«Олимпиада чемпионы жаттыққан кешенді неге 38 есе арзанға саттыңыз?»: Журналист ЕҰУ ректорынан жауап талап етті
«Письмо Президенту» телеграм-арнасында қазіргі ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың үстінен жазылған ашық хат жарияланды. Журналист Айдын Егізбаев ректорды 2003 жылы Семейдегі мемлекеттік мүлікті «тиын-тебенге» сатып жіберді деп айыптап отыр, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Журналист Ерлан Сыдықовқа жолдаған үндеуінде нақты фактілерді тізбектеген. Оның айтуынша, 2003 жылы Сыдықов Шәкәрім атындағы университеттің ректоры болып тұрған кезде, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жаттыққан тарихи спорт кешенін нарықтық құнынан 38 есе арзанға сатып жіберген.
"2003 жылы Сіз, Шәкәрім университетінің ректоры қызметін атқарып отырып, №45 келісімшарт бойынша спорт кешенін небәрі 1 300 000 теңгеге — нарықтық құнын 38 есе төмендетіп — өзіңізге аффилирленген ұйымға бердіңіз", — делінген журналист мәлімдемесінде.
Белсенді бұл нысанның тек ғимарат емес, қазақ спортының тарихы екенін баса айтты. Ең басты айып — бүгінде бұл нысанның Ерлан Сыдықовтың жұбайы басқаратын Alikhan Bokeikhan University меншігіне өтіп кеткені. Журналист мұны «ашық сыбайлас жемқорлық» деп бағалап, ректорға тікелей сұрақ қойды:
"Бұл шешім қандай негізде қабылданды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін кім жауап береді?"
Айдын Егізбаев бұл мәселені көтеріп, Президенттің «Әділетті Қазақстан» қағидаты бойынша Ерлан Сыдықовтың ісіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр. Әзірге ЕҰУ ректоры тарапынан бұл ауыр айыптауларға қатысты ешқандай жауап жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0