Желіні шулатқан пост: Командирі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан жігіт көмек сұрайды
Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде қазақстандық қолданушының жан түршігерлік жазбасы үлкен талқылау тудырды. Жас жігіт анонимді парақшасынан әскерде болған кезінде командирі тарапынан көрсетілген интимдік сипаттағы қысым мен қорлық туралы ашық айтты. Бұл туралы Sadaq.kz хабарлайды.
Автордың айтуынша, ол осы уақытқа дейін бұл сұмдықты ішінде сақтап келген. Алайда, әскерден кейінгі психологиялық соққы мен іштегі мазасыздық оны осы қадамға итермелеген. Жазбада ол командирінің оны түн ортасында шақырып алып, күш көрсеткенін және ар-намысына тиетін әрекеттерге барғанын егжей-тегжейлі баяндаған.
Бұл оқиғаның ең резонансты тұсы — автор барлық оқиғаны жайып салып, зорлық көрсеткен адамның атын ашық жариялады.
"Менің қолымда қазір дәлел жоқ, бірақ оның есімі — БЕРІК. Оның жоғары жақта таныстары бар сияқты," — деп жазды автор.
Бұл пост Threads желісінде 2,7 мыңнан астам пікір жинап, қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болды. Көптеген қолданушылар бұл жағдайдың тек бір адамның қасіреті емес, жүйелі мәселе екенін айтты. Мұны оқыған жас жігіттер армияға бармайтнын жазса, аналар ұлдарын жібермейтінін жазуда.
Қазіргі жағдай: Аңду мен елден кету
Жігіт жазбамен бөліскеннен кейін, келесі күні бейтаныс нөмірлерден толассыз қоңыраулар түсе бастаған. Қоңырау шалғандар оның аты-жөнін атап, тіркеудегі (прописка) мекенжайын сұраған. Бұл автордың жеке деректерінің (ИИН, телефон нөмірі) тиісті органдар немесе «Беріктің» таныстары арқылы табылғаны туралы күмән тудырады.
Автор заңгермен байланысқа шыққаннан кейін оған психологиялық қысым көрсетіле бастағанын хабарлады. Оның айтуынша, жалдамалы пәтерінің есігін белгісіз адамдар 15-20 минут бойы қағып, мазасын алған.
Жігіт өзіне Қазақстанда қалу қауіпті екенін сезіп, бірнеше айға шетелге кетуге шешім қабылдады. Өмірін сақтап қалу үшін ол оқырмандардан жол шығындары мен қауіпсіз жерге орналасу үшін қаржылай қолдау сұрады.
"Мен тірі қалғым келеді! Ол жақта оның мықты байланыстары бар" — деп жазды ол соңғы жазбасында.
Оқиғаның мұндай қарқынмен өрбуі Threads қолданушыларын екіұдай ойға қалдырды. Көптеген адамдар бұл жағдайды Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауға алуын талап етуде. Сонымен қатар, желіде бұл оқиғаның жалған болуы мүмкін екенін айтып, оны ақша жинау үшін жасалған әрекет деп күмәнданатындар да табылды.
Sadaq.kz редакциясы автордың амандығына тілектес және бұл істің заң шеңберінде шешілуін бақылайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0