Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы қонақүй ғимараты қайтадан саудаға шығарылды
Бұл жолы ғимараттың бастапқы бағасы 38 278 230 000 теңге болып белгіленді, ал кепілдік жарнасы 1,9 миллиард теңгеден асады.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қайрат Сатыбалдыұлының Алматы қаласына сыйға тартқан бұрынғы қонақүй ғимаратын қайтадан саудаға шығарды. Бұл жолы бағасы айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды sadaq.kz.
Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 16 мың шаршы метрден асатын қонақүй кешені – лот e-Qazyna.kz электронды сауда порталында қайта жарияланды.
Бұл жолы ғимараттың бастапқы бағасы 38 278 230 000 теңге болып белгіленді, ал кепілдік жарнасы 1,9 миллиард теңгеден асады. Сауда-саттық 29 қазанда сағат 10:00-ге жоспарланған. Лотта саудаға жалғыз адам қатысқан жағдайда да сатуға рұқсат етілетіні көрсетілген.
Айта кетейік, бұл жолы ғимарат биылғы 25 қыркүйекте алғашқы сауда-саттықта белгіленген бастапқы құнынан үш есе қымбат бағаланып отыр. Ол кезде бастапқы баға 12,7 млрд теңгеден сәл ғана асқан еді. Бірінші сауда өтпей қалды, себебі бірде-бір қатысушы тіркелмеген болатын.