Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің салық реформасына қолдау білдіретінін мәлімдеді

Наурыз 15, 2025 - 12:46
Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің салық реформасына қолдау білдіретінін мәлімдеді
Фото: Ақорда

Ұлттық құрылтай мүшесі Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің салық және бюджет саясатына қатысты ойын ортаға салды. 

Еліміздің салық саясатын жетілдіру міндеті тұр. Бюджет кез келген мемлекеттің ажырамас бөлігі, негізгі атрибуты. Егер бюджетке көбірек қаражат түсетін болса, соғұрлым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу әлеуеті арта түсетіні баршаңызға мәлім. Оның үстіне бюджеттен түскен қаражат қайта бөлек отырып мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарды қорғап, халықтың арасында тепе-теңдікті қалыптастырып аймақтардың біркелкі дамуына жағдай жасайды. Егер мемлекеттік институттар бюджетке түсетін жеткілікті мөлшерде жинай алмайтын болса, мұндай жағдайда байлар байыған үстіне байып, кедейлердің кедейлене беруіне жол ашыла түседі. Аймақтардың арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтық ұлғайып, елдің саяси тұтастығына қауіп төнетіні ақиқат, - деді Жақсыбек Құлекеев Ұлттық құрылтайда сөз алып. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары бюджетке түсетін салық көлемі жалпы ішкі өніммен салыстырғанда төмендеп бара жатыр.

 - Мысалы, 2005 жылы бюджетке түскен салық жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құраса, соңғы жылдары 12-13 пайыздан аспайды. Біз соңғы жылдары әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше екпін бердік, соның арқасында аз қамтылған топтарды қолдауға кең жол ашылды. Биыл республикалық бюджеттің шығысы 25,7 трлн теңге болса, соның 9,6 трлн теңгесі немесе 40 пайызға жуығы, ал жергілікті бюджеттен бөлініп отырған 15,5 трлн теңгенің 54 пайызы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталады. Дегенмен соңғы кезде қалыптасқан жағдайға байланысты мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражаты жеткіліксіз бола бастады. Соның салдарынан мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызы жыл сайын өсіп жатыр. Қарызға өмір сүрудің қауіпті екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы жағдайды жан-жақты талқылай келе Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен салық кодексін жетілдіру мақсатында соңғы екі жылда үлкен шаралар атқарып келеді, - дейді ол.

Одан әрі спикер қосылған құн салығы шегін көтеру мәселесін көтерді. 

- ҚҚС 12 пайыздан 16 пайызға көтеру көзделіп отыр. Алғашында қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеріп, әлеуметтік салықты айналымнан алып тастау ұсынылды. Мен де сарапшы ретінде осы ұсынысты қолдағаным рас, оның бірнеше себебі бар. Ең бастысы біз болашақты ойласақ, бюджет кірісін толтырудың бірнеше жолын ұдайы назарда ұстауымыз қажет. Қосылған құн салығы республикалық бюджетті толтырудың ең жақсы, фискалдық құралдардың бірі. Өйткені әкімшілік тұрғыдан алғанда өзін бақылау элементін қамтиды. Мысалы, қосылған құн салығын төлейтін компаниялар серіктестерінің де салықтың осы түрін толық мөлшерде төлегенін қалайды. Екіншіден, қосылған құн салығы сыртқы сауда айналымын реттеудің бірден бір тиімді құралы. Мысалы, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасын алайық, Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз, шетелден келетін импорттың 40 пайызға жуығы осы елдің үлесіне тиесілі. Екі мемлекетте ортақ кеден аймағына кіреді, демек екі мемлекет арасында тауар алмасу кедендік баж салығынсыз атқарылады. Ресей экономикасының әлеуеті бізге қарағанда анағұрлым күшті, сол себептен біздің нарықта ресейлік тауарлар басым, көптеген отандық өндірушілер осы жағдайға байланысты ресейлік кәсіпкерлермен бәсекеге түсудің қиын екенін ескере отырып, құзырлы органдардан ішкі нарықты арнайы техникалық нұсқаулықтар орнату арқылы қорғауды талап етіп жатады. Бұл мәселені реттеудің бірден бір жолы біздегі қосылған құн салығын Ресейдегі жағдаймен теңестіру, Ресейде 20 пайыз, ал бізде 12 пайыз. Осы алшақтық Ресей кәсіпкерлеріне бәсекелестікте басымдық береді, өйткені Ресей өндірушілері ҚҚС-тан босатылады, ал біз келген заттарға 12 пайыз мөлшерде салық саламыз, осылайша олар 8 пайыз басымдыққа ие болады. Сондықтан қосылған құн салығының бірдей болуы аса маңызды, - деп толықтырды Ж.Құлекеев.

Одан бөлек, сарапшы қосылған құн салығы шегі артса, қымбатшылық болатынын да жасырмады. 

- Қосылған құн салығы жанама салық, сондықтан басқа салықтардың құны өзгермейінше, оның ауыртпалығы толығымен тауар сатып алушылар мен қызмет тұтынушылардың мойнына түседі. Осы жағдайды ескере отырып, Үкімет еңбекақы қорынан ұсталатын және өндірілген тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына кіретін әлеуметтік салықты жоспарлаған болатын, өкінішке қарай бұл ұсыныс қолдау таппаған секілді. Жалпы мен Үкіметтің салық және бюджет реформасына байланысты жоспарлап отырған іс әрекеттерін қолдаймын, - деп түйіндеді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow