«Голодомор» емес, «голод»: Астанада ашаршылық құрбандарына арналған тақтадағы сөз өзгертілді

Астанада ашаршылық құрбандарына арналған тақтадағы «голодомор» сөзі «голод» деп өзгертілді. Бұл туралы Threads-те «Қызыл отау» деген парақша жазды. Белсенді Әлімжан Ізбасаровтың жеке шағымы бойынша голодомор сөзді голод деп өзгертілді, деп хабарлайды sadaq.kz сайты Orda.kz-ке сілтеп.
«Голодомор» сөзі қолдан жасалған ашаршылықты білдірсе, «голод» сөзі аштық, яғни ашаршылықтың сол кезеңде кісі қолынан емес, жағдайларға қарай болғанын білдіреді.
«Голодомор – Кеңес үкіметінің қасақана халықты ашаршылық арқылы қырып тастауын білдіретін, шындыққа еш қатысы жоқ үгіт-насихаты... Біз ашаршылықты және оның құрбандарды жоққа шығармаймыз. Бірақ мұның әдейі жасалғанын немесе толығымен Кеңес үкіметінің кінәсі екенін жоққа шығарамыз», — дейді жазба авторы.
Facebook қолданушысы Дастан Абдырахманұлы бұл пікірге түбегейлі қарсы.
«Бұл қисынсыз әрекет қазақ тарихының мәнін бұрмалау, халыққа жасалған қасіреттің саяси табиғатын жасыру. Аштық қазақ халқына табиғаттан емес, солақай саясаттан келгенін бүкіл әлем біледі. Сондықтан аталмыш тарихи шындықты бұрмалау һәм ұлттық жадқа қиянат», — деді ол.
Дастан Абдырахманұлы қала әкімдігінен тарихи атауды өзгерту кезінде кәсіби тарихшылар мен қоғам өкілдерінің пікірін ескеруді, «Голодомор» деп қайта жазуды талап етті.
«Голодомор дегеніміз қолдан жасалған аштықтың тарихи атауы. Яғни, қазақ жерінде 1931-1933 жылдардағы ашаршылық сталиндік ұжымдастыру, малды тартып алу, көшпелі тұрмысты жою саясатының нәтижесі. Қазақ халқының жартысына жуығы аштан қырылып, босқын болуы нағыз “голодомор”. Бұл тарихи қасірет әлемдік тарихнамада және отандық ғалымдардың еңбектерінде “Голодомор” деп мойындалған», — деді Дастан Абдырахманұлы.
Сіздің реакцияңыз қандай?






