Қазақстан нансыз қалғалы тұр

Елімізде бидай егілген жер қалмауы мүмкін, себебі оны егуден алынатын табыс азайып барады.

Маусым 12, 2025 - 11:53
Қазақстан нансыз қалғалы тұр
Фото:istockphoto.com

АШМ дерегінше, ауыл шаруашылығы дақылдары 2025 жылы жалпы ауданы 23,7 миллион гектар алқапта егілді. Соның ішінде "ас атасы" нанның шикізаты – бидайға небәрі 13 миллион гектар ғана жер тиді.

Салыстырсақ, Қазақстанда 2024 жылы бидай 16,6 миллион гектарға егілген еді. Соның өзінде егістігі 2023 жылға қарағанда, 5,1%-ға қысқарған. Биыл одан сайын шектеліп қалды.

Мұндай қарқынмен болашақта қазақ елі нан жасау үшін ұн мен бидайды өзге елдерден тасып, тәуелді болып қалуы мүмкін. Өйткені бұқара нан жеуін қоймайды, қай қазақтың дастарханы бауырсақсыз, шелпексіз, таба нансыз, тандырсыз болсын? Тіпті дастархан көркі, қонаққа қошемет – еттің наны да ұннан жасалады емес пе.

Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі "егістік патшасы" бидайдың егістігін азайту әрі қарай жалғасатынын, мемлекеттің бұған ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.

"Биыл да егістік алқаптардың құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылды. Бұл ретте егін айналымының ғылыми негізделген нормалары, климаттық тәуекелдерге төзімділік және нарықтық үрдістер ескерілді. Нәтижесінде, өнімділігі жоғары және сұранысқа ие дақылдардың егіс көлемі ұлғайды: майлы дақылдар – 3,4 миллион гектарға (өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн гектарға артық), малдың жемазықтық дақылдары – 3,3 млн гектарға (114 мың гектарға артты), дәндік жүгері – 167,5 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектарға егілді", – деп хабарлады АШМ.

Ведомствоның сендіруінше, аталған егіс алқаптары елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, 2 жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға, биыл 187 мың гектарға қысқарды. Ал, мал азығы мен майлы дақылдар алқабы күрт ұлғайып, 3,3 миллион гектарға жетеді. Күнбағыс алқабы алғаш рет рекордтық 1,4 млн гектарды құрағалы тұр. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға егілді", – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сонымен бірге, ElDala.kz мамандандырылған порталы сарапшыларға сілтеме жасап, биыл ұн тартушылар отандық бидайсыз қалатынын жария етті. Неге? Өйткені дәстүрлі түрде тек бидай ғана егетін орталық және солтүстік өңірлердің өзі бұл дақылдан бас тартуда.

Енді диқандар бидайдан босатқан алқаптарға мол табыс әкелетін майлы және бұршақ дақылдарын көбірек егуге тырысады.

Әсіресе, Солтүстік және Шығыс Қазақстан жеріндегі топырақтың сапасы мен жауын-шашын деңгейі "ас атасының" шикізатын өсіру үшін ең қолайлы. Соған қарамастан, онда да жергілікті фермерлер бидайдың үлесін 25%-ға дейін азайтты. Оның орнына күнбағыс, рапс, зығыр, жасымық-чечевица септі.

Сарапшылардың байламынша, Қазақстанда бидай "елде өсірілетін негізгі дақыл" мәртебесінен 2021-2023 жылдардан бері қарқынды түрде айрыла бастады.

Бидайдан теріс айналған шенділерге егіншілер ерді. Бидайға жарытымды субсидия бермейді. Бұл көптеген фермерді дәрменсіз жағдайға жеткізіп, банкрот қыла жаздады. Көмек болмаған соң олар өз бетінше тығырықтан шығарар жол іздеді. Ол жол табысы шаш етектен келетін өзге дақылдарға бастады.

Дәл осы кезде Үкімет елде май өңдеуші зауыттардың құрылысын қуатты демеуде. Майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың қуаты сұрапыл серпінмен өсуде, жыл сайын 1 миллион тоннаға артады. 2025 жылы 5 миллион тоннаға жетті.

Ол зауыттардың бәрі шикізатты қажет етеді: бір-бірімен бәсекелесіп, жарыса жүріп, көбірек ақша төлеуге ынтық, тіпті дақылды егістік алқабынан өзі алып кетуге дайын. Себебі, қолданыстағы шикізаттық база бұл қажеттілікті толық өтей алмайды. Бір бөлігі импортталады.

Піскен майлы дақыл астығын бірінші болып алып кету үшін зауыттар тартымдылығы бірінен бірі өткен баға ұсынады. Нәтижесінде, егер 2024 жылы күнбағыстың 1 тоннасының құны 130 мың теңге тұрса, 2025 жылдың көктемінде 230 мың теңгеге дейін шарықтады.

Салыстырсақ, 1 тонна бидайдың бағасы былтырғы жыл соңында 95 мың теңгеге дейін құлады. Бүгінде жаңа астық орылмаған маусымаралық кезеңнің өзінде 100 мың теңгенің ар жақ-бер жағында.

Сонымен бірге, зығыр мен рапсқа – Қазақстанда кең таралған келесі майлы дақылдарға экспорттық нарықтар ашылды. Көрші Қытайдан бастап, алыстағы араб елдеріне дейін сатып алады.

Нарықтың өзі отандық фермерлерді бидай жайқалатын егістіктердің ауданын еселеп азайтуға және олардың жерін майлы дақылдарға беруге итермелеуде. Бұлай бара берсе, Қазақстанда бидай қат өнімге, бауырсақ – бұқараға қолжетімсіз деликатеске айналуы мүмкін.

Бұдан бөлек, жасымық, бұршақ сияқты бұршақты дақылдарға да сұраныс артты. Тиісінше, Үкімет олардың егістігін ұлғайтуға түрлі субсидиялық тетіктер арқылы түрткі болуда. Бұл дақылдар да шетелдік нарықтарда сұраныс тапты.

Бидайды арпа да ығыстыруда. Оған Қытай, Иран импорттаушылары мол тапсырыс беруде. Кезінде мал жеміне ғана пайдаланылатын, әрі кетсе, армиядағы әскер мен ауруханадағы сырқаттарды тамақтандыруға қолданылатын арпаның бағасы бүгінде қымбат қара нанды жасауға жарайтын 3-ші сыныптағы бидаймен теңесті.

ElDala.kz шенеуніктердің елдегі бүкіл егістік құрамында бидайдың еншісіне 25%-ды ғана қалдыруды мақсат етіп отырғанын жеткізді. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, жалпы егіс алқабының, яғни, шамамен 24 миллион гектардың 25%-ы 6 миллион гектар болады. Болашақта бидай тек осы шағын бөлікте өсетін болады.

Сарапшылар "ең төмен маржиналды-табысты дақылдарға фермерлер ең құнарсыз, нашар жерлерін қалдыратынын" қаперге салды. Ондай жер учаскелерінен үлкен шығымдылық пен мол астық күту әбестік.

Тіпті әлдеқалай жоғары технологиялар енгізіліп, қазіргі шығымдылық сақталса, әр гектардан 15 центнерден айналса, онда Қазақстан жылына әрі кеткенде 9 миллион тонна ғана бидай жинай алады.

Оның шамамен үштен бірі төмен сапалы болуы, сәйкесінше, адамның жеуіне жарамауы мүмкін. Бұған климаттық кризис аясында көрігі қызған құрғақшылық қосылып, бидайдың бір бөлігін қуратады. Тағы бір бөлігі қажеттілігі аз күзгі жауын-шашыннан өніп, көктеп, қызып кетеді.

Қазақстан халқы, сондай-ақ ұн мен бидайдан нан-тоқаш, торт, арақ, түрлі тауар өндіретін кәсіпорындар жыл сайын 6 миллион тоннадан артық бидайды қажетсінеді. Бұл қазіргі 20 миллион халықтың сұранысы. Елдің басы өсері сөзсіз.

Тағы 1 миллион тонна бидай нарыққа түспейді, оны аграршылар келер жылы егу үшін тұқымға сақтайды. Тағы 2 миллион мал шаруашылығына жемазық ретінде қажет. Онда, сарапшылардың байламынша, Қазақстан шынымен де өзін бидаймен және ұнмен қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін. Төрт түлік те тарығатын түрі бар.

Ал, Үкімет ауыл шаруашылығынан мол табыс түсіру үшін "монодақылмен" – бидаймен арпалысуын әрі қарай жалғастырады.

"2025 жылғы көктемгі егіс науқаны елімізде жер өңдеу тәсілдерінің өзгеруі жағдайында өтті. Негізгі назар ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мен монодақылдарға тәуелділікті азайтуға аударылды. Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық тәуекелдерге бейімдеуге, сондай-ақ нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ресурсты көп қажет ететін әрі баға құбылуына сезімтал дақылдардың – бидай мен күріштің егіс көлемі қысқарып келеді", – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow