Президентті сотқа берді: Белсенді жаңа Конституция бойынша референдум өткізуге қарсы
Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстінен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арыз түсірді. Белсенді мемлекет басшысының 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумды тағайындау туралы жарлығын заңсыз деп тануды талап етеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ильяшевтің пайымдауыша, 2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 жарлық пен референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасы қолданыстағы заңнамаға, соның ішінде «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңға түбегейлі қайшы келеді. Ол заңның 3-бабына сілтеме жасай отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын мәселелердің бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылуына тыйым салынғанын алға тартады.
«Жоба бойынша Құрылтай депутаттарын тек саяси партиялардың тізімі арқылы сайлау — азаматтардың Парламентке өзін-өзі тәуелсіз ұсыну құқығын жояды. Бұл қолданыстағы Конституцияның 33-бабына қайшы».
Сонымен қатар, шағым иесі жаңа реформалар мемлекеттің іргелі принциптеріне нұқсан келтіреді деп есептейді. Ильяшевтің пікірінше, Президенттің бұл қадамы оның халыққа берген антына және конституциялық идеалдарға деген құрметсіздігін көрсетеді.
«Бұл жарияланған жоба конституциялық құқықтарды айтарлықтай бұзады және мемлекеттің негізгі жұмыс принциптерін өзгертеді. Мұндай қадам жауапты тұлғалардың құзыретсіздігін немесе Ата Заңда бекітілген идеалдарды менсінбеуін көрсетеді».
Сот белсендінің әкімшілік талап арызын тіркеді. Ильяшев соттан 2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 жарлықты толығымен заңсыз деп тануды сұрап отыр.
Еске сала кетейік, 15 наурызда өтетін референдумда халыққа жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі дауысқа салынады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0