«Күйеуімнің қазасынан кейін қайным пәтерімді тартып алды»: Қарағандылық жалғызбасты ана әділдік іздеп жүр(ФОТО)
Қарағанды қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Ләззат Қалдыбекқызы өзіне тиесілі пәтерден айырылып қалғанын айтып редакциямызға шағымданды. Sadaq.kz журналисі оқиғаның мән-жайын назарға ұсынады.
Ләззат Қалдыбекқызының сөзінше, марқұм күйеуі тірі кезінде балаларға деп құрылысы бітпеген үйден екі бөлмелі пәтер сатып алған. Кейіннен ол пәтерді жолдасының туған інісі заңсыз иемденіп, басқа біреуге сатып жіберген.
"2023 жылдың қаңтар айында "Оптима Строй" компаниясымен алдын ала сатып алу шартын(предварительный договор купли продажи) жасастық. Келісімшартқа сәйкес күйеуім 2023 жылы 6 ақпанда қажетті деген қаражат 18 838 400 теңгені төлейді. Ескі пәтеремізді саттық та іргетасы енді қаланып жатырған үйге ақшаны құйдық. Негізі ол үйді күйеуімнің досы әрі сыныптасы арқылы тауып алдық. Ол аталмыш компанияда қызмет атқарған. Мен де, жолдасым да мұғалім болғандықтан мемлекеттік бағдарлама арқылы алған үйде тұра бердік. Содан кейін 2024 жылдың тамызында күйеуім қайтыс болды. Өзім қайғыдан есеңгіреп жүрген кезде қайным жерлеу рәсімінен кейін бес күн өткен соң күйеуімнің автокөлігін алып кетті", - дейді ол.
Ләззат Қалдыбекқызының stories-інен скрин
Үш баланың анасының айтуынша, сол көлікте марқұмның отбасына тиесілі пәтердің құжаттары мен пәтерге төленген қаражаттың чегі қоса кеткен.
"Ал ол көлікте күйеуімнің барлық құжаты салынған қара сөмке болған. Менің атымда тұрған алдын ала келісім құжаты да, төлем чегі де соның ішінде кетті. Қазіргі тұрып жатқан үйімізді(арендное жилье) күйеуімнің атына 20 жылға алғанбыз. Ал екінші үйді менің атыма рәсімдедік. Содан кейін құжат бойынша 2024 жылдың 4 қазанында қайным пәтерді өз атына аударып алған. Күйеуімнің сыныптасы Сүлейменов Қайрат қайын інім Асылбекті таниды. Екеуі өзара сөзбен келісімге келген. Машина үшін о бастан таласқан жоқпын. Ағасының көлігі ғой інісі міне берсін дедім. Ақпан айында мұрагерлік ісі басталған кезде маған және балаларыма мүлік ретінде қазіргі тұрып жатқан үйіміз ғана қалды. Содан кейін күйеуімнің жылдық асы өткенше ешкіммен араздаспай, үнсіз жүре бердім. Осы жылдың шілде айында біздің балаларымызға деп алып қойған үйді сатып жібергенін байқаусызда біліп қаламын. Екі бөлмелі пәтерді 31 млн 500 мың теңгеге саудалаған", - деп түсіндірді жалғызбасты ана.
Ләззат Қалдыбекқызының сөзіне сүйенсек, бұл іске бірнеше адамның қатысы бар. Жалғызбасты ана бүгінде соны дәлелдей алмай шыр-пыр болып жүр.
"Қайын інім 2024 жылы 4 қазанда өз атына аударып алған. Компания негізгі келісімшартты менімен жасаудың орнына, қайным Асылбекпен жасаған. Алдын ала келісімді менің рұқсатымсыз ауызша апарып өз атына негізгісін рәсімдеп алып отыр. Ол компанияның негізін үш адам қалаған. Солардың бірі Өзбекстан азаматы Орифов Нодиржон Орифович. Бұл құрылтайшының қазіргі уақытта көп былығы шығып жатыр. Мен сияқты тағы да екі адамның пәтерін басқа біреуге сатып жіберген. Олар заңсыздықты дәлелдей алды. Ал мен дәлелдей алмай отырмын. Өйткені менде құжаттың тек суреті ғана бар. Оның өзін кезінде марқұм күйеуім сұрағанда толық емес, тек айтқан беттерін жібергенде түсіргем. Енді ол бізге аз болып отыр. Азаматтық соттың бірінші инстанциясынан жеңіліп қалдым. Бұл азаматтық істен гөрі, қылмыстық іске көбірек келіп тұр. Өйткені бірнеше адамның (қайын інісі, марқұм күйеуінің сыныптасы және компанияның құрылтайшысы) бірігіп алып істеп отырған алаяқтық әрекеті бар. Олай дейтінім менің қайным құжаттарды өзіне алу үшін оларға 2 миллион теңге ақша берген. Мен жалғызбасты ана, үш баламен осының бәрін дәлелдей алмай отырмын", - дейді ол күйініп.
Ләззат Қалдыбекқызы марқұм күйеуінің досы Қайратқа жазып, сотқа беретіндігін айтқанында пәтерді өзіңе де, қайныңа да жоқ қыламын деген жауап алған.
"Қылмыстық іс қозғалуын қозғалды. Бірақ келесі күні белгісіз себептермен тоқтап қалды. Дәлел жоқ деген сылтау айтады. Бірақ мен нотариус арқылы қайным мен марқұм күйеуімнің кластасымен желі арқылы алмасқан хаттарымды іске тіркедім. Олар аудиохабарламада өз ауыздарымен барлығын айтқан. Не үшін менің атымдағы үйдің басқаға жаздың деп сұрағанымда: Күйеуіңнің інісі келіп өзінің атына жазатынын айтты, деп жауап берді. Одан кейін маған: Сен ештеңені дәлелдей алмайсың. Күйеуің ол ақшаны қолма қол әкеліп төлеген. Керек десең ол пәтерді саған да жоқ, қайныңа жоқ қылып өзім қайтарып аламын, деді".
Редакция тілшісі марқұмның сыныптасы Сүлейменов Қайратпен байланысқа шығып көрді. Зардап шегуші Ләззат пен Қайраттың арасындағы хаттың скрині болса да құрылыс салушы ешкімді танымайтынын айтты.
"Менің ешқандай қатысым жоқ. Ләззатыңды танымаймын. Жазбаңыз маған", - деп жауап берді ол.
(Қайрат Сүлейменов пен Ләззат Қалдыбекқызының хат алмасуынан)
Зардап шегуші болса, енесі мен қайын інісінің ісінен кейін соттың табалдырығын тоздырып, үш баласына тиесілі мүлікті қайтару үшін барлық амалға баруға дайын екенін айтады. Бірақ марқұм күйеуі ақшаны қолма қол төлегендіктен бұл істі өз пайдасына шешу жалғызбасты ананың қолынан келмей отыр. Ал "Оптима Строй" құрылыс компаниясының қазіргі директоры Самусенко Наталья Владимировна болса, басшылық қызметке кейін келгенін, оқиғаның басы қасында боламағынын айтады. Осылайша, зардап шегуші кінәлі деп атаған құрылтайшы Орифов Нодиржоннан ешқандай жауап алынбаған.
"Мен осы жылдың қыркүйегінен бастап барлық соттың табалдырығын тоздырып, жүгіріп жүрмін. Қыркүйектен бері 5-6 рет сот отырысына оларды шақырды. Біреуі де келген жоқ. Соның өзінде мен жеңіліп отырмын. Менің адвокатым банкке күйеуімнің атынан ақша түскен, түспегендігі туралы сұрау жіберген. Бірақ ешқандай қаржы түспеген болып шықты. Өйткені жолдасым ақшаны қолма қол апарып берген. Содан кейін қайын інім Асылбекті де тексерді. Одан да ешқандай ақша түспеген. Сонда Орифов Нодиржон(учредитель) заңсыз ақша алып құжатты істеп бере салған. Бұл жерде зардап шегіп отырған мен және "Оптима Строй". Дәл қазір сотқа арызды тек "Оптима Строй" ғана түсіре алады. Өйткені менен ақша түскені туралы дәлел жоқ. Бірақ олар үнсіз, оған не себеп екенін мен білмеймін. Енді бар үмітім бұл іс туралы журналистер арқылы жан-жаққа жариялауда. Сол үшін жанталасып жүрмін. Бізге қазір қылмыстық істі қайта қозғап, кінәлілерден жауап алу маңызды болып отыр. Жақсы тергеуші болса, өз ауыздарымен айтқан аудиохабарламалар арқылы барлығын дәлелдеп шығуға болады. Олардың таныстары бар деп ойлаймын. Өйткені мен берген дәлелдерді жоқ қылып жіберуге күштері жетіп отыр. 16 жыл некеде болсақ та енем мен қайным өлетін балам өлді, келін бізге жат деген оймен мені осындай жағдайға қалдырды", - деп ашынды ол.
Осы тұста Sadaq.kz редакциясы Қарағанды облысының Полиция департаментімен байланысқа шығып, аталмыш іске қатысты ресми сауал жолдады.
"Сотта қаралған ақпарат бойынша біз ешқандай пікір бере алмаймыз. Оның үстіне ол жерде соттың шешімі болса", - деп қысқа жауап берді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияр.
Ал зардап шегушінің адвокаты Спиренкова Надежданың айтуынша, жоғарыдағы жайтты қылмыстық іс ретінде қарау қиынның қиыны болып отыр.
"Бұл мәселені азаматтық іс негізінен ұту мүмкіндігі жоқ. Неге десеңіз, құжаттар ұрланған. Сол құжаттармен бірге төлемге қатысты барлық ақпарат та жоғалған. Сондықтан ақшаның нақты төленгенін құжат жүзінде дәлелдеу мүмкін болмай отыр. Ақшаның берілгенін растайтын жалғыз дәлел – осы мәмілеге қатысушылар арасындағы дауыстық хабарламалар. Ол хабарламаларда қаражаттың қолма-қол тапсырылғаны айтылады. Алайда азаматтық іс жүргізу аясында соттар мұндай дәлелдерді есепке алмайды. Бұл тек қылмыстық іс тәртібімен ғана қаралуы мүмкін. Қазіргі таңда бізде дәл осы қылмыстық іс қозғалу мәселесі тұр. Бірақ ол іс қозғала ма, қозғалмай ма – бұл, әрине, тергеу органдарына байланысты. Өкінішке қарай, олар бұл іске аса құлық танытып отырған жоқ, қысқасы, тереңірек тексеруге ниет білдірмей отыр. Ал бұл жағдай барлық белгілері бойынша тікелей қылмыстық құқықбұзушылыққа жатады: біріншіден, құжаттарды ұрлау фактісі бар, екіншіден, алаяқтық белгілері анық байқалады.
Айта кету керек, бұл істі аудан прокуратурасы тергеу амалдарын қайта жүргізу үшін кері қайтарды, тіпті прокурордың өзі қайтарған. Мен өз тарапымнан осы іске бекітілген тергеушіге бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізу туралы өтінішхаттар жолдадым. Алайда әзірге ешқандай ақпарат немесе жауап алынған жоқ", - деп түсіндірді қорғаушы.
Адвокат бұл жерде құрылтайшыдан бастап нотариусқа дейін кінәлі екенін, мемекеттік салықтан жалтару бар екенін алға тартады. Сондай-ақ марқұмның туыстарының әрекетін қатаң сынап, ешқандай адамгершілікке жатпайтынын айта кетті.
"Шын мәнінде, кез келген адам мұндай алаяқтықтан сақтандырылмаған. Тіпті туыстардың өзі. Егер логикамен қарайтын болсақ, отбасында қайғылы жағдай болған кезде туыстар керісінше бірігіп, марқұмның артында қалған балаларға жауапкершілік алуы керек еді ғой. Алайда бұл жағдайда, керісінше, марқұмның туған інісі бәрін пайдаланып кеткен. Ол балалардың мүддесін ойлаудың орнына, ақшаны да, пәтерді де алып, өз материалдық жағдайын жақсартуды ғана көздеген. Яғни, туған ағасының балаларының несібесін тартып алып, жеке пайдасын күйттеген. Мұндай әрекет моральдық тұрғыдан да ақылға сыймайды.
Ал бөтен адамдар туралы айтатын болсақ, олар да алаяқтық жолмен өзгенің мүлкіне қол салып отыр. Бұл жерде бірнеше тұлғаның алдын ала сөз байласуы болғаны анық. Оған құрылыс компаниясының өкілі де, марқұмның құжаттарын ұрлаған туған інісі де қатысқан. Ол құжаттарды марқұмның көлігінде жатқан жерінен алып, жесіріне әкеліп берудің орнына, қайғыдан есеңгіреп отырған әйелдің жағдайын пайдаланып кеткен. Осылайша, ол болған жағдайды өз пайдасына жаратып, материалдық әл-ауқатын жақсартуға тырысқан.
Алайда бұл істе ең үлкен сұрақтар құрылыс компаниясына және нотариусқа қатысты туындайды. Себебі мәміле рәсімдеу барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген. Біріншіден, нотариус бұл пәтерді сату жөнінде құрылыс компаниясы құрылтайшыларының шешімі бар-жоғын тексермей-ақ мәмілені рәсімдеген. Ал бұл компанияда үш құрылтайшы бар, демек әрбір мүлікті сату үшін міндетті түрде құрылтайшылардың хаттамалық шешімі болуы керек. Онда пәтердің құны мен сенім білдірілген тұлға нақты көрсетілуі тиіс еді. Алайда мұндай құжаттар мүлде болмаған. Соған қарамастан, нотариус тек заңды тұлғаның құқық белгілейтін құжаттарына сүйеніп, құрылтайшылардың шешімінсіз-ақ келісімді бекіткен.
Бұдан бөлек, шартта “ақша келісімшартқа қол қойылғанға дейін құрылыс компаниясының есепшотына аударылды” деп көрсетілген. Бірақ іс жүзінде ондай төлем мүлде жасалмаған. Азаматтық іс жүргізу бізге бір жағынан көмектесті. Сот банкке сұрау жолдап, соның нәтижесінде аталмыш құрылыс компаниясының есепшотына марқұмның жұбайынан да, негізгі келісімшартқа қол қойған оның қайнысынан да ешқандай ақша түспегені анықталды. Бұл жағдай құрылыс компаниясының мемлекетке салық төлеуден жалтару үшін қолма-қол есеп айырысу тәсілін қолданғанын көрсетеді. Ал мұның өзі салық заңнамасын бұзу белгілеріне жатады”, - деп толықтырды адвокат Надежда Спиренкова.
Sadaq.kz редакциясы мәселені бақылауға алып, алдағы уақытта істің қалай жүргізілетінін назарда ұстайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
1
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
1
Қайғылы
1
Жарайсың
0