын?! Айтылады. Айтылғандар дәл сол сәтінде, немесе бірер күнде құлағына жететін. Құлағына жеткен сөз көңілін жүндей түтіп, жүрегін еттей тілетін.
Шешесінің оқу қуып үлкен қалаға кеткенін, жыл аралатып жүкті болып жеткенін, босанған бетте нағашы әжесі бауырына басқанын талай естіді. Ал «Әкесі кім? Қайда?» деген сұраққа қанша құлақ түргенімен, жөндемді жауап шалмапты. Желсөз жүйкесіне тиіп, жанын жүдетпесе, қарық қылар хабар бұйырмады. Бірі – «жігіті алдап кетіпті» десе, екіншісінде – «жігітін әлдекімдер өлтірген» болып шығады. Тіпті «топталған еркектің зорлығына түскен екен, бейшара» деп көзбен көріп, қолмен ұстағандай зуылдататындар табылады. Бір анығы, бұның өмірге келуінің өзі – үлкен жұмбақ. Жай келмепті, бір әулеттің абыройын төгіп, сүйегіне таңба сала келіпті қайран басы. Оны нағашыларының қалың қабағы мен жеңгелерінің қатқыл үні ес білген шағынан-ақ ұқтырған...
Осындай тағдырды арқалата салған шешесін жек көретін де, іле жаны ашитын. «Сағыныш» деген сол болса керек. Ол келген сайын қойнына барып жатсам, сырлассам, шерімді айтып, көрген зәбір-жапаны ақтарып, мұңдассам дейтін. Бірақ қанша оқталса да, оқтау жұтып алғандай иліге алмаған. Салқын амандасудан әріге асқан емес. Шешіліп бір сөйлесуге оның да, мұның да дәті шыдамаған. «Неге сондай ынжықпын?» – деп оңашада талай мәрте өзін-өзі кінәлады. Ызаланып, долданды. Қорадағы қой-сиырды күрекпен ұрып, басқа теуіп, бар өшін жазықсыз жануарлардан алып опыр-топырын шығаратын да, қыстыға жылайтын. Қызыл диванда булығып, іштен тынып, бүк түсіп жатқаны болмаса, шешесі екеуінің арасындағы қамалды қирата алмады.
... Бұл жолы да Қоңыртөбенің басына алып ұшып жеткен көңілін лезде тұңғиыққа батырып жіберген осы бір ауыр естеліктер еді. Тау басынан теңселіп қайтты. Бойындағы бар қуаты түгесілген адамдай сылбыр. «Қайдағы-жайдағыны бекер-ақ еске алған екенмін» деп өкінді. Бүкір де иесінің хәл-жайын тақым қысысынан танығандай қараңғы түнде жолды жаңылмай тауып жортақтай жүрген.
...Қамшы салдырмастан, тізгін бұрғызбастан, үйге тура тарта алып келді.
***
4-БӨЛІМ.
Ауылда екі «Нива» бар. Бірі – ақ, екіншісі – көк. Ақ – әкімдікі, көк – Қоспанікі. Әкімге өкімет берген, Қоспа бәйгіден ұтқан. Құдай әуелі Бүкірді берді, бүкірейген көтерем құнан күйінде берді. Бүкірімен бақ та, байлық та бұйырды.
Сол бір көк «Ниваны» ұтар бәйгіден бері үш жыл сырғып өткен. Үш жылда не болмады десеңізші. Біраз дүние болды. Қоспа атақпен бірге шатақтың жүретінін, байлықпен зорлықтың қабат келерін о кезде білмеген еді, енді біледі. Енді Қоспа көп нәрсені біледі. Бұрынғы қойшы Қоспа емес, бапкер Қоспа, атбегі Қоспа да емес. Басқа Қоспа. Өз сөзімен айтсақ, «көзі ашылған, көкірегі оянған Қоспа». Айтпақшы, көк «Ниваны» әлі мініп жүр. Бәйгіден ұтқан шетелдік автокөліктің ешбіріне пысқырып қарамады.
– Әй, мұның не? Бір көлік, бір қатыннан өзгеге бұт артпай кетер ме екенсің өмірден?! – дейді достары қажап.
– Жақсы емес пе? – деп қарсы сұрақ қояды.
– Несі жақсы?
– Төрт есіктіден екі есікті жақсы ғой, қыста жылы болады, – дейтін қуақылана.
Қоспа бүгінде қой да бақпайды, әкімнің малын әлдеқашан өткізіп берген. Ауылдағы жуандардың санатына енбесе де, ел қатарлы қоңыртөбел тірлік кешіп жатыр. Баланың алды – Алматыда студент, кішісі – мектепте... Өріс толтырмаса да, қора қаңырап бос тұрған жоқ, өзіне жетер малы бар. Көк «Ниваға» қосыла есік алдында көк тракторы тағы қаңтарулы, бірі – қыдырысқа, екіншісі – жұмысқа... Тіркеме тиеп шөп тартады, отын-су тасиды, соқа тиеп жер жыртады. Қысы-жазы бір тынбайды.
Әлқисса, әуелгі бәйгіден соңғы уақиғаларға келейік. Сол бәйгі Қоспамен қоса Бүкірдің қырсығын қатар кескен. Бірақ білместіктен бір сүрініп барып оңалғанын, бір бәйгіден олжасыз қайтқанын әлгінде айттық. Содан кейінгісінде үздіксіз шапты Бүкір. Өз бабын өзі тапты Бүкірің. Ноқта дегенді көрмеді, ақырға да байланбады. Қысы-жазы ашық қорада бос жүреді. Суытып келген соң да таң асырып қаңтарып жатпайды. Жетелеп жел қақтырып, арқа тері кепкен соң Қоспа кекілін бір тарап, күректей алақанымен сауырдан сипап қоя береді. Мәнісін сұрағандарға жауап бермей қинайды-ау сабазың. Жауап берсе де, келте қайырады.
– Өзім білем!
Бар айтары – сол. Анығы, «өзім білем» емес, «өзі біледі» болуға тиіс. Бірақ Қоспаның да қулығы бір басына жетеді. Әлденені құпиялағансып елді ынтықтырып қояды. Иә, Қоспа емес, Бүкірдің өзі біледі, қай кезде оттап, қай кезде тоқтау керегін. Осылайша, «өздеріне» белгілі, өзгелерге беймәлім, бұрын-соңды бұл маңайда ешбір атбегі қолданбаған төтенше әдіспен келесі бәйгіге жаратылды. Аптасына бір мәрте атшабар алаңына барып, айнала шабады. Қалған уақытта жүріс, бірде тауда, бірде ойда... Ауыл маңындағы егіс алқабы уақыт өте қатайып кетеді. Ат аяғын соғып, мертіктіруі кәдік. Қоспа ол кезде тікелей Қопаның жазығына тартады. Көктемде суы көтеріліп, жазда соры шығып жататын борпылдақ сары топырақ қыстың аязында да ұнша үгіліп тұрады. Ат тұяғына да жайлы. Сарытышқанның іні көп, сол себептен шаба қалса, шоқырақтан арыға бармайды.
Қоспа бұл күнде ат баптау ісінде ешкіммен ақылдаспайды. Тіпті қарт жылқышыны еске алып, болмашыға бола әруақты мазалауды қойған. Оның бар білерін сіңіріп алғандай сезінеді. Соңғы бір «кеңескенде»: «күнделік жүргіз. Түйген-білгеніңді жазып отыр», – деп еді. Қалың дәптерді осы үшін сатып алды. Бүкірдің бүкіл қимыл-қозғалысын, мінез-құлқын, ішіп-жемін хатқа түсірді. Тіпті күніге қанша мәрте тезек тастап, шаптырғанына дейін жазды. Бір апталық жазбасын оқып отырып өзі таңғалған. Айдақ-сойдақ, өзінен басқа ешкім түсінбес қаріппен таңбаланған деректің ішінде шөп жеген кезі жоқтың қасы. Бар, бірақ аз. Су ішкен соң маялап жиған жоңышқаға басын тығып, бірер қарпыған. Оның өзі де үш-төрт минуттан аспапты. Қалған уақытты ашық қора ішіндегі жүріспен өткізген. Бір күнде жеті рет аунаған, тоғыз рет өзінен-өзі ойнақтап ары-бері дүрсілтете шапқан. Ең ұзақ жасаған әрекеті күнге қыздырыну екен, бірде кекілін аймалата қасқайып тұрады, бірде бөксесін тосып мүлгіп, сағаттап тапжылмаған.
«Бұл сонда шөпті қашан жеп жүр?» – деп Қоспа ойланып қалды. Бүкірдің түнгі қимылын аңдуға көшті. Қою қараңғылық еркін түсіп, аспанға ай қыдырып шыққанда Бүкір маяға тақап барды. Содан артық-кемі жоқ қырық минуттай гүтірлетті. Астаудағы судан ішіп қора ішін ары-бері кезді. Ана бұрышқа бір, мына түкпірге бір таяп барады. Әлденеден үріккенсіп атырыла шабады, мойнын доғашы иіп, құйрығын көкке шаншып одыраңдап желеді. Сосын, қайтадан жуасып, әр нәрсені тұмсығымен түрткілеп, тіміскіленеді. Жалт беріп үркіп, қайта ойнақтайды. Шамамен бір сағаттан аса жүрістен соң жерге төселген сабанның үстіне барып көсіліп жатты. Қоспа «болары болған шығар» деп кетуге ыңғайланды да, таңның атысын күтейін деп ұйғарды. Шөптің бір шетіне барып ол да қисайды. Көзі ілініп кеткен екен, гүтірлеген дыбыстан оянды. Алагеуім шақ екен, Бүкірі орнынан тұрып, маяға барыпты. Сағатына қарады да дәптеріне түртті. Жиырма екі минут бойы шөптен бас алмады. Содан кейін су ішті, жүрді-тұрды, аунады... Ертеңіне тағы бақылаған, кешегі іс-қимыл айна-қатесіз қайталанды. «Ораза ұстаған адамдай күндіз неге шөп жемейді десем, түнде тойып алады екенсің, ә, бәлем!» – деп Қоспа жымиып бір күлген. Содан кейін түнгі күзетке шықпады. Тек бәйгіге үш күн қалғанда бір-бір байқап көрген. Ұлы дүбірдің жақындағанын сезе ме екен, әлде қалай, әйтеуір мінез-құлқы мен қозғалысында өзгеріс бар.
...Күндіз де, түнде де ішіп-жеуі күрт азайыпты. Есесіне, жүрісі көбейген.
***
Ертең бәйгі деген күні кешқұрым атшабарға жетті. Бәйге алаңының бір шеті түгелімен атқора екен. Ұзыннан ұзақ салынған қоралардың әр бөлмесінде бір-бір тұлпар жер тарпып тұр. Соның бірін жалға алып, Бүкірді кіргізді. Өзі тоқым мен жабуларды қабаттап салып, аткөрпені жамылып іргеге таяу қисая салған.
Дабырласа сөйлескен адамдар үнінен оянды. Таң атыпты. Бүкір терезеге біреу тас қып байлап тастағандай маңдай тіреп тұр. Бүгін жатып демалмаған секілді. Екі рет тезек тастапты. Мына тар қапастан тезірек шыққысы келетіндей жер тарпи, осқырынып қояды ара-тұра. Суғарып, жарты сағаттай шөп шалдырды да далаға шықты. Күн арқан бойы көтеріліп қалыпты.
Атшабар іші аттылы адамға толы. Жабулы сәйгүліктің үстіне жарбиып мінген балалар үштен-төрттен топталып алып ат жүргізіп, кейбірі желе-шоқырақтап барады. Әрбір тұста атбегілер қыдиып қарап тұр. Бір-біріне онша жақындай бермейді, жақтыра да қоймайды. Әңгімелесе қалса, іштесіп кетпейді. Сөзге сараң, көңіл алаң. Әркім өз әңгімесін айтып, өзгенікін құлаққа ілмей кете барады. Есіл-дерті шеңберді айналып жүрген жүйріктерде. Солармен бірге жүреді, солармен бірге желеді, шабады, тіпті терлейді. Ара-тұра бүгінгі аламанда алдымен келіп, абырой асырар сәтін қиялдап та қоятын шығар, кім білсін. Тап қазір олар үшін басқа мақсат, бөгде мұрат жоқ. Жер әлемде соғыс басталып, топан су басып жатса да бәйгіден кейін ғана «бұ қалай болғаны» деп тұжырым іздер. Іштей ширығып, сырттай түйіліп алған.
Әне, күрең қасқаға мінген мұртты бапкер қамшысын бұлғап, шабандоз балаға әлдене деп айқайлады. Сол екі арада брезент жабулы торы құнан құйрығын көтеріп жіберіп, тезек тастады. Әлгі адамның көтерген қамшысы енді астындағы күреңнің сауырын осып түсті. Тыпыршыған күрең атырыла шапты. Әлгіндегі адам тап бір торының тезегін әлдекім ұрлап кетердей өңмеңдеп жетті де атынан қопарыла түсіп, буы бұрқырып жатқан жас тезекті алақанына салып, умаждай сықты. Жап-жасыл тезек қағаздай құрғақ екен, бірер тамшы зорға шықты. Атбегі әлденеге көңілі толғандай тезекті лақтырып жіберді де, қолын шапақтап қағып, арғымағына қарғып мінді.
Мына жақта қара жорғалы бір кісі қатарласа жүрген үш аттың қасына тайпалып жетті. Жабу астына қолын сүңгітіп жіберіп, содан кейін сол қолын тілімен жалап жатыр. Кәдімгі бал сорғандай талмайды. Аттан хабары жоқ адам көрсе, мына бір-екі көріністен тіксініп қалар ма еді, жиіркеніп кетер, бәлкім. Олардың бірі тезектің саны мен сыққанда шыққан сөлі арқылы аттың аш-тоқтығын, бабы келген-келмегенін біліп, екіншісі аттың терін жалап ащы тердің бітіп, тұнық тердің шыққан-шықпағанын тексергенін қайдан білсін?!
Қоспа да Бүкірді жетелеп бір қапталдан қосылды. Ешбір топқа қосылмай, елеусіздеу жалғыз жүрді. Атшабар шеңбердің жолы ауылдағыдай тақұл-тұқыл тепсең емес, борпас екен. Ат тұяғы шашасына дейін көміліп кетеді, есесіне, жеңіл әрі жұмсақ көрінеді. Әлгінде уыстап алып қараған, майда топырақ секілді үгінді бірдеңе. «Тазақанды жылқылар үшін шетелден арнайы қиыршық әкеліп төгеді» деуші еді, сол болғаны ғой деп іштей топшылады. Атшабарды үш рет айналды. Басында аяңдап жүрген, соңыра саржеліспен аяқтады. «Шабысты түстен кейінге қалдырайық» деген басын сүзіп, ауыздық кере берген Бүкірді жалынан қағып.
Көп күттірмей бәйгі де басталды. Әдеттегідей тай, құнан, топ жарыс, жорғалар бәсекесі... Ұлы бәйгі түс ауа басталды.
Көліктің көлеңкесінде байлаулы тұрған Бүкір бір қарағанда салыңқы көрінген. Бірақ жабуын сыпырып, жал-құйрығын сүзгенде басын көтеріп, дүбір аңдып, құлақ түрді. Шабандоз бала мінгенде көзі ойнақшып, қутың қақты. Тізгін керіп, басын екілене сүзіп, бәйгі аттары тұрған топқа қарай тартты.
– Әп, бәрекелді! – дескен ауылдастары.
– Жарайсың, мейіздей қатырыпсың, – деп Қоспаны мақтағандар да бар.
– Аттың бабы келіп тұр екен, енді бағын берсін құдай, – деп шынайы тілек айтқандар да көп.
Қоспа бүгін біртүрлі қобалжып жүр. Бағана бәйгіге тігілген көліктерді сыртынан көрген. Сөренің маңайына тізіп қойыпты. Кілең шетелдік автокөлік, ең нашары қайсы екенін болжап болмайсың.
«Бұйыртса, ана джиптің біреуі – сенікі» – деген Тимур құрдасы. Еңгезердей екеуі қатар тұр екен, бірі – қара, екіншісі – ақ. Қарасы үлкендеу, аламанға сол тігіледі, яғни. Темір тұлпарларға бір, құрдасына бір қарады. Қалжыңы емес, шынын айтып тұрған секілді.
Екеуі екі көлікке қызыға-қызыға, қарай-қарай кеткен. Осы көліктердің өзі-ақ бұл бәйгінің басқалардан бәсі биік, дәрежесі жоғары екенін айғақтайтындай. Осы қазір бүлкілдей желген Бүкір тура сол екі джипке қарай тартып барады, тап бір «осы үшін келдім» дегендей кейіпте. Қоспа: «Иә, Жаратқан ием, Жаппар хақ, өзің қолда! Ата-бабамның әруағы жар бола көр!» – деді ішінен құдай мен әруақтан қатар медет тілеп.
Бәйгіні басқарушы асаба әлекедей жалаңдаған жігіт екен, жұтынған боз айғырға мініп алып, ойқастайды. Аузы-аузына жұқпайды. Өлең сөздерін түйдектетіп тастайды. Қоспа ол түйдектің бірін ұқса, екіншісін ұға ала алар емес. Сол түйдегімен қорытпастан сіңіріп жатыр. Асаба аламанға шығар аттарды таныстыра бастады. Қағазына бір қарап алып, әрбір аттың атағы мен қоса иесінің де жеткен жетістігін жіпке тізеді. Қарап отырса, ат қосқандардың ішінде бір осалы жоқ, кілең шынжыр балақ, шұбар төс.
Қоспа бәйгі жолына жақын маңда дабырласып тұрған бір топ атылы-жаяулы адамға тақап барды.
– Неге бәстесесің, жаңағы қаракөгің жорға емес, – дейді бірі езеуреп. Кескен томардай кеспелтек кісі. Бұрын бір-екі рет көрген адамы. Қасында ұзынтұра досы бар, екеуі бәйгіден қалмайды. Кеспелтек қызынып алыпты, әлдекіммен дауласып жатыр.
– Қалай жорға емес, – дейді анау да шыр-пыр болып.
– Рысак ол. Желіс аты. Түр-тұрпатының өзі айтып тұр. Сенбесең құжатын барып қара, Ресейден келген болып шығады. Мінгізсе мініп көр, іші-бауырың қолқылдап, астаң-кестеңін шығарсын. Жорға деп баяғы Үңгіртастағы Асқардың жорғасын айт! Нағыз жорғалар сол кезде еді. Бүгінгі жорға жарысы рысактар келгелі бүлінді. Ақша үшін баяғы дәстүрімізді бұздық. Бәйгі алып жүргендердің тоқсан пайызы – рысак. Маған салса жорғалар бәйгісін басы бүтін тоқтатар ем.
– Өй, қой, сандалма!
– Сандалмасаң, сандалма! Жорға деген басқа болады, бауырым! «Су жорға», «Су төгілмес жорға» деп қазақ неге айтады? Оның жүрісі білінбеу керек лыпыл қаққанда. Баяғыда үлкен ас пен жиын-тойларда жорғамен табақ-табақ ет, тегене-тегене қымыз тасыған даяршылар. Сонда солар төгіліп-шашылмайтын...
Қоспа оқшау топтың әңгімесіне арбалып қалды. Ат басын іркіп тыңдай түскен. Кеспелтектің сөзі ұнап барады. Бірдемені білетін секілді, сол білетін дүниелерін бірінен соң бірін тізіп айтып, қарсыласын тұқыртып тастады. Сөзіне қарағанда «жорға жарыс» деген де дұрыс емес, «жорға салыс» деп атаған жөн екен. Сонымен бірге жорғаны алысқа айдауға болмайды, әрі кетсе үш-төрт шақырым жететін көрінеді. Жорғалау жылқы баласына құдай берген ұлы өнердің бірі екен, соны алысқа айдап салып, салықтырып, әсем жүрістің әдемілігінен айрылып жатыр екенбіз.
– Әй, аттар шықты, аттар шықты, – деді осы кезде біреу айқайлап. Жорға туралы әңгіме сап тиылып, бәрі бәйге алаңына көз тіккен.
– Ана бір торы қасқаны көрдің бе, Отарбаевтардікі. Былтыр қосылмады, құнанында президент кубогін ұтқан – осы бәле! – деді кеспелтек тағы білгіштігін аңғартып.
– Қай Отарбаев?
– Өй, ана министр ше? Рахат па еді, аты кім еді? Алматыда кәмпит шығаратын зауыты, ана бір қаптаған қонақүй, мейрамхана, базарлары бар. Өздері үш-төрт ағайынды ғой, кілең дөкей.
– Анау қарагер байтал қожайындікі екен.
– Қай қожайын?
– Қайсысы несі?! Өй, мынауың...
– Е-е... Сол ма?
– Текті жылқы деседі. Әкесі Англияны шулатыпты, шешесі де осал емес. Естіген құлақта жазық жоқ, екі жүз мың долларға сатып әкеліпті.
– Ой, сол да сөз бе? Тілеубайдың Азаматының өзі жүз елу мың евроға алып келді ғой Франциядан.
– Қайсы, ана «Раушанды» ма?
– Сол, сол. Жаңа топ бәйгіде жеке келді ғой. Өткенде Астанада ешбір атты жеткізбеді.
– Аламанға неге қоспайды екен соны?
– Дөнежін, келесі жылдан бастап аламанға салатын шығар.
– Осы жолы қосу керек еді.
– Қоспайды ол, басы екеу емес. Қожайыннан қаймығады. Бүгін де содан қашып, топқа салды. Қазір де қожайынның аттары келетін шығар, әдеттегідей.
– Мә, бәйгі жоқ десеңші басқаларға.
– Әні, анау, 41 нөмірлі ат. Әкімнің аты. Қожайынмен тайталасар әл-әзір сол ғана.
– Қай әкім?
– Облыстың... Былтыр шулатты ғой. Ербол Серіков деген соның туған інісі ғой.
– Ол баласының атынан қосушы еді ғой.
– Негізі баласы айналысады. Ол да қызметке кірген секілді. Содан кейін інісінің атымен шығып жүр.
– Әй, ана атты қарашы, ерттеулі күйі кеткен бе-ей?
– Қайсы?
– Әні, өзі бүкір ме, немене?
– Иә, иә. Сөйтіпті.
– Ипподром ері ғой. Бола береді. Бірақ құйысқанмен қоса өмілдірік те тартып тастапты-ей!
– Кімдікі болды екен? Тоңқаңдаған жүрісі қызық екен, – деп кеспелтек жан-жағына қарады. Өзгелер бүкірдің жүйрік болатынын айтып, жамырап жатыр. Қоспа атын тебініп аулақтау кеткен.
Ауыл арасының бәйгісінде ешбір дүлдүлге дес бермеген Бүкір мұндай ұлы аламанға алғаш түсіп отыр. Сондықтан көңілде үміттен гөрі күдік басым. Бәлкім, бәйгінің даңқы мен дақпырты ма, әлде осы жолы келген тұлпарлардың атағы әсер етті ме, өзінен-өзі еңсесі басылып, төменшіктей берген. Аттардан бөлек, иелерінің де атағы жер жаратындай. «Олармен жалғыз атты, жарлы күйіммен қалай тайталасамын», «аттыға еріп жаяудың таңы айырылыптының кебін кимеймін бе», «дос күліп, дұшпан табаламай ма» деген сансыз сауал санасында қамалған. Сол күмән, күдік бәйгі аттары соңғы айналымға кеткенше тарқамады.
Бүкір әдеттегідей алдыңғы топтың соңын ала елеусіздеу шыққан. Қоспа елден аулақтау жерге барып, жалғыз тұрды. Аттардың екпіні сұмдық. Ұялы телефонның секундомерін қосып санап отыр. Алдыңғы топ үш шақырымдық шеңберді 2 минут 20 секундта өтті. Бүкір сәл қалыңқы, 2 минут 37 секундта кесті. Бес айналым бойы осы көрсеткіш айныған жоқ. Алтыншыға кеткенде ғана алдыңғы топ тізгін тартты, әлде аттардың арыны қайтты, әйтеуір екпін бәсеңдеген. Бір шеңберді 3 минут, 50 секундта өтті. Бүкір сол қалпы. Алдыңғы сегіз аттан не озбайды, не қалмайды. Алтыншы, жетінші айналымда барлығы теңесті. Бүкір бір-екі мәрте топ бастады. Асаба жігіт ақпаратты қайдан алғанын кім білсін, Бүкірді таныстырып жатыр. Ат иесі – Ердәулет Боранбаев деп қояды. Қоспа мырс етіп масаттана күлді.
Сегізінші, тоғызыншы айналымда алдыңғы топ сетінеді, арттан үш-төрт ат қуып жетті. Асаба алдыңғы топтағы аттарды тағы да түгел таныстырып шықты. Әлгінде «кеспелтек білгіш» айтқан кіл дөкейдің аттары, бәрі үзеңгі қағыстыра кетіп барады. Ешкім танымайтын қаратабаны – Бүкір ғана. Әзірге алдыңғы үшеумен құйысқан тістесіп барады. Байқаса қасына басқа атбегілер таяп келіпті. Біреулері қолындағы рация арқылы шабандозға тапсырмалар беріп жатыр. Бірі айқайлап нұсқау береді. Құлағы шалып қалды, «20 нөмірлі атты жіберме», – дейді. Бүкірді айтқаны. Қоспа тағы да езу тартты. Кешелі бері көкейге қонақтап алып маза бермеген күмән бұлты мұның көкірегінен көшіп, енді мына бір дөкейлердің атын бағатын бапкерлерге қонып алғандай. Әлдебір сенім бар. Бүкір сөзсіз бірінші келетініне сенетіндей. Оған өзі емес, осы қазір «20-нөмірлі атты жіберме» деген қағілез қара жігіт те сенетіндей.
– Жәкейіңде құлақ бар ма? – деді бір кезде божбанбет сары. Қайдан келгені белгісіз, аспаннан түскендей пайда бола кеткен. Жүгіріп жеткен секілді, алқынып тұр. Түрі атбегіге ұқсамайды, шашы желкесіне дейін өскен, көзінде қара көзілдірік.
– Не? – деді Қоспа түкке түсінбей.
– Балада ... Құлағында наушник... Рация бар ма өзіңде деймін.
– А-а, жо-жоқ, оның қажеті қанша?
– Жіберсін біздің атты.
– Қайда? Не үшін?
Божбанбет көзілдірігін шешіп, түтіп жердей тесіле бір қарады да кете барды. Қоспа да оның сөзінің мәнісін түсіне алмаған күйі атына мініп, сөреге қарай аяңдаған. Алдынан ауылдастары далақтап шауып жетті.
– Қайда жүрсің? Сені іздеп сандалдық қой, – дейді.
– Бүкірді көрдің бе, алдыңғы төрттікте кетті, – дейді.
– Төртің не-ей, алдыға шығып алды ендігі, – дейді бірі алысқа көз тігіп. Қоспа бұрылып та қарамады, жауап та бере алар емес. Бірдеңе десе жылап жіберетіндей күйде. Көзіне келген жасты іркіп, басын изей берді. Сол екі арада аттар да сөреге тақап қалған. Бұлдыраған жанарын бір тіктегенде бұлыңғыр сағым арасынан Бүкірді көрген. Маңдайы жарқырап жеке келе жатыр екен. Шауып келе жатқан жоқ, көл бетінде жүзіп келе жатқандай.
...Қоспа атын тебініп жіберіп, жанамалай шапты.
***
Көк «Нива» бәйгілі көшті бастап келеді. Жиі-жиі аялдайды. Қоспаның кеудесі бірде асқақ, бірде пәс. Шалқу ма, қобалжу ма, жүрек құрғыр беймаза, әйтеуір. Бүгінгі үлкен жеңіске қуанады, сонымен бірге «Бүкірден айырылып қалам ба» деп қорқады. Қонған бақ ұшып кетердей үрейленеді. «Кел-кел», – деп кеу-кеулейді жолдастары, жол қысқарту ниетімен. Татып алмады. «Қойдым, доғардым» дейді.
– Тоқта, – дейді жол бойы дүкен не мейрамхананың сұлбасы байқалса. Көліктер керуені түгел тізгін тартады. Топырлап кіреді, ішіп-жемді толтырып алып шығады. Қоспа ырза – Қоспа мырза. Тоқтаған сайын Қоспа жүк көлігінің үстіне бір шығып-түседі. Бүкірге барады, жалынан сипап, маңдайынан сүйіп, ешкімге естіртпей сыбырлайды. «Бермеймін» – дейді. «Сені ешкімге бермеймін! Өлсем де... Енді арақ ішпеймін. Саған сөз беремін.» Әлдекім келіп қолтығынан демеп ертіп кеткенше «бермеймін» мен «ішпеймінді» айтып тұра беруге бар.
Жеңімпаздар тұғырына көтеріліп, бәйгіге тігілген қара джиптің кілтін алып жатқан сәтте сансыз бейнекамера, қаптаған фотоаппарат бірінен кейін бірі жарқылдатып түсірген. Ұзын бойлы қара жігіт пен болбыр қарын бұйрабас бала артынан қуып жүріп сұхбат алды. Аты-жөнін, телефон нөмірін жазып алды. Қоспа үзіп-жұлып асығыс жауап берген. Телеарна тілшісі көрінеді. «Кейінірек хабарласамын, «Дүлдүлдер дүбірі» дейтін бағдарламам бар, сіз жайлы хабар түсіремін», – деп қалған. Әлгінде сол жігіттен уотсабына видео келген. Сұхбатын монтаждап жіберіпті. Бүкірдің жеке-дара сөреден сызып өткен сәтін де бірнеше мәрте қайталап көрсеткен. Дереу ағайын-туған мен ауылдастар тобына жөңкілтті.
... Иә, әлгі журналистке сұхбат беріп болған соң ғой, қаумалаған жұрттан сытылып көлікке қарай бет алғанда Бүкірді айналсоқтаған біреулерді көзі шалған. Кілең сом тұлғалы, домалақ бас жігіттер. Қоспа тақай бергенде ығысып жол бере, оқшырая қарады.
– Сен бе? – деді құлағы ит шайнағандай умаждалған біреуі.
– Не мен бе? – деді Қоспа ештеңені түсінбей.
– Сен бе иесі, мына аттың?
– Болсақ болармыз.
– Неге өйттіңдер?
– Неге өйткен несі?
– Ереке, бұларға ескертілмеген еді, – деді осы кезде басқа біреуі. Оны бәйгі кезінде тілдесіп қалған божбанбет сары қоштады.
– Қалай сонда?
– Қайдан білейік, фавориттер ішінде жоқ еді ғой бұл ат. Оның үстіне рациясы да болмады, шабандоз балаға хабар бере алмадық.
– Өй, сендер де бір! Жүріңдер осылай жем болып кім көрінгенге, не деп жауап береміз енді ана кісіге?, – деп жерге былш еткізіп түкірді. Бағанадан бері ернін жымырып, сақауланып тұрған, сөйтсе, астыңғы ернін толтыра насыбай салып алған екен. Сары топырақ үстіне жап-жасыл насыбай жоңышқаға тойған аттың тезегіндей төңкеріле түсті.
– Қаншаға сатасың? – деді иегіндегі ешкінің құйрығындай келте сақалын сипап. Бір қол қалтада, бір қол біресе сақалға, біресе умаждалған құлаққа барады. Бұты алшайып тұр. «Сатасың ба?» – деп сұрамайды-ау, «Қаншаға сатасың?» – дейді. Бұйырғысы келетіндей. Дауысы жіңішке болғанмен, екпіні өктем. Зілі бар.
– Жо-жоқ, сатпаймын, – деді Қоспа кесіп-пішіп. Дегенмен дегбірі кеткен. Тап қазір Бүкірден айырылып қалардай қорқа бастады. Тізгіннен қысып ұстап алды. Қолына діріл жүгіре бастағанын сезіп тұр.
– Жарайды. Бәйгі құтты болсын! Кейінірек жолығармыз тағы бір, – деді де кете барды. Артынан нөкері ерді. Осы бір топтасқан жүрісімен-ақ сес көрсетіп бара жатқандай. Қоспа қарадан-қарап қысылды, жүрегі дүрсілдеп, әлдебір қорқыныш бойын билеп алған. Далада қой жайып жүріп қасқыр әуегін талай мәрте көрген, қойына шапқанда жалғыз өзі-ақ айқасушы еді. Соның бірінде қорқу дегенді білмепті. Даланың тағыларына селт етпеген жүрегі енді атша тулап кеткені қалай?! Өзінің жалғыздығын, қорғансыздығын сезінді.
– Қожайынның жігіттері ғой, – деді осы кезде ту сыртынан әлдекім бәсең дауыспен. Бұрылып қарап еді бағанағы кеспелтек екен. Бәйгітөбенің басында елдің бәрін үйіріп алып, ат туралы әңгімені сапырып тұрған білгіш енді қасына келіпті. Қасындағы ұзынтұрасы бар.
– Осылар бәле болды, қожайынға арқа сүйеп алып... – дейді онысы қостап.
– Қожайын?.. Қай қожайын? – деді Қоспа.
– Осы өлкенің қожайыны. Атыңды көруге келген ғой.
– Өзі жаман жігіт емес негізі, айналасы құртады. Шәнтік қошқар құсаған немелер. Дұрыс ат көрсе болды, «Сата қал, қожайынға сыйла», – деп жабысады да жүреді. Оның мұндай атты Англиядан үйірімен сатып алуға жағдайы бар ғой, мыналар осы арқылы абырой жинағысы келе ме, әйтеуір, лаңдатып жүргені. Кейде қожайынның атынан үкім айтып, өктемдік танытады.
– Қалай сонда, түсінбедім?
– Сатып алады, сатпасаң түрлі амалын тауып тартып әкетеді. Бұлар үшін бұл маңайда ешкім қожайыннан озбауға тиіс. Мықты аттың бәрін соның қорасына жинайды, бұлардың көзі түспесін, көзі түссе алмай қоймайды.
– Әлгінде қожайынның аты екінші келді. Қаражал құла сонікі. Басқалар болғанда жібере салатын еді, сендер ештеңені білмейсіңдер ғой, содан озып кеттіңдер.
– Жібергені несі? Нені білмейміз? – деді Қоспа тағы да аңтарыла.
– Ол – ұзақтау әңгіме. Тағы бір жолыққанда айтып берерміз, – деді кеспелтек әлденені жұмбақтап. Екеуімен сол жерде танысып, телефон алмасып, достық рәуіште қоштасқан.
– Тезірек бәйгіңді ал да, ауылыңа заула, досым. Басқа сөзді қайтесің. Аналарға артық сөз айтпа, ерегісуші болма, – деп соңғы ақылын айтып қала берді. Екеудің сөзінен жанашырлық сезгенімен Қоспаның бойын үрей билеген. Жүрегі суылдап кетті.
– Кім болсаң ол бол, Бүкірді сатпаймын! Ешкімге бермеймін! – деді бар қайратын бойына жиып. Ішінен айтты, бірақ тістеніп тұрып айтты. Сол сөзді жол бойы да әлденеше мәрте қайталады.
...Бірде күлкі аулап, бірде күдік ойлаған көңілі ауылға жеткенше тыншыған жоқ.
***
Қоспа бар дауысымен айқайлағысы келді. Ауылдағыдай, Қоңыртөбенің басында тұрғандай бар ышқына, даланы жаңғырта айқай салғысы келді. «Ердәулет», – деп, немесе «Қоспа», – деп, тіпті болмаса: «Ау-у-у, айхай-ахоу», – деп, әйтеуір, айқайлағысы келген. Іште бірдеңе тұрған секілді, соны шығарғысы келіп аласұрған. Бірақ көршілерден ұялды.
Түн жарымда балконда тұр. Тоғыз қабатты үйдің –жетінші қабаты. Бірер сағаттан соң шығыстан қызыл арай білінеді, таң атады, күн шапағын шашады. Алып қала оянады, қырау қатқан Алатау бусанады. Таудың мықтылығына бала күннен тәнті. Басын бұлт шалса да, етегін қар басса да, күн жеп, аяз қысса да былқ етпейді. Шыдамды. Тау осынысымен – тау. Үгілмес бекем, мызғымас алып. Қоспа өзін таумен салыстырды. Болмашыға үгіліп, болар-болмасқа шаттанып, қолды-аяққа тұрмай кететін ұшқалақтығын ойлап қысылды. Дегенмен кеудесін қуаныш кернеп барады. Өмірінде қалалық жерде бірінші рет түнеді. Бөтеннің емес, өз үйінде.
Алдыңғы жылы үлкен ұлды оқуға түсіргенде бір келіп-кеткен. Содан кейін қалаға келгені осы. Ұтып алған екі көліктің бірін саудалап, соның ақшасына екі үй алды, бірін – ауылдан, екіншісін – қаладан. Ауылдағы үйге өзі кірді, қаладағы құжыра – үлкен ұлдың меншігі. Университеттің жатақханасын паналап жүргені жанына батушы еді, шағын болса да бас сұғып кірер бір қуысы бар. Келер жылы інісі келіп қосылады қасына, оның арғы жылы тағы бірі, осылай жалғаса бермек.
Тұңғышы оқуға түсіп, студент атанғанда әкелік арманның бір бөлшегі орындалғандай болған. Өзгелері де соның өкшесін басар. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы да сонда... Қоспа осыған қуанулы. Енді осылардың азамат болғанын көріп, үйленіп, үйлі-баранды болғанына куә болса... Жатса-тұрса тілейтіні – сол!
Ал Алматыдай алып шаһардан үйлі болу – үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәсіп. Балконның терезесінен үңіліп, үйдің ішіне көз жіберді. Қуықтай екі бөлмелі баспана, артық-ауыс ештеңесі жоқ. Төрде теледидар тұр, бір қапталда – қоңыр шкаф, екінші қапталда – ұзын диван. Диван үстінде баласы бүк түсіп ұйықтап жатыр. Әлтәман тұрып оқуына кетеді, қаннен-қаперсіз. Осылай боларын бұрыннан білетіндей, осылай болуға тиісті секілді. Кеше де үйді сатып аларда салқынқандылық танытқан, алып-ұшып, асып-сасқан жоқ. Оның қасында Қоспа дегбірсіздеу көрінді.
Кешегі күнді есіне алды. Үй қожайыны алтын тісті бір әйелге ертіп барды. Нотариус екен. Бір сағаттай отырды. Әлдебір қағазға қол қой деді, Қоспа әдеттегідей қара терге түскен. Қолы дірілдеп ырыққа көнбеді. Әйтеуір «Ердәулет» деп жазды да дөңгелектеп шимайлай салған. Алтын тісті әйел басын шайқап күлді де қойды. Ал ұлы кәдімгідей ысылып қалыпты, әлгілермен орысша да, қазақша да тең дәрежеде сөйлесіп, нығыз отырды.
«Кімге тартқан-ей, бұл жаман?» – деді Қоспа алаңсыз ұйықтап жатқан ұлына қарап. Рәңі өзіне келеді, ал мінезі шешесінікі. Алған бетінен қайтпайтын, өз дегені болмаса қыңырайып қалатын қиқар. Шамасы нағашыларына тартқан болар, – деп топшылады. «Кімге тартса да аман болса екен, түріңнің әтәсын аузын ұрайын пүштиген. Бұл жаманның да қазір үйі бар, иә?! Иә, қаланың қақ ортасында үйі бар. О, тоба! Осындай боларын он жыл бұрын біреуге айтсам сенер ме еді, сенбес пе еді?! Құдай берем десе демде-ақ екен ғой. Мен мұның жасында қала түгіл, ауылда тауықтың күркесіндей үй таппай жүрдім емес пе тентіреп?! Шүкір, шүкір! Шүкір-Бүкір», – деді күбірлеп.
Шүкірді айтқан сайын, тіліне Бүкір орала беретіні бар. Ұйқаса кеткеніне басында таңғалған, өзіне ұнады. «Шүкір, Бүкір, тфәй-тфәй деп үш рет түкір» деп тақпақтап әйеліне қылжақтайды кейде. Бұ жолы да әдеттен жаңылмай Бүкірді ойлаған. Қалтасынан телефонын алып уатсап желісіне кірді. Кеше кешкілік кіші ұлымен сөйлескен, бірнеше видео жіберген олар. Соны ашып қайта қарады. Бірінде Бүкір жерге аунап жатыр, екіншісінде бір ай бұрын сатып алған тазақанды екі жабағыны қасына ертіп алып, ойнақтап жүр, құдды балалығы есіне түсіп ойынға кірісіп кететін үлкендер тәрізді.
– Жануарым-ай! – деді даусы дірілдеп. – Сені ешкімге бермеймін! Мейлі, кім болса да, – деп қабығын түйді.
***
Арада ай өткенде тағы бір бәйгіге барды. Бұрынғыдай ірі емес, дегенмен бас жүлдеге су жаңа көлік тігілген. Бұл жолы да аламан 35 шақырымға жіберілді. Бүкір тағы ат жеткізбеді. Ана жолғы бәйгіден кейін келіп сес көрсетіп кеткен домалақ бас, шайналған құлақтар көрінбеді. Келмеген секілді, ат қоспаған. Бірақ өздері болмағанымен сесі жетіп жатты. Біреу келіп ананы айтады, біреу келіп мынаны... Бәрі – білгіш, бәрі – ақыл айтқыш.
– Сен енді атыңды да, өзіңді де арандатпа. Олармен бір бәйгіге түспегін, – дейді бір жанашыр.
– Олар баратын бәйгіге бармағын. Барған күннің өзінде олардың атымен тайталаспа, – дейді екіншісі. Үшінші біреу:
– Аламанға қосса, сен топ бәйгіге түс, олар топқа жіберсе, сен аламанға сал. Бәрі сөйтеді. Тіреспей-ақ қой, тізең шыдамайды, – дейді. Әркімнен бір естіген осы сөзді кеспелтек пен ұзынтұра да құптады. Екеуі де – ежелден ат жүгірткен кәнігі бапкер. Бүгін де аттан алысқа кетпеген, ат баптайды, бірақ бәйгіге қоспайды. Мұнысына Қоспа таңғалды.
– Қалай сонда? Қоспасаңдар не үшін баптайсыңдар?
– «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар», бауырым! – деді кеспелтек жұмбақтап.
– Сату үшін, біздікі – таза бизнес, – деді ұзынтұра.
Жылына бір шетелге шығып тазақанды, текті тұқымнан тай, құнандар әкеледі екен. Оларды өсіріп-баптап, бәйгіге жаратады. Ипподромдағы ұшқырлар жарысына салып арынын байқайды, кішігірім бәйгілерге де қосады. Бірақ ірі жарыстарға жолатпайды. Талабы байқала бастаған бетте «сатамыз» деп жарнамасын жасайды. Әсіресе бәйгінің қарсаңында сауда қызатын көрінеді. Қалталылар шабадан толы ақшамен келеді, сұраған бағаңды беріп, сатып әкетеді. Озып жатса, атағы – солардікі, шаң қауып қалса немесе мертіксе, сол жерде арзан бағаға қайта сатып кетеді.
– Не үшін? Атты өзі жаратпаса, ыстық-суығына тоңбаса, оның несі қызық, ол қандай атқұмарлық? – деді Қоспа еріккен байлардың ермегін түсінбей.
– Енді әркімнің әртүрлі себебі бар. Біреудің ат баптауға уақыты жоқ, бірақ атқұмар. Екінші біреу – атаққұмар. Үшінші...
– Ақшақұмар?
– Жоқ! Ақша жетеді оларда. Үшіншісі – жағымпаздар. Қожайынға жағынғысы келетіндер көп. Дастарқандас болып, суретке түскенді мақтаныш көреді. Жақындасқысы келеді. Әлдебір мәселесін шешуді ойлайды. Сосын не қылады? Ол кісінің ат спортының жанкүйері екенін білген соң, оның да аңсары атқа ауа қалады. Жақындаудың төте жолы – сол! Құдай бар-ды, ғайыптан тайып, қожайын футбол ойнап кетсінші, бүгінгі ат қосып жүрген бай-бағланның біразы бұтына шорти киіп, тыртыңдап футболист боп шыға келер еді.
– Масқара!
– Ой, оны айтасың, бәйгіден келген аттарын қожайынның кішкентай балаларына сыйлап кетеді осы жағымпаздар. Бірақ осындайлардың аттары өмірі бәйгіден бірінші келген емес, неге екенін білесің бе?
– Білмеймін.
– Біріншіден ниеті түзу емес. Атың не, ақшаң не, басқа затың не – бәрібір бұларға. Өздері ойлайды: «Атты біз сатып аламыз, болды, бітті», – деп. Атқа тауар деп қарайды. Негізі, ат адамды таңдайды, адам атты емес. Ат жүгіртер адам ақ қағаздай таза болуы керек. Қараулық, қулық-сұмдықты жылқы баласы көтермейді. Өзің айтшы бәйгі алдында Бүкірді қанша рет сипадың?
– Есімде жоқ, күні-түні қасындамын ғой.
– Ал мыналар атына қолының ұшын да тигізбей бәйгіге қоса салады ғой. Бұлардың бабы келіп тұрған аттың обалына қалған кезін талай көрдім.
– Қалай сонда?
– Кәдімгідей... Аттың бағын байлайды. Әдейі оздырмайды. Қожайынның атымен тайталасып келе жатса, рация арқылы бұйрық береді: «Озба, тарт басын», – деп. Шабандоздарына түсіндіріп қойған, олар да айтқанын екі етпейді. Бітті. Ал бұған ат намыстанбай ма екен, құсаланбай ма екен? Шамаң жетіп тұрып оза алмағанға ат түгілі адам да күйіп кетпей ме?! Содан келесі бәйгіде бабы келіп тұрса да, қырсығып шаппай қояды әлгі ат. Шыққан тегі – сұмдық, бабы да тамаша, бірақ шаппай қояды. Өйткені шабатын кезде шаптырмады, алатын бәйгісін алдырмады. Бітті.
– Ой, сұмдық-ай! – деп таңғалды Қоспа. – Есіне биылғы ұлы аламан түскен. Божбан сарының келіп: «Рацияң бар ма?» – деп дікеңдеуінің сырын енді ұққан. Ат туралы білмейтіні жоқ екі достың да бәйгіден жеріп, баптаған атын басқаларға сатуды кәсіп қылып кетуінің де себебін түсінгендей болды.
***
Көп ұзамай «жағымпаз атбегінің» бірі келген. Әуелбаста жағымпаз екенін білмеді. Жақсы көлікке мінген, жақсы киім киген жігіт ағасы өзін «кәсіпкермін» деп таныстырған. Жүйрік аттар ұстайды екен, Бүкірді көруге келіпті. Әр тақырыпқа бір шауып әңгіме айтқан. Сөз түйінін қожайынға әкеп тіреді.
– Үлкен кісі ғой, назары түскен екен, меселін қайтармағын, сәлем бере бар, қонағы бол, атыңды мінгіз, – деді әр сөзіне салмақ салып. Қоспа осындай қолқалаудың бүгін болмаса, ертең боларын сезіп жүрген, сөзін жұптап сыналар сәтті күтіп жүрген. Сол себепті шоршып түспей салмақты қалып танытып, үнсіз тыңдады. Онысын «көнді-біттіге» жорыды-ау, ары қарай тұқыртқан. Әркімнің-ақ қожайынға мінгізген атын санамалады. Бірер үйірге жетерлік екен. Өзі де бір емес, екі жүйрігін қатар беріпті, ақысыз-пұлсыз... Айтысына қарағанда содан кейін-ақ жолы ашылған, кәсібі өрге басқан, түрмеде жатқан ағасы бостандыққа шыққан, әпкесінің қызметі өскен... Айта берсе көп. Көңілі түскен адамға – көл, көңілі қалғанға шөл көрінеді. Шөлге ұрынғандарды да айтып сес көрсетіп қойды. Алды өліп кеткен, арты түрмеде жатыр-мыс. Біраз дүние айтты, бірақ діттеген мақсатына жете алмай қайтты.
– Бере алмаймын, – деген Қоспа. – Бағымыз да, сорымыз да бір-бірімізге байланғанбыз. Менен кетсе, ол жүгірмейді, мен де оңбаймын. Қожайында ат жетеді ғой, кедейдің жалғызын қайтсін о кісі?!
– Ойбай-ау, аттың небір саңлағы қорасында тұр ғой. Бұл оған емес, саған керек. Жолың ашылады, жекжат боласың...
Қоспа илікпеді. Ыздиып келген кәсіпкер сызданып кетті. Сол сызданған сыздауықтың соқтасы бір күні жарыларын Қоспа сезді. Аңдысу мен арбасу ұзаққа созылмады. Астанада өтер аламанға апта қалғанда төрт-бес көлікке мінген адамдар ерен-параннан сау ете түскен. Арасында ақ халат киген мал дәрігері бар. «Мал дәрілейміз, екпе саламыз», – дейді. Қоспа қораның есігін ашып ішке бастады. Қой, сиырды айдап шығып, мініс аттарын алдына тартқан.
– Бәйгі аттары керек, – деді олар.
– Бәйгі аты жоқ.
– Қайда?
– Шабандоз балалар мініп кеткен.
– Шақыр.
– Тау арасында ұялы телефон тартпайды. Кешке бір-ақ келеді. Келген күннің өзінде терлеп келеді. Дәрі салдырмаймын.
– Неге?
– Ауырсынады, әлсірейді дегендей. Бәйгі де таяп қалды, болмайды.
– Жоқ. Саламыз.
– Басқасына сала берсеңдерші.
– Бәйгі аттары керек, тезірек алдыр. Қолымызда бұйрығымыз бар, – деп бір жапырақ қағазды жалаулатқан. Қоспа қағазды алып ежіктеп оқыды, аудандық мал шаруашылығы бөлімінің мөрі соғылған қағаз екен. Әлдебір ауру шығыпты-мыс, қолдағы малды жаппай вакцинациялау жүріп жатыр екен. Қоспа қулық ойлады.
– Жарайды, күтіңіздер, келіп те қалар, – деді жол тосып отырған жандай қырға көз тастап. Өзі үйге кіргенсіп шабандоз баланың біріне қоңырау шалған. «Мен айтпайынша, ауылға қайтпаңдар. Кеш боп кетсе, Тимурдікіне барыңдар», – деп шолақ қайырды.
«Қонақтарды» үйге түсірген. Ас-суын беріп күткен. Түс болды – келмеді, кеш батты – жоқ. Қоспа алаңдағандай болып өтірік шыжбалақтап жүр. «Қонақтар» қозғала бастады. Төрт көлік шағын ауылды шаңға бөктіріп кете барды.
...Оларды көзбен ұзатып тұрып Қоспа шырт еткізіп жерге түкірді.
***
Шу өзені суын сапырып ағып жатыр, гүр-гүр етеді. Өзенмен жарыса салынған автожолда көліктер жүйткиді, сыр-сыр етеді. Ара-тұра торғай шықылықтап, сиыр мөңіреп, қой маңырайды... Тіршілікте тыным жоқ. Қоңыртөбені асып қырғыздың Шым-қорған қаласына қоныстанғанына айдан асты. Бүкірді қырғыздың бір атбегісінің қорасына кіргізген. Өйтпесіне болмады.
Соңғы бәйгі біртүрлі өткен. Әуелгіде «аламан отыз бес шақырым» деп хабарланған еді. Бірақ дәл басталар алдында жиырма бес шақырымға қысқарды. Атшабар жолы балшық немесе қатқақ, «тұяқ таяды», «сіңірді ұрады» дейтіндей емес, күн жылы, жер құрғақ. Қоспа бұл өзгерістің мәнісін түсіне алмаған. Бүкір осы уақытқа дейін қысқа қашықтыққа шауып көрмеген, ұзаққа сілтейді үнемі. Басында қалың шаңның ішінде бой жасырып жүреді де, соңғы айналымдарда ашыла түседі. Осы жолы тыз етпе, сүйегі жеңіл жүйріктердің жолы болғалы тұр. Бұл көсілем дегенше сөреден өтіп кетуі кәдік. Ал ә дегеннен олардың екпініне ілесем деп борбайласа барлығып қалуы мүмкін. Қоспаның шақшадай басы шарадай болған. Сол екі арада үнемі қосақталып жүретін екі дос – кеспелтек пен ұзынтұраны көріп қалған. Қол бұлғап шақырып алды. Үшеуі оңаша ақылдасты. Күбірлесті, күңкілдесті. Содан соң шабандоз баланың құлағына сыбырлап әлденені шегелеп тапсырды.
Аттардың лап етпе шығысы қатты болған. Бүкір орта шенін ала ілесіп келеді. Алдыңғы топ төрт айналым бойы бір екпінді ұстады. Бесіншіге кеткен кезде сәл тізгін тартып, бәсеңсіді. Бәрі түсінікті – бар күшін ақырғы сәтке сақтағысы келеді. Бапкерлердің бұл тәсілін Қоспаға ақыл қосқан екі достың қулығы быт-шыт қылды.
...Тап сол кезде Бүкір суырылып шыққан. Шабандоз бала құдды сөреге таяп қалғандай тебінеді. Оны айтасыз, қамшы үйіріп қиқулап қояды. Алдыңғы топты демде қуып жетті. Озды. Оны ұзатып алмас үшін басқалар да тебінді, қамшы басты. Ілесіп-ақ бақты. Бірақ алдыда бақандай үш айналым бар, он шақырым бойы мұндай екпінді сақтауға аттың аты шыдайды. Қоспа тауға желіп шығып, егіс алқабын кешіп өтетін Бүкірдің қара күші мен алқымы іспес кең тынысына сенген. Сол сенім ақталды. Бүкір арындаған күйі алдымен келді, оған бәсекелесем деген бес аттың екеуі ғана сөреден өткен. Қалғаны жолдан тоқтап, біреуі зорығып өлді. Ұзаққа шабар атты қысқа қашықтықта оздырғанына масаттанған Қоспа айналасына қораздана қараған. Телефонына дамыл жоқ. Ағайын-туыс, таныс-біліс құттықтап жатыр. Уатсапқа келген хабарламаның бірін – оқыса, біріне үлгерер емес.
Бүкірді жетелеп қан тарқатып жүрген, атпен бірге желе-жортады. Бір кезде далақтай шауып бір бала жетті. Қолында телефон. «Сөйлесіңізші», – дейді. Қоспа құлағына тақай берді. Арғы жақтан таныс дауыс естілді. Бірден таныды – кеспелтек. Әншейінде айқайлап сөйлейтін, бұл жолы сыбырдан жоғары, самбырдан төмен. Сақтықпен, әр сөзін нығарлай айтады.
– Бүкірді үйге алып қайтпағын, – дейді. – Бүгін құнаннан бас жүлдені алған қырғызға бар. Менің досым. Оған бәрін айтып қойдым. Бәйгіге әкелген үш атының біреуі әлгінде зорығып өліпті, соның құжатымен шекарадан өткізіп жібереміз. Сөйт, бауырым! Қалғанын кейін айтам.
– Неге? – дегенше болмады, байланыс үзіліп кеткен. Қайта қоңырау соғып еді, көтермеді. Қоспа сең соққан балықтай теңселіп жүрді де қойды. Бір қатер төніп тұрғаны анық, тегін емес. Ары ойлап-бері ойлап, нар тәуекел деген. Қырғыз атбегісін тез-ақ тапты. Жұрт марапаттау салтанатына жиылып абыр-сабыр болып жатқанда Бүкірді көлікке тиеп жіберді. Үстіне қырғыздың қызыл жабуын жауып, басы-көзін тұмшалаған соң адам танымастай өзгерген. Ал Бүкірдің жабуын мініске деп әкелген жирен жорғаға жаба салды.
Жүлдені ала сала қозғалмақ болған. Бірақ ат тасымалына арналған көлік тіркемесінің дөңгелегі жарылғанын байқады. Бір емес, екеуі бірдей. Қастық болғаны анық. Пышақпен тіліп кеткен, үрлеп алып амалдауға келмейді. Біріне қосалқы дөңгелекті салуға болар, екіншісін қайтпек керек?! Шопыр шыр-пыр, ал Қоспа сасқан жоқ. «Қайта қаскөйлердің алдын орап кеттік», – деп ойлады, Бүкірді қырғыз атбегісінің көлігіне тиеп жібергеніне қуанды. Сақтық ойлап айналаны бағып-ақ тұр, әзірге күдік тудырарлық пенде байқалмайды. Бүкірді көргісі келген қарапайым жұрт ентелеп келіп, еңсесі түсіп кетіп жатыр. Бәріне «сатылып кетті» деген сөзді айтқан, ауылдастарына да соны айтқызды.
Қас қарайды, бәйгітөбе маңайындағы адам сиреген. Тек төбе басында бір үркердей топ үдірейіп қарап тұрды. Бір-екеуі сумаңдап келіп, сөзге тартқансып кетті. Сұр жабудың астындағы ат Бүкір емесін көріп кетті. Әбден бұлар жолға түсіп, ұзағанша қозғалмады. Жолда кеспелтек қайыра телефон толғаған.
– Үйге барма, бір бәлеге ұрынасың, – дейді.
– Енді қайда барам?
– Қырғыз ас, Кеденнен өтпе, кедергі болуы мүмкін. Тау арқылы тарт.
...Бала күнінде базарға мал айдаған қазақтармен бірге Тоқпақ қаласына бір рет барған. Жолды жобамен біледі. Ауылға жетпей жирен жорғаны көліктен түсіріп алды. Түн қата жолға шықты. Таң қылаң бере Қоңыртөбенің желкесіне шықты. Айнала алақандағыдай көрінеді. Күнгейге қарай бет түзеп екі-үш қырқа асса, қырғыз жайлауы басталады. Одан ары қарайғы соқпақ сайрап жатыр, салып ұрып Шуға барып тіреледі. Суы аздау болса, кешіп өтуге болады, болмаса, жайдақтау жайылмасын табуға тура келеді. Қоңыртөбенің басында күйгелектеніп біраз жүрді. Көңіл түкпірінде бір қимастық бар. Ауылға қарай қайта-қайта дүрбі салады. Бала күнінде осы биіктен қарағанда туған ауылын басын тауға тіреп, аяғын өзенге малып отырған алып адамның сұлбасына ұқсатушы еді. Бүгінде сол алып адам бұрынғыдан да толысып, зорайып кетіпті. Үйлері көбейген, ағаштары қоюланған. Айнала толған мал. Етектегі егіс алқабынан бастап таудың қойны-қонышы бос емес, сай-саланың бәрінде мал жатыр. Бірінде – жылқы, бірінде – сиыр... Ара-тұра мал түгендеп жүрген иелері көрінеді. Ауылдың төрт қапталынан алты отар қой шықты. Барлығы өріс қуалап тауға қарай енетелеп келеді. Түске дейін етекке ілініп қалды, іркес-тіркес әр тұста жусап жатыр. Қойшылар да бір-бірін тапқан, аттарын тұсап қойып бір төбенің басында ұйлығысып отыр. Не тамақ ішіп отыр, не карта ойнап жатыр – екінің бірі. Ара-тұра малы қосылып кетпес үшін біреуі шығып ары-бері шапқылап қойдың басын бір қайырып, аяғын жиыстырып қояды.
Тимурға тағы телефон шалды. «Ешкім келген жоқ», – дейді. «Онда қайтамын», – деді. «Ойбай, тұра тұрлайды» ол. Не істерін білмеді. Жайқала өскен аршаның жапырағын шауып, қоржын басын толтырып алды. Қораның бір шетіне іліп қояды, ауруға қарсы қасиеті бар. Түтіндетіп қораны ыстаса жылқы малы жөтелге шалдықпайды. Ауыл жаққа қайта дүрбі салды. Көз ұшынан бір көкала шаң көрінген. Екпіні қатты екі көлік келеді. Жүрегі атқақтап кетті. Көз алмай қарап тұр. Екеуі жарысқан күйі ортаңғы көшеге келіп кірді. Әлден уақытта телефоны шырылдады, Тимур екен. Тыңдап тұрып бір қызарды, бір сұрланды.
...Атына мініп «Қырғыз қайдасың» деп тартып отырған.
***
Шым-қорғанға күздің соңы келген. Қыс қаһарлы, қар қалың болды. Бүкірді күнара бір мінеді. Қалың жабулап, күртік қарды омбылай кешіп жүріп-ақ ащы терін алады. Шу өзенін кесіп өтіп, тауға да шығады. Көбіне-көп Қоңыртөбені бетке алып жүреді. Жете алмасын біледі ғой, алыстан көз суарып, көңілдегі сағынышын бір басып қайту – басты мақсат. Бүкір де туған жерін аңсағандай басын шұлғып, ауыздығын керіп, аяғын ширақ басып кететіні бар мұндайда. Тартып-ақ кеткісі келеді. Екеуінің де... Бірақ Қоспаның жүрегі дауаламайды. Ауыл жақпен сөйлесіп отыр. Жиі-жиі бейнеқоңырау шалады.
«Әке, сені сағындық» – дейді балалары бұртиып...
«Атың құрысын, өзің келші» – дейді қатыны назданып...
«Әзірге келмей тұра тұр, мыналардың түрі жаман» – дейді Тимур досы сақтық ойлап. Бәйгіден соң үйіне соқпай Қоңыртөбені асып бара жатқан кезде де осыны айтып еді. Тау басына шығып телефон толғаған кезде: «кет, тезірек кет. Мыналардың түрі жаман», – деп шыр-пыр болған. Құдды сол мезетте ұсталып қалатындай. «Мыналар» дегені – әлгі бір «мал дәрілеуді» желеу еткен одыраң топ. Бұл жолы ақ халатты дәрігермен қоса пагон таққан полицейді де ілестіріпті. Тап бір қылмыскерді іздегендей... Ауылдағы әр үйдің қора-қопсысын сүзіп шығыпты, жақын маңдағы малшылар қыстағынан да түк қалдырмаған. Тимурды ерекше қыспаққа алыпты. Ақыры түк өндіре алмаған соң үйін тінткен, атасынан қалған бесатар бар екен, «құжаты жоқ» деп соған жабысады. Үстінен іс қозғаған. Бір ай қамалып, ықпалды туыстарының арқасында, айыппұл төлеп зорға құтылған.
Қырғыз жерінде Бүкір екі рет қара жарысқа қатысқаны болмаса көп жерде бой көрсетпеді. Бірақ бабында ұстады. Қырғыз бапкер «жазға салым Астана маңайында өтетін ұлы аламанға дайындайық» деген, іштей қорқақтап тұрса да, амалсыз келісті. Атын ауыстырып, «Қара қылыш» деген бүркеншік атпен құжат жасатты. Маңдайдағы төбелі мен ақ бақайын қарақошқыл түспен бояп еді, сүлік қарагер болып шыға келген. Осылайша, Арқа төсіндегі аламанға «Қара қылыш» болып барды. Бабын өзі келтіргенмен бәйгі күні қасына жоламай, сырғақтап жүрді. Қордайлық бір жылқышының атынан тіркеді. Құнандар шауып жатқан. Елдің назары – сонда. Топ бәйгі мен аламанға қосылар сәйгүліктер жабулы күйінде ат суытар алаңқайда айнала жүрген. Қоспаның екі көзі – Бүкірде. Мойнын қайта-қайта сүзеді. Бабы келгенде солай істейтін әдеті. Жай жүрістің өзінде қасындағылардан озық жүруді қалап, дүбір шыққан сайын тыпыршушы еді. Бұл жолы да сол мінезіне басыпты. Шабандоз бала тізгінді бір – жіберіп, бір – тартып, ауыздықпен алысып әлек.
Бір кезде кесе-көлденеңдеп шапқан бір аттыны байқады. Тура Бүкірдің тобына беттеп барады. Жетті. Сәл тізгін тежеді де құйындатып шапқан күйі дөй далаға лағып кетті. Тап бір хәл сұрасып, қол алысып қана өткендей іркілген. Қоспа әуелгіде ештеңенің мәнісін ұқпады. Бәйгі сайын бір-бір жарау атқа мініп алып, оңды-солды жүйткіп жарысып жүрер желөкпелерді көретін, солардың бірі шығар деп шамалады. Тек Бүкірдің бір орында тұрып қалғанын байқағанда жүрегі зырқ етіп, кіндігіне түсе жаздады. Шабандоз бала қолын ербеңдетіп, атты айнала бірдеңе істеп жүр. Қоспа жаяу еді. Қасында тұрған біреудің ерттеулі атына қарғып мініп, тұра шапқан. Артынан иесі айқайлап, тағы біреулер соңынан қуалағанын байқамады да. Бұл барғанда Бүкір төрттағандап тұр екен. Жүрсе құлап кетердей. Шабандоз ботадай боздап жылап жүр. «Анабір аға... Ана біреу... Торы атқа мінген... Қамшымен ұрды» – дейді өксігін баса алмай. Қоспа қор-қор етіп дірдек қаққан Бүкірге таяп барды. Қақ маңдайды қақыратып кетіпті. Тура төбелді көздеп ұрған. Жағылған қара бояу қанмен шыланып, сырғанай ағып барады. Аттың аларып кеткен көзіне қарады, шарасы жасқа толып кетіпті, жануардың. Кірпігін бір қаққанда қос көзден мөлдір тамшы жарыса домалаған. Қоспаның да көзінен жас ыршып шықты.
«Атаңа нәлет, иттер!» – деді тістеніп. Бүкірді мойыннан құшақтап, жалынан сүйді. Құлағының түбін қасыды, қалтасынан беторамалын шығарып көз жасын, одан кейін маңдайдан аққан қанын сүртті. Адамдар жиналып қалған екен. Көргендер бар көрінеді, қалай болғанын сампылдап бір-біріне айтып жатыр. Қоспаның олармен ісі болмады.
«Кешірші» – деді Бүкірге құлақ түбінен сыбырлап. «Кешір, мені. Қорғай алмадым. Кешір! Мен сорлыны кеш!»
Осы сөзді күткендей Бүкір бір сілкініп, бойын жиып алғандай болды. Төрт аяғын асықпай жинап, қалпына келтірді. Келер сәтте алдыға қарай ұмсынды. Тәлтіректеп екі-үш қадам жасады. Сәл іркіліп барып, қайта жүрді. Осылай кібіртіктей басып, жүріп кеткен. Оңдырмай ұрған көрінеді, иә қолы ауыр көкпаршы, немесе қамшыгер біреу. Қамшысы да жай қамшы емес. Ұшында қорғасын құймаса бар, өзегіне өгіз терісінен таспа жүгірткен дойыр секілді. Бүкір біразға дейін есеңгіреп жүрді.
Қоспа қастықтың қайдан келгенін білмейді емес, шамалап болсын біледі ғой. Қожайынды жағалаған жандайшаптардың ісі де. Бағана атжалмандай жалмаңдап жүрген үш-төртеуін сырттай көрген. Тек оларға Бүкірді кім ұстап бергені жұмбақ. Ешкімге көрінбей, елеусіз-ақ келіп еді. Бүкірдің де төбелін жасырып, сүйегінен танымасын деп жабу астында жасырын ұстады. Сонда кім, қалай таныған? Қоспа осының ұшығына жете алмады. Ұстап алмаған соң: «Мұның не?» – деп арызданудың да жөні жоқ. Қырғыз бапкер: «Бәйгіге қоспай, осы жерден аман алып кетелік, Шым-қорғанға барған бетте сатуды ойластырайық, немесе үйірге салып құлын алайық», – деді. Өзі де соны қош көрген. Бірақ іште бір есесі кетіп бара жатқандай күйгелектенгені рас. Әбден басы қатты. Жетегіндегі Бүкірдің әр қимылын бағып отыр. Аяқ алысы, көңіл күйі көтеріліп келеді. Әжәптәуір сергіп қалған секілді. Бағанағы жасаурап, өлімсіреген көзі жоқ, жанары шақпақ тұтатардай жайнап тұр. Оның да ішінде де бір ыза мен кек бар секілді. Осы жолы бәйгіге жібермей алып кетсе кешпейтіндей көрінді. Қоспа ары ойлап-бері ойлап, ақыры нар тәуекелге бел буды.
...Бүкірдің тарқатқан жал-құйрығын қайта сүзді.
***
Күн бұлтты, жер лайсаң еді. Атшабардың төменгі жағы буалдыр тұманнан бір көрініп, бір көрінбейді. Бүкір өзгеше шапты, өршелене шапты. Бұрынғы бәйгілерде алғашқы айналымдарда өзгелердің аңдысын аңдып, алдыңғы топтың соңына ала жүріп, ақырғы сәтте көтерілетін. Бұл жолы ә дегеннен алдыға шығып кетті. Қасына Белдіқара ілескен. Ол да – қас жүйріктің нақ өзі, жануардың бір қасиеті қара сүйеп шабады. Қасындағы ат жүйткісе – жүйткиді, іркілсе – бәсеңдейді. Не озбайды, не қалмайды. Құдды тізгін ұшынан байлап қойғандай, алдыңғы атқа ілесіп алып, салпақтап отырады. Талай бәйгіде осылайша, бірінші атқа жабысып жүріп екінші келген. Мінезі солай. Иесі де – кеуде қақпас, дәрте сындырмас момын жігіт. «Барға – қанағат, осыған тәубе», – деп разы болып жүргені.
Бәйгі бойы екі қара бір-бірінен ажырамады. Алдыңғы топтан арқан бойы озық жүрді. Қоспа сағатына қарап аттардың екпінін есептеп отыр, бұрынғыдан 40-50 секундқа жылдам өтіп жатыр.
Ақырғы айналымға да осылай қосақталып кеткен, төменгі бұрылыстағы тұман ішіне екеуі бірге кірді. Бағанағы буалдыр тұман қоюлана түсіпті. Ештеңе көрінбеді. Екеудің артын ала іркес-тіркес алты ат ілесті. Нағыз айқас осы тұман ішінде болары анық, қайсысы бұлтты жарған күндей жарқырап шығады, сол бас бәйгіні алады. Ел-жұрт әлден қиқулап, жел табан жүйріктерді тағатсыздана тосып отыр. Бұлдыр арасынан алғашқы ат та көрінді. Жалғыз. Баран* емес, қылаң* екен. Оның соңынан іркес-тіркес үшеу шықты, тағы екеуі қарауытады. Бәйгі бойы топ бастаған Бүкір мен Белдіқараның артынан кеткен алтауы бар да, екі жүйріктің өзі жоқ. Қоспаның жүрегі кеудесінен шығып кетердей аласұрды. Ары-бері жүгіріп ат іздеді. Жұрт бәйгіден келген жүйріктерді сүйемелдеп, айқайлап-қиқулап жатқанда ол далақтап шауып қою тұман арасына кіріп бара жатты.
*Баран, Қылаң – Жылқы түсі қылаң, баран, ала боп үшке бөлінеді.
Баран – торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең, т.б.
Қылаң – ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б;
Ала – сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б.
***
Қалың тұман ішінде не болғанын ешкім білмейді. Қатар келе жатқан қос атқа қастандық жасалды ма, жасалмады ма, ол жағы да беймәлім. Із қуалап едәуір жерге барған Қоспа екі шабандоз баланы мінгестіріп қайтқан. Қатар құлап, жарыса жылаған сол екеудің сөзі де бір жерден шықпады. Бірі: «астыңғы айналымға барғанда Бүкір бас бермей алып қашып кетті», – десе, екіншісі: «әлдебір ақ сақалды қария қақпайлай шауып, атшабар жолынан шығарып жібергенін» айтады. Белдіқара келесі күні табылды. Бір төбенің етегіне барып зорығып құлапты жануар. Ал Бүкір жоқ. Қайда бет алғаны белгісіз. Сол шапқаннан тоқтамаған, сол кеткеннен қайырылмаған.
Біреулер Тентектің бойынан көріпті-мыс. «Буырыл атты адам жетектеп бара жатқан» деседі. Бірақ оның да анық-қанығы күмәнді. «Арқадағы бәйгіде жоғалған ат Жетісудағы Тентек бойына бір тәулікте шауып жетті» дегенге Қоспадан өзге жұрт иланбады.
Бір анығы тап сол бәйгі күні Тентек өзені де соңғы рет тулап ағып, сонан кейін мінез көрсетуді түбегейлі қойған. Бұл құбылысты біреулер Қоңыртөбе тауының аумағында болған жер сілкінісімен байланыстырады. Жер асты қыртыстарының қозғалуынан өзен тамыры буылған деп біледі. Сонымен бірге Бүкірдің обалы – су жылқысының сертінен де себеп іздейтіндер баршылық.
СОҢЫ
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0