«Кадет» тек қорқыныш пен мистиканы бейнелейтін фильм емес» - киносыншы

Қазан 22, 2025 - 15:52
Қазан 23, 2025 - 15:53
«Кадет» тек қорқыныш пен мистиканы бейнелейтін фильм емес» - киносыншы

Қазақстанның «Оскар» комитеті режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» фильмін Америкалық киноөнер және ғылым академиясының «Үздік халықаралық көркем фильм» номинациясына үміткер ретінде таңдады. Бұл режиссердің әлемдік киноакадемия назарына ұсынылған екінші туындысы саналады. Бұған дейін Ержановтың «Сары мысық» фильмі де осы номинацияда Қазақстан атынан ұсынылған еді.

Фильмнің халықаралық тұсаукесері 2024 жылдың қараша айында өткен 37-ші Токио халықаралық кинофестивалінің негізгі бағдарламасында өтті. Ал отандық көрерменге арналған алғашқы көрсетілім 2025 жылдың 2 қаңтарында ұйымдастырылды. «Кадет» кейіннен Берлин, Карловы Вары және Фрибур сынды беделді фестивальдердің бағдарламасына енді.
Осылайша, «Кадет» фильмі халықаралық деңгейде көрсетіліп, кәсіби орта мен көрермен назарын аударған туындылардың біріне айналды. Ендігі кезекте аталмыш фильмнің мазмұны мен көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, оның тақырыптық бағыты мен режиссерлік шешімдерін талдап өтелік.

«Кадет» фильмі хоррор жанрын қамти отырып, режиссердің үйреншікті кеңістігінде Серік есімді жасөспірімнің оқиғасын баяндайды. Өз құрдастарынан жәбір көруден шаршаған, қорлықтан арылуға талпынған кейіпкер үшін қоныс аудару үміт отын жаққан шешім болып көрінеді. Осы себептен оның анасы Алина Қаратас ауылында өмірлерінің жаңа кезеңін бастауға бел буады. Жаңа орта, жаңа мүмкіндік, жаңа бастама – барлығы олардың өмірінде өзгеріс туғызуы тиіс еді. Алайда бұл өзгерістің сипаты ойлағаннан өзгеше болып шығады. Бірте-бірте Серік тылсым әлеммен байланыс орната бастайды. Уақыт өте келе кадет мектебінің тыныштығын бұзған құпияның Нергал есімді шумерлік құдаймен байланысты екені белгілі болады. Аңыз бойынша, әрбір он төрт жыл сайын хаос таратушы күш оянып, өлім мен үрей әкеледі.

Аталмыш жағдайдың өрбуі хоррор жанрының дәстүрлі канондары арқылы көрініс табады. Шумер-аккадтық мифология фильмнің ішкі кеңістігіндегі заңдылықтардың мәнін ашу құралына айналған. Осы тұрғыда жын кірген баланың бейнесі мен қарғыстан арылу идеясы сюжет желісіне енгізілген. Жанр табиғатына тән типологиялық ережелерге сәйкес, зұлым рухтан құтылу үшін белгілі бір рәсімнің жасалуы қажет. Бұл қағида әлемдік кинематографиядағы классикалық үлгілермен де үндеседі. Мәселен, «Омен» (1976) немесе «Изгоняющий дьявола» (1973) фильмдерінен осындай ұқсас мотивтерді байқауға болады. Мұндай үндестік Әділхан Ержановтың жанрлық ерекшеліктерді бағындыру және оларды авторлық стильмен үйлестіру жолындағы бағытын айқындайды. Оның шығармашылығындағы «Казахские страшные сказки» сериалы осы бағыттың заңды жалғасы іспетті. Сериалда көрініс тапқан көркемдік шешімдер мен бейнелік тәсілдер автордың хоррор жанрының канондарын ұлттық кодпен ұштастыруға деген ұмтылысын айғақтайды. Осы себепті «Кадет» фильмі Ержановтың шығармашылық эволюциясында өзіндік «көпір» қызметін атқарды деуге негіз бар.

Нәтижесінде зұлым күшке төтеп беру жолы посткеңестік ортада бейнеленді. Фильм көрерменді таныс, бірақ ішкі күйзеліс пен үрейге толы кеңістікке енгізеді. Режиссер осы атмосфераны күшейту үшін статикалық кадрлар тәсіліне жиі жүгінген. Мұндай кадрлар оқиғаның баяу өрбуін қамтамасыз етіп, кейіпкерлердің жан дүниесіндегі мазасыздықты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Әр көріністегі тыныштық пен қозғалыссыздық көрерменнің назарын ұсақ бөлшектерге аударып, біртіндеп қорқыныш сезімін арттыра түседі. Бұл тәсіл айқай мен қарбаластан гөрі ішкі үрейді, психологиялық қысымды алдыңғы орынға шығарғаны анық. 

Режиссердің баламалық тұрғысы мен философиялық ұстанымдары бұл туындыда да айқын сезіледі. Ержановтың фильмдерінде философиялық ағымдарға афоризмалар арқылы сілтеме жасау оның қолтаңбасына айналған тәсіл. Бұл жолы да ол сол бағытынан айнымаған. Туынды құрылымына Рене Декарттың «Әдіс туралы пайым» еңбегіндегі төрт ереже енгізілген. Атап айтқанда: біріншісі – ешнәрсені анық дәлелденбеген жағдайда шын деп қабылдамау; екіншісі – әрбір қиындықты шешу үшін оны мүмкіндігінше және қажетті бөліктерге бөлу; үшіншісі – ең қарапайым және оңай түсінілетін нысандардан бастап, біртіндеп күрделі білімге көтерілу; төртіншісі – санақтар мен шолуларды ешнәрсе ұмыт қалмайтындай етіп жасау. Бұл қағидалар фильмнің сюжетінде де, кейіпкерлердің мінездік құрылымында да маңызды мағынаға ие.

Кадет мектебіндегі қылмыстық оқиғаларды тергеумен айналысқан полиция қызметкері Біржан – осы философиялық ұстанымдардың көрінісі іспетті. Ол өз мінезін рационализм мен скептицизмге сүйеніп қалыптастырған. Біржанның сенім мен ақылдың арасындағы ішкі тартысы фильмнің философиялық өзегін айқындайды. Себебі оны қоршаған мистикалық құбылыстар рационалды түсінікке сыймайды. Алина мен Серікке көмек көрсету үдерісі оның санасында ішкі қақтығыс туғызады. Бұл қақтығыс Декарттың төрт ережесінің экрандық интерпретациясы іспетті көрініс табады. Тергеу барысында Біржан ақыл мен сенім арасындағы тепе-теңдікті іздейді, Нергалдың қарғысы мен табиғи заңдылықтың арасындағы шекараны анықтауға тырысады. Ол бастапқыда паранормал құбылыстарға сенуден бас тартқанымен, уақыт өте келе рационалдық көзқарасының шектеулі екенін мойындауға мәжбүр болады. Осылайша, кейіпкердің ішкі эволюциясы логикалық ойлаудан метафизикалық түйсікке дейінгі қозғалысты бейнелейді. Мұндай психологиялық және философиялық қарама-қайшылықтар хоррор жанрына ерекше мән береді. Стивен Кингтің шығармаларында да дәл осындай дилемма – жеке сенім мен паранормалдылықтың қақтығысы – басты тақырыптардың бірі.

Біржанның мектептегі оқиғалардың куәгері ретінде жалғыз қалуы осы қақтығыстың кульминациялық нүктесіне айналады.

Сонымен қатар, «Кадет» фильмі соғыс пен қатыгездіктің адам болмысына тигізген зардабын негізгі идея ретінде көтереді. Мектептің басқарушылары мен ұстаздарының бейнелері осы ойдың символдық көрінісін құрайды. Физикалық күшке негізделген жүйе өз ішінде жалған утопиялық сипат алған. Ондағы тәртіп пен ережелер сырт көзге дұрыс көрінгенімен, шын мәнінде ол әділетсіздік пен зорлыққа негізделген. Қаратас ауылы осы жүйенің шынайы табиғатын әшкерелейді. Әрбір кейіпкер бейсаналы түрде осы қоғамның қатаң қағидаларына бағына отырып, өз болмысынан алыстайды. Бұл ортада жүйеге қарсы шыққандардың қатарында Алина мен Серік қана бар. Алина әйел ретіндегі әлеуметтік қысым мен патриархалды құрылымның салдарымен күреседі, баласымен бірге жаңа өмірдің мағынасын іздейді. Ол өмір сүріп жатқан қоғамның заңдылықтарын түсіне отырып, сол жүйені өз мүддесіне қарай икемдеуге тырысады. Серік болса, дәстүрлі еркектік мінез-құлыққа сай келмеуі арқылы қалыптасқан маскулиндік үлгіге қарсы қойылған тұлға ретінде көрінеді. Оның бейнесі қоғамдағы гендерлік және моральдық түсініктердің шектеулігін айқын көрсетеді. 

Осы тұрғыдан алғанда, «Кадет» тек қорқыныш пен мистиканы бейнелейтін фильм емес, ол қоғамдағы сенім дағдарысы мен рухани бос кеңістіктің көрінісін ұсынады. Режиссер оқиға арқылы адамның ішкі күйін, ұжымдық қорқыныштың табиғатын және билік пен зорлыққа негізделген жүйенің салдарын көрсетеді. Туындының баяндау тәсілі мен визуалдық шешімдері бір мезетте шынайы да, символдық деңгейде қабылданады. Бұл ерекшелік фильмді халықаралық аудитория үшін де түсінікті етеді. Фильмнің мазмұны мен көркемдік шешімдері режиссердің өз стилін сақтай отырып, жаңа форма іздеудегі талпынысын байқатады. Сол себепті «Кадет» фильмінің «Оскар» бәйгесіндегі нәтижесін уақыт өзі көрсетпек.

Қуандық Әзиза
Киносыншы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow