Ұлт жұлдызынa һәм ұлы ұстазға құрмет
Бибігүл Төлегенова десе елең етпейтін қазақ жоқ. Расымен, Бибігүл Ахметқызы тұтас дәуірдің үніне айналып, біртұтас музыкалық мектеп қалыптастырып, әлем әншілерінің арасында дара дарынымен мойындалған орындаушы. Ол ұлт өнерінде халқымыздың менталитетін, музыкалық мүмкіндіктері мен талғамын көрсететін, дәлелдейтін өте қиын шығармаларды өз деңгейінде жеткізе білуімен ерекшеленетін КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, профессор. Сонымен бірге, өнертанушы, актриса.
Адам өмірінде ғұмыр бойы көнермейтін, өшпейтін із қалдырған жандар болады. Бала күннен ән салып, сахнаға сонша іңкәр боп өскен мен 1995 жылы қасиетті өнер жетелеп туған жерімдегі музыкалық училищеге ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Бибігүл Ахметқызының ең тұңғыш әрі төл шәкірті Қарагөз Ақжігітқызы Ақдәулетованың класына оқуға қабылданған едім. Қарагөз апайдың ұстаз ретіндегі алғашқы әңгімесі даңқты әнші Бибігүл Ахметқызының үлгілі музыкалық мектебінен басталатын. Жұмыс үстелінде әрқашан өз ұстазымен түскен ескі сурет тұратын. Ол кездері Бибігүл Төлегенованың шәкірті болмақ түге, онымен бір сахнада ән салу, онан сабақ алу түсімізге де кірмейтін. Тіпті, оның консерваторияда дәріс беретінінен хабарымыз да жоқ екен. Аспанда жұлдыздың жалғыз болмайтыны, тек, жұлдыз боп жануға дейінгі биіктікті игерудің жолы өте ауыр болатыны жетемізге кейін жетті ғой. Қарагөз апай өз өмірінен айтқан естеліктердің арқасында мақсатты биігірек қоюды үйрендік. Үлкен таланттардың жолын өнегелеуге дағдыландық.
Жалпы, менің опера жолына келуіме алғаш дәнекер болған фамилиям еді. Радиода, теледидарда «КСРО Халық әртісі, әлем жұлдызы Күләш Байсейтова ән салады» деген ғажайып сәттерге сүйсініп, тамсанып жүріп, өзімді де солай елестетіп, «Самал Байсейтова ән салады» деп өзімді өзім хабарлап, сол кісілер секілді ән салуға талпынып жүріп осы жолға түстім ғой. Одан кейін, кәсіби өнер сахнасына қадам баса бастағандағы идеалым Бибігүл Төлегенова болды. Оның қазақ киносының алтын қорына енген фильм-мюзиклдердегі образдарына, опера театрында сомдаған кейіпкерлеріне, аса шебер техниканы қажет ететін, қайталап орындау тіпті қиын шығармалардан тұратын мол әрі бай репертуарына бар зейінімді аударып зерделейтінмін. Жалпы, Бибігүл апайдың есімін атағанда халық «қазақтың бұлбұлы» деген ерекше мәртебелі теңеуді қоса атап жатады. Апай туралы айтылатын басқа мадақтаулардың орыны бөлек те, «қазақтың бұлбұлы» деген атағы өз атындай қастерлі, құрметті ғой. Бір күні дәріс беріп тұрып Бибігүл Төлегенованың музыкалық мұрасына тоқталып жатып, оның орындаушылық мүмкіндіктерін тамылжыған табиғаттың ерекше жаратылысы саналатын бұлбұл құспен салыстыра талдау ойыма келді. Бибігүл апамызға сол атақты берген халық айтса, айтқандай, бұлбұл құстың сайрағандағы дауысы сирек кездесетін колоратуралық сопраноға өте ұқсайды. Бибігүл Ахметқызы да опера әншілері арасында дәл сол дара дауыс мүмкіндігімен ерекшеленетін әнші. Бұлбұл мен Бибігүлдің тағы бір ұқсас тұсы, тым таза әрі тым нәзік үн. Қазақ әншілері арасында бұлбұлдың табиғи үнін тып-тиянақты әрі дәл жеткізіп, ұқсата алатын, дәл сол регистрде сайрай алатын жалғыз жұлдыз да біздің аяулы Бибігүл Ахметқызы. Танымал логопедтердің пайымдауынша, адам жанына жылылық сыйлап, табиғаттың дауысын жеткізе алатын сирек құстар қатарына бұлбұл да жатады екен. Бұлбұлдың дауысымен тіпті адам психологиясын қалыпқа келтіруге, адамның психикалық ауытқуларын жүйелеуге болады екен. Бибігүл Ахметқызы болмысының бұлбұлға ұқсастығына тағы бір дәлел, оның әндерінен тұтас буын, тұтас дәуір нәр алып, жан дертіне шипа тапты, әнге сусаған кеуілдерінің шөлін басты. Демек, Бибігүл Ахметқызына ғана жарасатын бұлбұл деген теңеу апайға дәл әрі орынды берілген деген сөз.
Ұстазымыздың ән өнеріне қосқан тағы бір зор үлесіне тоқталғым келіп тұр. Біздің төл вокалдық мүмкіндіктерімізді дәлелдейтін шығармалар қатарына халық әні «Гаухартас» секілді, даңқты композитор Л. Хамидидің Күләш Байсейітоваға арнап жазған «Бұлбұл, Д.Батпаевтың «Көктем вальсі» секілді сом-сом әндер жататын болса, өз кезеңіне ғана емес, келешекке де сол әндердің орындалу мәнерін, үлгілік деңгейін көрсетіп, қалыптастырып берген даусыз Бибігүл Төлегенова ғана. Шыны керек, біз бәріміз, кейінгі буын сол кісінің үлгісімен жоғарыда аталған әндерді орындауға тырысып жүрміз.
Музыка - ұлттар арасындағы арақашықтықты жақындатып, шектеулердің шебін бұзатын дара құндылық. Осыны алғаш дәлелдеген қазақ әншілері қатарына да Бибігүл Ахметқызын жатқызуға болады. Себебі, ол өз өнер жолында табаны тиген неше мемлекет болса, соның көпшілігінің ана тілінде ән шырқады.
Сөз басында адам өміріндегі жетістіктерге себепкерлік туралы айттым ғой. Менің өмірімдегі тағдырым тартқан сый - Бибігүл Ахметқызына шәкірт болуым шығар. Бибігүл апайдың консерваторияда дәріс беретінін естігеннен бастап менде ерекше ынта пайда болды. Сол кісінің класына қабылдану үшін дайындығым еселеніп, өзіме екшеп алған межелер іріленді. Ізденісім ұлғайды. Соның арқасында арманым орындалып, апайдың класына қабылданып, апайдың қолынан жоғары білім дипломын алып, үлкен сахналарға жолым ашылды. Апайдан алған білім, бойымда апай қалыптастырған кәсіби деңгей өнер адамы ретіндегі сенімділігімді арттырды. Сондай даңқа, құрметке бөленген талантты адамның жанының шуағы, оның өмір сүрудегі қағидалары, өзін-өзі ұстауы, талғамы, сұлулыққа, кәсібилікке құштарлығы біздің де деңгейіміздің өсуіне дәнекер болды десек, артық айтпаймыз.
Енді, ұлтымыз үшін ғана емес, сол ғасырда одақтас болған халықтар үшін аяулы болған Бибігүл Ахметқызымен қалай мақтанбаймыз?..
Апайдың тағы бір ауыз толтырып айтуға болатын ірілігі - оның қамқор пейілі. Шәкірттерінің бәріне соңына дейін жанашыр бола білетін даралығы шынымен жан елжіретеді.
Оқу бітіргесін Сыр бойына оралып, әншілік, ұстаздық қызметімді бастадым. Жерлестерім маған талантым үшін бір бөлек, Бибігүл апайдың шәкірті болғаным үшін бір бөлек құрмет көрсететін. Әлі күнге дейін солай. Мемлекет берген наградаларымнан бұрын “Бибігүл Төлегенованың шәкірті” деген көпке бұйыра бермейтін атағым мен үшін жоғары. Қай сәтте болмасын, апай жанымыздан табылды. Бірде, мерейлі жасыма Қызылорда облысының әкімдігі арнайы ұйымдастырған концертке Бибігүл Төлегенова апайымыздың өзі қатысып, екеуміз бірге ән шырқадық. Сондағы ата-анамыздың бақыттан нұр жайнаған өңін көрсеңіздер ғой… Алматыға қимай жіберген жас қанат, жас талап, жас желкені жылдар өткеннен кейін дүниежүзіне белгілі белгілі әншімен бірге Сыр сахнасында ән шырқап, концерт берді. Ата-ананың үмітін ақтау дегеннің басқаша дәлелдемесі болар ма?.. Міне, Бибігүл Ахметқызы менің өмірімде дәл осындай өшпейтін, көнермейтін із қалдырған еді. Демек, ұстазымды өмірімдегі орыны ерекше адамға бағалауыма толық негізім бар деген сөз ғой!
Мойындау керек, әлем мәдениетінің есігін еш қиындықсыз ашқан қазақ таланттары санаулы. Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Әміре Қашаубаев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаевтардан басталатын сол салтанатты сапқа біздің ұстаз да үлкен еңбекпен қосылған.
2024 жылдың желтоқсанында апайдың 95 жылдық торқалы тойы өзін ерекше махаббатқа бөлеген халқымен, тыңдармандарымен бірге аталып өтті. Ұлт мақтанышына деген халқымыздың алғаусыз құрметін шәкіттері сол мерейтой шараларында тағы бір анық сезінді деп айта аламын. Себебі, елордамыз Астана қаласындағы дүние жүзінде теңдесі жоқ AstanaOpera театрында өткен кешке Бибігүл Ахметқызы жетелеп, мәпелеп қатарға қосқан шәкірттері апайдың қалауымен түгел қатысты. Мен сол салтанатты әрі мәртебелі кеште ұстазымыздың репертуарын бір ән орындадым. Мерейтой иесі жайғасқан биіктен түскен бір сәуле, апайдың әніне қошеметті аямай соққан халықтан жеткен бір жылу мені аспан әлемінен бірақ шығарды. Бұрын соңды кешпеген күй кешіп, бұрын соңды сезбеген сезімге бөлендім. Көрермен шәкірттеріне ерекше махаббат білдіріп отырған ұстазымға ерекше толғаныспен қол соғып, өз биігіне лайық ықылас танысты. Осынау тарихи сәт үшін де, шығармашылық жолымдағы шоқтығы биік кезеңдер үшін де ұстаз қасиетіне бас идім сонда.
Жақында Қызылорда облысының мәдени күндерімен классикалық өнерге құрметі бөлек Еуропа елдеріне, атап айтқанда Испания, Эстония, Финляндия мемлекеттеріне бардық. Бибігүл Ахметқызы жүріп өткен жолдар, Бибігүл Ахметқызы бағындырған белестер, Бибігүл Ахметқызы мойындатқан сахналар. Сол сапарға менің де баруым, сол жолда менің де жүруім, сол сахналарда менің де ән шырқауым – ұлы ұстазымның еңбегінің арқасы еді. Мұның бәрі менің әншілік тағдырыма қалай айтып, қалай жазсам да жеткізе алмайтын ұлы үлес, ұлы еңбектер еді!..
Қазақ барда қазақтың бұлбұл Бибігүлі бар. Музыка барда, ән барда Төлегенова жұлдызы ең жоғары биіктен жарқырай бермек! Ұстазымыз ғасыр жасасын! Бибігүлін алақанына салып аялап, жүрегіне салып тербеген халқымызға мың алғыс!
«Құрмет» орденінің иегері,
әнші Самал Байсейтова
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0