«Жеке затын қайтарып берген»: Полиция департаменті күдіктінің қалтасына есірткі салғандарын жоққа шығарды

Алматыда қыркүйек айының соңында тараған видео қоғамда қызу талқыланды. Кадрда полицейлер белгісіз ер адамды ұстап жатқан сәт көрініс тапқан. Көпшілік видеодан полиция қызметкерлерінің күдіктінің қалтасына бір нәрсе салғанын байқап, оларды айыптаған, деп хабарлайды sadaq.kz.
Қалалық полиция департаменті бұл жағдайға түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, ер адам пәтерақыны төлемегені үшін ұсталған. Полиция департаментінің айтуынша, бейнежазбадағы даулы сәтте тәртіп сақшысы ешқандай зат салмаған, тек ер адамның қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтадан қайтарып беріпті.
«Бейнежазбада көрсетілгендей, полицей күдіктінің қалтасынан түскен жеке затын өзіне қайтарып берді. Бұл дерекке қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді», – делінген департамент хабарламасында.
Алайда бұл оқиға кейін жалғасын тапты. Видеодағы ер адам өзіне есірткі салып жібергенін айтып, полицейлерге қарсы шағым түсірген.
«Медеу аудандық полиция бөлімінің №84 учаскелік пунктінің қызметкерлері заңсыз тінту кезінде мені есірткі сақтады деп айыптады. Бірақ бейнежазбадан олардың өздері бір затты қалтама салғаны анық көрінеді», – дейді ер адам.
Сіздің реакцияңыз қандай?






