Шымкенттегі шу: Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы 5 жылға дейін сотталуы мүмкін
10 қазан күні кешке Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті басталар алдында стадионға кіреберісте адамдар көп жиналып, салдарынан көрермендер зардап шекті. Медициналық көмекке сегіз адам жүгінді. Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды. 12 қазандағы мәлімет бойынша оның жағдайы ауыр.
Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде зардап шеккендерге байланысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Сот оған қатысты бұлтартпау шарасын әзірге қараған жоқ. Ауруханаға түскен 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр.
Сотқа дейінгі тергеуді Шымкент қаласы полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бап бойынша қауіпсіздік талаптарын бұза отырып қызмет көрсеткені үшін 5 мың АЕК-ке дейін (2026 жылы 21,6 млн теңге) айыппұл салу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Полиция күдіктінің уақытша ұстау изоляторында отырғанын растады.
Сот тергеу кезеңіндегі шектеулерге байланысты істің мән-жайын жария етпеді.
"ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс сотқа дейінгі тергеу сатысында болғандықтан, мәлімет бере алмаймыз. Қосымша ақпарат алу үшін тергеу органдарына немесе прокуратураға жүгінуді сұраймыз", – деп хабарлады сот.
Прокуратура сот шешімі шыққанға дейін қолданылатын тәртіпті түсіндірді.
"Адам 48 сағатқа дейін ұсталуы мүмкін. Осы мерзім аяқталғанға дейін тергеу судьясы күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру немесе одан бас тартып, өзге бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін қарайды. Қазіргі уақытта материал судьяның қарауына әлі түскен жоқ", – деп түсіндірді прокуратура.
Еске салайық, 10 қазан күні кешке Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті басталар алдында стадионға кіреберісте адамдар көп жиналып, салдарынан көрермендер зардап шекті. Медициналық көмекке сегіз адам жүгінді. Дәрігерлер тексергеннен кейін олардың жетеуі үйіне жіберілді. Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды. 12 қазандағы мәлімет бойынша оның жағдайы ауыр.