«Адам түгіл айуан да ондайға бармайды»: Ауылдастарынан зорлық көрген әйел 32 жылдан кейін бар шындықты айтты

Маусым 8, 2026 - 23:03
chat_bubble  0 visibility  2
«Адам түгіл айуан да ондайға бармайды»: Ауылдастарынан зорлық көрген әйел 32 жылдан кейін бар шындықты айтты
Фото: видеодан кадр

Желідегі парақшасында өзін топ еркек зорлап, жүкті еткенін айтқан Наташа Қалымбетова Qasqa Jol YouTube арнасына сұхбат беріп, басынан өткенін егжей-тегжейлі баяндады, - деп хабарлайды Sadaq.kz.

Наташа Қалымбетова қанша жылдан кейін бұл оқиғаны не үшін жария еткенін түсіндірді. 

"32 жыл бұрын өзімнің туған ауылымда мені аямай қорлап, зорлаған төрт жігіт туралы екі ай бұрын парақшама салған болатынмын. Ішімде жатқан ауруымды елге айтып, пікір алмасайын, тәжірбиелі психолог кезігіп қалар, менікіндей жағдайды өткергендер көмектесіп қалар деген оймен бөлістім. Қазір Тайландта тұрып жатырмын. Сол жақта жалға алған көлігімді соғып алдым. Бірнәрсеге ренжісем 32 жыл бұрын болып кеткен нәрсе есіме түседі. Сол күні стреспен жаздым да, бірақ жарияламадым. Артынша салып едім бір күннің ішінде миллион қаралым жинапты. Ертеңгі күні Астанадан хабарласып, іс қозғалғанын айтып елге қайтуымды сұрады. 20-30 минуттан кейін Оралдан хабарласып, қашан келетінімді сұрады. Кейін Тайландтан елге барып-келуге бір айға рұқсат алдым. Оралға келе сала арыз жаздым. Осыған дейін мұндай жағдай тек менің басымнан өтті деп ойлайтынмын. Видеоны жүктегеннен кейін көп қыздың басынан өткенін білдім. Көп сұрақ келген соң тереңірек айта бастадым". 

Тағдырдың тепкісін көрген ол қызынан қалай көз жазып қалғанын баяндады. 

"Мені зорлағандарды танымаймын. Екеуі екі кластасымның ағасы, оларды жақсы білемін. Бірақ араластығым жоқ, Үшінші жігіттің аты-жөнін есіме түсіріп айттым, ал қалғанын білмеймін. Оның бәрін полиция қарап жатыр. Менің ішімді өртейтін бір нәрсе - қызымның қайда екенін бейхабармын. Ол шетел асты ма әлде органдарын тапсырып жіберді ме еш хабарым жоқ. Осыған дейін бұл туралы тек екі адамға айттым. Мен шарасыз болдым. Негізі әкемнің інісі "Балалар үйінде" қызмет еткен. Бірақ қанша тырыссам да ол кісіге беттеп, сұрай алмадым, өзі мені тартпайтын. Менің ойымша, сол ағам мен анам қызымның қайда екенін біледі. Қызымды қайда, қалай жібергенін ағам біледі. Менің білетінім қызым 3 жасқа дейін "Балалар үйінде" болды. Жаңа жылда босанған соң қараусыз қалдым. Ешкім іздеп келмейтін әйел, баласы "отказной" деген сөздер болды. 9 күн перзентханада жатып, ол жерден шығарып жібергенше қызымды еміздім. Сол жердегілер менің жағдайымды түсінетінін алайда үй-күйсіз, жұмыссыз студентке бала бермейтінін, есейіп есімді жиған уақытта қызымды алып кететінімді айтып, қолыма мекен жай жазылған қағаз ұстатты". 

Сондай-ақ Наташа Қалымбетова 32 жылдан кейін өзін кластасының үйінде зорлағанын, сол ұмытылмас күні не болғанын жылап отырып айтып берді. 

"Мені қорлағанын бүкіл ауыл, анам білді. Ешкім мені қорғаған жоқ. Ағаларым да мен үшін тұрған жоқ. Колледждегі қыздар менімен тұрғысы келген жоқ. Содан кінә менен деп ойладым. Маған тек танымайтын қыздар көмектесті. Қиналып кеткен соң оқуымды да тастап кеттім, жататын да жерім болмады. Құрбыларымның үйінде екі күннен қонып жүрдім. Әбден қиналдым. Алматыға барып оқуға түсе алмай ауылға қайтып бардым. Анам бір сиырды сатып, ағаларың көрмей тұрғанда кет, деді. Сол кезде анама да керек емес екенімді түсіндім. Менің пәктігімді менен жұлып алды. Жігітпен жүріп, махаббаттың иісін сезіп көрген жоқпын. Менде тек реніш, шыдай алмай шығып отырмын. Сол кезде мен 17 жаста едім. Әскерден келген ағам бізбен қалғанда ешкім мені олай қорламас еді. Ал сұмырайлар анамның қатты екенін, қорғанышым жоқ екенін біліп әдейі жасады деп ойлаймын.  Ауылдамын, ешкім жоқ. Ағам әскерде, біреуі Алматыда, тағы бір ағам үйленген полиция қызметкері еді. Ауылда тек анам екеуміз болдық. Әкем менің 7 жасымда қайтыс болды. 4 қыздан кейінгі жалғыз қызбын. Қараша айы еді. Аягөз деген сыныптасым үйіне шақырды. Сол үйде көп жиналатын едік. Отырыста терезе қаға бастады, үлкен жігіттер келіпті. Содан Аягөз үйімізге тарауды сұрады. Сыртта 4 жігіт тұр екен. Сол жігіттердің біреуі қолымнан жұлып алып шықты. Құрдастарым қозғалмай қалып қойды. Мені жұлқылап алып кетті. Содан мені басқа үйге кіргізді. Бәрін істеді де ішіндегі біреуі мені Жайықтың жағасына апарды. Полицияға беремін деп едім, қатты ұрды, қинады. Оның бәрін айтып беру маған қиын. Не үшін сондайға барғандары маған әлі күнге дейін сұрақ. Жайыққа апарып тағы да қорлады, қатты ұрды да полицияға барасың ба деп қайта-қайта сұрады. Ешкімге айтпаймын дедім. Сосын ғана кетті. Содан таңата ауылды айналып, қораға бардым. Арқанды мойныма іліп, өлемін дедім. Анама айта алмадым, ол оны тірілей көрге тығу еді. 

Солай бір күні анам дүкенге жіберді. Сол жолда суға апарып мені өлтіремін деген сұмырай артымнан келіп тағы ұстап алды. Қашан кездесеміз, сен мені сағынған жоқсың ба, деді. Қолымнан қатты қысып алған. Әлі есіме түссе, денем дірілдейді. Кейін құрбыма бара жатқанда басқасы келіп белімнен ұстап алып мені үйлеріне алып кетті. Наурыз айында екінші рет мені қатты зорлады. Туған кластасымның үйінде зорлады. Сол кезде аяғым ауыр болып қалды. Намысы бар адам ондайға бармайды, оларды жануарға да теңей алмаймын". 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0