«Мәхдилік – ислам ақидасының негізі емес»: Теолог Досай Кенжетай мәлімдеме жасады
Философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай әлеуметтік желідегі парақшасында «мәхдилік» мәселесіне қатысты көлемді пікірін жариялап, бұл ұғымның ислам ақидасының негізгі қағидаларына жатпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Ғалымның айтуынша, исламдағы «мәхди» феномені – діни, мәдени, мифологиялық, әлеуметтанулық және психологиялық элементтер тоғысқан күрделі құбылыс.
Оның пікірінше, «мәхдилік» Алла тарапынан иманның негізгі шарттарының бірі ретінде бекітілмеген және Құранда бұл туралы нақты аят жоқ. Досай Кенжетай «мәхдиге» қатысты пікірталастардың негізінен хадистер төңірегінде өрбитінін айтып, бұл риуаяттарды тарихи-сыни және теологиялық әдістер арқылы жан-жақты зерттеу қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ профессор классикалық Әһли Сүннет кәләм мектептері – Әшғари және Матуриди бағыттары «мәхдилікті» ислам ақидасының міндетті бөлігі ретінде қабылдамағанын атап өтті. Оның сөзінше, кейінгі ғасырларда ғана бұл мәселе халық арасында кеңінен тарала бастаған.
Ғалым өз жазбасында өзін «мәхди» деп жариялаған немесе өзгелер солай таныған тұлғалардың ислам тарихында болғанын, алайда олардың ешқайсысы бүкіл мұсылман қауымы мойындаған тұлғаға айналмағанын айтты. Сонымен қатар ол Қазақстандағы кейбір діни топтардың қызметіне тоқталып, «Мәхди» идеясы арқылы адамдарды адастыру әрекеттері қоғам үшін қауіпті екенін мәлімдеді.
Профессордың пікірінше, мұсылман қоғамы «құтқарушыны күтумен» емес, ғылымға, білімге және қоғам игілігіне бағытталған жобаларды жүзеге асырумен айналысуы тиіс.
«Алладан басқа құтқарушы жоқ. Сондықтан қоғамның дамуы бір адамның келуіне емес, адамдардың өздерін өзгертуіне байланысты», – деп түйіндеді Досай Кенжетай.
Ол жазбасының соңында жастардың жалған діни ағымдардың жетегінде кетпеуі маңызды екенін айтып, діни таным мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды. Оның сөзінше, мұндай құбылыстардың алдын алмау қоғам үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
1
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0