Қазақстан eGov-тан AI-gov-қа өтуде: Жаңа кезең басталды

Астанада өткен Astana Open Dialogue тәуелсіз аналитикалық платформасының III отырысында “Қазақстан eGov-тан AI-gov-қа дейін: қалай серпіліс жасауға болады?” тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі өзгерістер туралы айтты.
Жиын барысында Мәдиев соңғы жылдары елімізде электронды үкімет (eGov) және GovTech инфрақұрылымын дамыту стратегиялық басымдыққа айналғанын атап өтті.
Алғашқы кезеңде бірыңғай мемлекеттік қызметтер порталы, электрондық-цифрлық қолтаңба жүйесі, интеграцияланған дерекқорлар мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл механизмдері іске қосылды. Бұл шешімдер мемлекеттік қызметтердің ауқымды цифрландырылуын, олардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етті.
Қазіргі таңда Қазақстан eGov-тың дәстүрлі үлгісінен жаңа сапаға — жасанды интеллектке негізделген AI-gov моделіне өтіп жатыр. Бұл бағыт мемлекеттік функцияларды интеллектуалдандыруды, үлкен деректер мен машиналық оқыту алгоритмдерін қолдануды, мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсетуді және азаматтармен жекелендірілген өзара іс-қимылды көздейді. Қазірдің өзінде чат-боттар, дауыс ассистенттері, предиктивті аналитика және шешім қабылдауды автоматтандыру жүйелері енгізіліп жатыр. Осы тәсілдің арқасында мемлекет “азамат сұрайды – мемлекет жауап береді” моделінен “мемлекет алдын ала қызмет ұсынады” моделіне көшіп жатыр, - деді ЖИ министрі.
Оның сөзінше, жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық деңгейде де мойындалды. Қазақстан Future of Government Award және GovTech Prize сыйлықтарына ие болып, БҰҰ-ның ғаламдық онлайн-қызметтер индексінде ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Бұл еліміздің eGov-тан AI-gov-қа өтуге дайын екенін көрсетеді.
Жиында сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектті дамытуға ерекше назар аударатыны айтылды. Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында ЖИ-ді стратегиялық басымдық әрі Digital Qazaqstan тұжырымдамасының негізгі элементі деп атап өтті. Президент тапсырмасы бойынша қазір Ұлттық стратегия әзірленуде. Оның мақсаты – Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығын нығайтып, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Стратегия этикалық және құқықтық нормаларды қалыптастыруды, адами капиталды дамытуды, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен негізгі экономикалық салаларға ЖИ енгізуді қамтиды.
Осыған қоса, инновациялық экожүйе құрудың стратегиялық маңызы атап өтілді. Жарқын мысал ретінде Орталық Азиядағы ең ірі IT-кластер – Astana Hub келтірілді. Мұнда 1 500-ден астам компания жұмыс істейді. Бүгінде Telegram, EPAM, InDrive сынды ірі халықаралық технологиялық көшбасшылар Қазақстанды стратегиялық алаң ретінде таңдауда. Бұл елімізде технологиялық өсім үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






